15 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік тәтті сөз

439 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Көк туым Бұлтсыз ашық аспанымдай көк туым, Ту төрінен елге нұрын төкті күн. Ту төбемде қалықтады қырандай, Қуанбаған қазақ жоқ қой дәл бүгін.   Көз тартады тудан ұлттық өрнегім, Өнерім ғой, өлеңім ғой ол менің. Осы емес пе ашылғаны бағымның, Өшкен жанып, тірілгені өлгенім.   Қандай бақыт өз туымды көргенім, Көрмей кетті қанша сабаз ерлерім. Шат боп тұрып, соларды ойлап қамықтым, Осы жолда төккен қан мен терлерін.   Көтер еңсе, көкке қара ұлы елім, Тәуелсізсің, тумен бірге түлегін. Тоймас көзім өз туыма қараудан Көтеруден талмас әсте білегім.

 

Ата Заңым

«Түбі бір түгел сөздің түп атасы – Майқы би» деп басталған сөздің басы. Шығарған Майқы бидің жарғыларын Қолдаған кезінде елдің кәрі-жасы.   Заң болып «Қасымханның қасқа жолы», Құп алып бүкіл қазақ қостады оны. Шыққанда «Ескі жолы Есімханның» Өрбітпей отаршылдық тастады оны.   Қол жетті ел дербестікке арман қылған, Ата Заң қабылданды халықшыл заң. Тілім тұр онда айтыста әділ жеңіп, Мәртебеге мемлекеттік ие болған.   Қорғалар елім тұтас, жерім бүтін, Қол сұғып ешкім сырттан айтпас үкім. Заңда айқын міндеттерім, құқықтарым, Ақтайтын ел үмітін, ана сүтін.   Қақ жарған қара қылды Ата Заңым, Өзіңнен әр іске ақ бата аламын. Жолыңнан сенің әділ ауытқыса, Кешірім кім де болса жасамағын!  

Астанам

Сарыарқада сән түзеді Астана, Мақтаныш боп кәріге де, жасқа да. Қуана бер кеңпейілді қазағым, Бұның бәрі бізге әлі бастама.   Бір-бірімен тапқан көркем жарастық, Жаңа үйлердің арасында адастық. Өзін-өзі басқарған жас еліме Өз қолымен салған әсем қала ыстық.   Батыс, шығыс үлгісінен таңдалып Салған үйге қараса ел таңданып, – Біткенінен басталғаны ғажап деп Құрылыстар жатыр әлі жалғанып.  

Тыныштық

Тәуелсіздік алған біраз елдердің, Әлі армандап, аңсағаны – тыныштық. Бәрін қазір біздің елге келгеннің, Құшақ жайып қарсы алады тыныштық.   Біздің сәтті әр ісімізді байқаған Достың күдер үзбегені – тыныштық. Көшіп кеткен өзге ұлттардың қайтадан, Оралғанда іздегені – тыныштық.   Алыс, жақын өркендеген елдермен, Сөзіміздің жарасқаны – тыныштық. Бақыт, байлық орнау үшін мәңгілік, Дербестікке ең керегі – тыныштық.   Қаз басқан жас мемлекетті қолдайтын, Қазіргі ең жанашыры – тыныштық. Бәріміздің қызғыштай боп қорғайтын, Көзіміздің қарашығы – тыныштық.   Нұрлы көш Көлікті көш, көрікті көш – нұрлы көш, Көшкен бойы тарихқа кірді көш. Әлемнің әр түкпірінен қозғалып, Бетін атамекеніне бұрды көш.   Шынында бұл көш өзгеден көрікті, Елі-жұрты арнап енші бөліпті. Жер де дайын, сыбағаң да тұр міне, Бұрын-соңды мұндайды кім көріпті?!   Әр облыс, әр аудан, әр ауылда, Жаңа үйлер сап түзеп тұр бауырға. Егін салсаң, аңыз күтер далаңда, Мал өсірсең, өріс әзір тауыңда.   Атына сай бұл көш нағыз нұрлы көш, Сегіз қырлы, шынайы бір сырлы көш. «Қайда барам, не күн көрем» демейді, Туған елі тұрды күтіп ерте-кеш. Жол түзелді, сен де енді түзел көш, Енді әліптің артын бағып түк өнбес. «Ұрпағымнан айырыламын» демесең, Бірің қалмай қопарыла түгел көш!  

Бәйтерек

Көз тартып тұр Бәйтерек, Емес бұл зәулім жәй терек. Ертеден жеткен ертегі Атына заты сай терек.   Ақша бұлтты жамылып, Ұя салған самұрық. Балапан жылда басады Саулығын тілеп қамығып.   Самұрық кетсе жем іздеп, Бір айдаһар жылда кеп, Балапанын қылғуды Жалмауыз жауыз қылды әдет.   Алыстан батыр Дербестік Бұл сұмдықты келді естіп. Айдаһардың басын шапты да Балапанға өмір берді өстіп.   Балапандар аман ұшады, Бәйтерек соның нышаны. Бейбітшілік құрды салтанат, Елге ашық мәңгі құшағы.  

Ақ бата

Елбасымыз алысты көрсін, Ел-жұртымыз табысты болсын. Қыздарымыз сұлу, Ұлдарымыз намысты болсын!   Көршілеріміз тыныш болсын, Таңдағанымыз жұмыс болсын. Малымыз төлдеп, егініміз көктеп, Дастарқанымызға ырыс толсын!   Нарық қалтаны қақпайтын болсын, Теңгеміз теңдік сақтайтын болсын. Қазақстанның барлық азаматтары Қазақша сөйлеп, алға аттайтын болсын!   Банктер де теңгені топтайтын болсын, Сыбайлас жемқорлық тоқтайтын болсын. Ұлт араздығы ешқашан болмағанындай Дағдарыс та бізге соқпайтын болсын!   Балаларымыздың бағы жансын, Қалаған білімін алсын. Тілін, дінін, дәстүрін біліп, Он саусағынан өнері тамсын!   Мәдениетіміз мәнді болсын, Тұрмысымыз сәнді болсын. Бәрін айт та бірін айт, Дербестігіміз мәңгі болсын! Оразақын Асқар, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты. Алматы.