Бағдарламалар • 25 Маусым, 2018

Сарапшылар кеңесі Семейге барды

425 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілген «Туған жер» бағдарламасына үлес қосу үшін Шығыс Қазақстан облысы Семей – Қалбатау – Ақсуат бағыты бойынша арнайы автоэкс­педициямен жолға шыққан Президент Әкімшілігі жанындағы рухани жаңғыру мәселелеріне орай құрылған сарапшылар кеңесінің мүшелері мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ұжымының белгілі ғалымдары және жастары Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласына барды.

Сарапшылар кеңесі Семейге барды

Экспедиция мүшелері әуелі Семей қаласындағы Қазақ иннова­циялық-гуманитарлық заң университетінде Қазақстан Республикасы Прези­ден­ті жанындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның Орталық сараптама кеңесінің көшпелі мәжілісіне қатысты.

Сараптама кеңесінің көшпелі мәжілісі өңірлік жобалау кеңселері мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы өзара байланысты жақсартуға, Шығыс Қазақ­стан облысында бағдар­лама аясында іске асырылатын жобалардың сапасын арттыру бойынша ұсыныстарды талқылауға, сонымен қатар өлкетану бойынша оқулықтар әзірлеу, бас­падан шығару, материалдық және материалдық емес мәдени ескерткіштер реес­трін қалыптастыру тәжірибесін қолда­нысқа енгізуге бағытталды.

Көшпелі мәжіліске ЕҰУ прорек­торлары Дихан Қамзабекұлы, Серік­жан Қанаев пен Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, әнші, профессор Кенжеғали Мыржықбай, тағы басқа сарапшы-ғалымдар, өңірдің ғылыми-педагогикалық қауымы қатысты.

Жиында Шығыс Қазақстан облысы іш­кі саясат басқармасының басшысы Нел­ли Краснобаева өңірде «Рухани жаң­­ғыру» бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндады.

Жиынға қатысқан зиялы қауым «Қазақ­станның киелі орындарының гео­графиясы» республикалық және өңірлік жобалары туралы құнды ойларымен бөлісті.

Баяндамаларды талқылау барысында сарапшылар сапалы жобаларды іріктеу бойын­ша бірнеше ұсыныстар мен ұсынымдар берді. Олардың ішінде белгілі ғалым Арап Еспенбетов Абайдың әкесі Құнанбайдың есімі «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» республикалық және өңірлік жобаларының тізіміне енгізілмей қалғанын қынжыла айтты. Сондай-ақ «Рухани жаң­ғыру» ғылыми-зерттеу институтының ди­рек­торы Ерлан Арын, ЕҰУ ғалымдары Се­рік­зат Дүйсенғазы мен Ерлан Сайлаубай айт­қан құнды ойлар мен маңызды мәселелер де көпшіліктің көңілінен шықты.

Көшпелі мәжіліс аясында Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков сөз алып, Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң уни­верситетінің ректоры Шырын Құрман­баеваға Елтаңбаның жаңа нұсқасын табыс етті.

Сапар әрі қарай жалғасып, астаналық меймандарды Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыды­қов қарсы алып, ауданға ат басын бұрған Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековке қазақи дәстүрмен тарту-таралғы жасады. Әрі қарай сапарын жалғастырған топ Жармадан кейін Ақсуат ауданындағы жаңадан салынған «Ырғызбай әулие» кешеніне бұрылып, әуелі Құран бағыштап, әулие туралы кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысты.

Кітапта Ырғызбай Досханаұлының ғұмы­ры мен заманы туралы тарихи деректер қалыптасқан канондық зерттеулерден өзгеше, яғни жаңаша сипатта берілген. Әулие заманы туралы сараланған түйінді ой-тұжырымдар тың әрі қызықты және тиянақты дәлел­дерімен тартымды.

Сондай-ақ Ақсуат ауылында «Қазақ күресінен» Ырғызбай Досханаұлы атындағы VI халықаралық турнир және Тарбағатай ауданының орталығында ақындар айтысы  өтті.

Базарбек ТҮКІБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

АСТАНА – СЕМЕЙ – ҚАЛБАТАУ – АҚСУАТ