Жоба идеясы алғаш рет ҚХА-ның XXVI сессиясында көтерілген болатын. «Қазақтану» жобасының негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту. Сондай-ақ аталмыш жоба Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған.
Іс-шараға ҚХА мүшелері, еліміздегі жетекші институттардың ғалымдары, қоғам қайраткерлері, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, мемлекеттік органдар, республикалық жастар бірлестіктері, жоғары оқу орындары, Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері мен ҚХА кафедраларының өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко аталған жоба халықтар арасындағы бірлікті нығайтуды көздейтінін атап өтті. «Біз қазақтың басын қосқан қасиетті Абылай хан алаңында ҚХА-ның қолдауымен жүзеге асатын ғылыми-ағартушылық «Қазақтану» жобасының тұсаукесер рәсімін өткіздік. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орындалатын бұл жоба қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын насихаттауға бағытталған. Жобаның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымыз негізінде халық бірлігін одан әрі нығайту және елдегі тұрақтылықты сақтау. Сондай-ақ қазақ халқының ұлттық құндылықтарына айналған қонақжайлылық, сенім мен достық сияқты қасиеттерді дәріптеу арқылы жастардың бойына елжандылық сезімін сіңіру. Жоба аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Осыған орай республикалық деңгейде Қазақстан халқы Ассамблеясы лекторийін бастап кеттік. Ол еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылып, біздің лекторларымыз аудандар мен шалғай ауылдарға барады», деді ол.
Өз кезегінде сөз алған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мүсірәлімова жобаның басталуымен құттықтады. «Біз бүгін үлкен бір тарихи сәттің куәгері болып отырмыз. Осындай ұлтымыз үшін аса маңызды жобаның тарихи алаңнан бастау алуы да тегін емес. «Қазақтану» қазақ халқының мәдениетін, төл өнерін, тарихын зерделеп, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бағалы жобалардың бірі болады деп сенемін», деді А.Мүсірәлімова.
Осы жобаның алғашқы қадамдарының бірі ретінде Абылай хан алаңында Леонид Прокопенко кішкентай Мұхаммедтің тұсауын кесіп, бата берілді. Сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын түсініп, насихаттау үшін белсенді түрде жастарды тарту – жобаның негізгі міндеттерінің бірі. Осы орайда ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының атқарушы директоры Тимур Жұмырбаев жобаның жастар үшін де үлкен маңызға ие екеніне тоқталды. «Жоба жастарымыздың еліміз тарихы мен мәдениетіне жете үңіліп, терең түсінуіне көмектеседі. Осы орайда мектептерде және жоғары оқу орындарында қазақ мәдениетінің, ғылымы мен өнерінің жарқын өкілдері туралы пікірталастар өткізіліп, тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырылады», деді ол.
Осы орайда «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиев «Қазақтану» жобасына ғылыми-зерттеу орталығы өз қолдауларын білдіретінін айтты. «Бұл жоба Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманистік және адамгершілік принциптерін дәріптейді. Еліміздегі әрбір ұлт пен ұлыс өкілдері Қазақ елінің тарихын, мәдениетін, тілін білсе, бұл еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайта түседі. Бұл – тұрақтылықтың басты кепілі. Ал қазақ мемлекетті құраушы ұлт болуы қажет. Сондықтан біз еліміздегі бейбітшілікті сақтап, елімізді одан әрі дамыта түсуіміз керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен жүзеге асатын «Қазақтану» жобасы да оcы мақсатты көздейді», деді Б.Әбдіғалиев.
Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяған Ассамблеяның бастамасымен жүзеге асып отырған «Қазақтану» жобасы «біз қайдан шықтық, қайда барамыз» деген ұлт үшін аса маңызды сұраққа жауап іздейді дейді. «Бұл өз кезегінде барша қазақстандықтарға қазақ мәдениетінің, тарихының, философиясының біріктіруші күші – қазақ халқының құндылықтары жөнінде түсінік беру үшін жасалуда», деді Б.Аяған.
Сонымен қатар қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша өткізілетін республикалық лекторий аясында ғалымдар мен сарапшылар «Қазақстанның қасиетті географиясы», «Жидебайдың жұлдызды даласы», «Шығыстың рухани керуені», «Қазақ тілінің ұлттық корпусы», «Ақмола облысының тарихи топонимикасы», «Рухани жаңғыру шеңберіндегі Қазақтану мәселесі», «Қазақстантану және қазақтану: ұғымдардың арақатынасы» тақырыптары бойынша баяндамалар оқыды.
Жоба шеңберінде жүзеге асатын «Жер тарихы – ел тарихы» экспедициясы мен «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» жобалары еліміздің әрбір өңірін қамтиды. Жоба барысында мақсатты аудитория мен ортақ міндеттерді ескере отырып, іс-шаралар өткізудің жаңа, стандартты емес түрлері мен әдістері пайдаланылады. Осы орайда жас қазақстандық ойшылдарды, әдебиетшілерді, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымды, сондай-ақ Қазақстан этностары өкілдерінің ішінен қоғамдық пікір лидерлерін іс-шараларға қатыстыру көзделген. «Қазақтану» жобасы аясындағы алғашқы іс-шаралар легі Көкшетау, Щучье, Зеренді қалаларында жалғасын тапты.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»