Әлем • 25 Маусым, 2018

Бауырлас Түркия халқы таңдауын жасады

546 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркиядағы сайлау мәресіне жетті. Дауыс беру қорытындысы бойынша, қазіргі президент Реджеп Тайип Ердоған қайта сайланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас елдің басшысын жеңіске жетуімен құттықтады.

Бауырлас Түркия халқы таңдауын жасады

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, Р.Ердоған 52,55 пайыз қолдауға ие болған. Ал оппозицияның басты өкілі Мухаррем Инже 30,79 пайыз дауыс жинады. Халықтың Демократия партиясы басшысы Селехаттин Демирташқа электораттардың 8,36 пайызы дауыс берген.

Айта кету керек, елдегі аймақтардың басым бөлігі қазіргі президент Р.Ердоғанды қолдаған. Әйтсе де, Измир, Чанаккале, Адырна секілді батыс өңірлер М.Инжеге көп дауыс берсе, Диярбакыр секілді шығыс аудандар С.Демирташты таңдаған.

Сайлау қорытындысы жариялана сала Р.Ердоған халыққа үндеу жариялап, өзін қолдағандарға алғысын жеткізді. «Түркия демократияның сынағынан тағы да өтті. Сондай-ақ біз әлемге үлгі боламыз. 16 жыл бойы Түркия соғыс үшін емес, қызмет үшін дауыс берді. Көздеріміз бен құлақтарымыз тағы да халыққа қызмет етеді. Ертеңнен бастап сайлау науқаны кезінде берілген уәделерді орындауға кірісеміз», деді Р.Ердоған.

Дауыстарды санау тікелей эфирден көрсетіліп, Anadolu Agency санақ мәліметтерін жариялап отырды. Берілген дауыстардың 70 пайыздан астамы саналғаннан кейін Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан алғаш болып Р.Ердоғанды сайлауда жеңіске жеткенімен құттықтады.

Бұл – конституциялық референдумнен кейін өткізіліп отырған алғашқы сайлау. 2017 жылы Түркияда референдум өтіп, халықтың 51 пайызы президенттің басқару жүйесін жақтап шыққан еді. Аталған реформаға сәйкес, елдегі премьер-министрлік басқару жүйесі президенттік болып өзгеріп, парламенттегі депутаттар саны ұлғайды. Сондай-ақ президентке министрлер, вице-президент тағайындау, төтенше жағдай енгізу секілді бірқатар уәкілеттік берілді.

Сонымен қатар Түркияда парламенттік сайлау өтті. Оның қорытындысы бойынша, «Әділет және даму» партиясы 42,49 пайыз қолдауға ие болып, парламенттегі 293 орын бұйырды. Ал олармен альянс құрған «Ұлттық қозғалыс партиясы» 11,13 пайыз дауыс жинады. Олардың еншісінде 67 депутат бар. Осылайша, «Халықтық альянс» парламентте басымдыққа ие болды. Бұдан бөлек, Ұлттық альянсқа кіретін «Республикалық халық партиясы», «Жақсы партия» және «Бақыт» партиясы 34,04 пайыз дауыс жинады. Ал дауыс берушілердің 11,67 пайызы «Халықтық демократиялық партиясын» қолдаған. Нәтижесінде кейінгілері парламентке 67 депутат ұсынуға мүмкіндік алды.

Сарапшылар сайлауда сенсацияның болмайтынын әу баста-ақ айтқан еді. Реджеп Тайип Ердоғанның екінші рет президенттікке сайланатынын көптеген басылымдар болжады. Мұның өз себебі бар. Өйткені, үгіт-насихат науқаны кезінде оны қолдайтындардың саны елу пайызға жуықтап, жүргізілген сауалнамалар қазіргі президенттің айқын басымдыққа ие екенін анық көрсетті.

Ел аумағындағы сайлау учаскелері жексенбі күні таңғы сағат сегізде түгел ашылды, ал шетелдегі Түркия азаматтары 19 маусым күні өз таңдауын жасап қойған еді. Дауыс беру Түркия уақытымен кешкі сағат 17.00-де (Астана уақытымен 20.00-де) аяқталды. Жалпы, Түркияда 60 миллионға жуық электорат бар. Биылғы сайлауға соның 87,1 пайызы қатысқан.

Биылғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – алғаш рет елде оппозициялық тарап үлкен қолдауға ие болды. Мұны көптеген бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жазды. Мәселен, BBC арнасының Түркиядағы тілшісі Марк Лоуэн өткен жексенбіні «президент үшін ақырет секілді болды» деп есептейді.

Жалпы, бауырлас түрік еліндегі сайлау демократиялық қоғамның барша талаптарына сай өтті деп кесіп айтуға толық негіз бар. Түркиядағы сайлауға барған еліміздің бақылаушылары да дауыс беру барысында ешқандай заң бұзушылық байқамағанын мәлімдеді.

Естеріңізде болса, 2016 жылы елде төңкеріс ұйымдастыруға талпынған еді. Соны ескерген ел билігі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 531 мың күштік құрылым қызметкерін жұмылдырған. Түркия Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, сайлау кезінде ешқандай оқыс оқиға болмаған. Тіркелген 362 бұзушылықтың басым бөлігі ауыз толтырып айтуға келмейді. Мәселен, соның 100-ге жуығы азаматтардың сайлау бюллетенін суретке түсіруіне қатысты.

Anadolu Agency-дің деректеріне сүйенсек, елдегі сайлауға әсер етуге талпынған 10 шетелдік ұсталған. Оның үшеуі – француз, үшеуі – неміс, қалғаны италиялық екен.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»