Жаз қызығына енген жұрт әуелгіде саябақтар мен субұрқақтар маңына қойылған кітап сөрелерін тамашалауға келсе, қазір тұрақты оқырманға айналып, іздеген туындыларын таңдап оқиды. Оқырман қажетін өтеуге бел шеше кіріскен басқарманың қызметкерлері арнайы сауалнама жүргізіп, тұрғындарды қызықтыратын әдебиеттер тізімін жасапты. Нәтижесінде, Талдықорған қаласы мен облыстың Алакөл, Балқаш, Ескелді, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Талғар, Ұйғыр аудандарының тұрғындары үшін ашық кітап сөрелері ұйымдастырылып, оларға қазақ және шетел классиктерінің шығармаларымен қатар танымдық-психологиялық кітаптар қойылды.
– Қазір әлем бойынша кітап оқитындар саны азайды деген дерек бар. Бұл технологиялық прогрестің ықпалы шығар. Бірақ адамдар мүлдем кітаптан бас тартты деуге болмас. Оқырманға жағдай жасау керек. Осы мақсатта буккроссинг форматы кең қолданысқа еніп жатыр. Бұл «кітап айналымы, оқырмандардың өзара кітап алмасуы» деген ұранмен жұмыс істейтін жоба. Біз де екі жыл бойына «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты шара ұйымдастырып келеміз. Нәтиже жаман емес. Өткен жылғы есеп бойынша 792 адам оқыған кітаптарын өзара алмасқан. Ал саябақтарда отырып кітап оқитын адамның саны төрт жүз жиырма адамға жетті, – дейді Алматы облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев.
Биыл да жалғасын тапқан жобаны күтіп жүргендердің дені балалар екен. Талдықорған қаласындағы Қаратал өзенінің жағалауындағы демалыс орнына бара қалсаңыз, ашық кітап сөресінен таңдаған кітабын алып, құныға оқып отырған жасөспірімдерді кездестіресіз.
– Біздің мамандар оқырмандар арасында сауалнама жүргізіп, қандай тақырыптағы туындыларға сұраныс барын зерттеп көрді. Басқарма көпшілікті қызықтырған кітаптарға қаржы бөлді. Қазір алынған кітаптар қолжетімді сөрелерде тұр. Шараға оқырмандар ғана емес, кітап сыйлаушылар да белсене атсалысуда. Талдықорған қаласының тұрғындары тарапынан 56 кітап сыйға алдық. Биыл жоба аясы кеңейді. Аудан орталықтарындағы көрнекі жерлерге ашық кітап сөрелерін қойдық. Қапшағай, Текелі қалаларының көшелерінде де оқырмандарға арналған кітап сөрелері ашылды, – деді бізге басқарма басшысы Айдар Башбаев.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы