Сол сәтте есіме неке жүзігіне қатысты тағы бір танысымның мистика сияқты әңгімесі сап ете қалғаны. «Тоқта, тоқта» дегенімді дудырап қалжыңдасып отырған достарымыз аңғармады-ау деймін, әрі қарай әдеттегідей, бір-біріне дес бермей сөйлесе берді.
Олардың сөре ақтарып, қағаз қопарып кеткен менде шаруалары жоқ.
...Сонымен Барбара Керр дейтін ғалым бастаған Канзас университетінің психологтары көп жыл бойы бақытты деген отбасыларды бақылай келе, төмендегідей тұжырымға тоқтаған. Ендеше некеде бақытты болудың бес шарты мынадай.
Кешке бәрі дастарқанға жиналады
Әдетте, бақытты отбасының әрбіреуі ешкім айтпай-ақ, кешке қарай үйге асығатын көрінеді. Олар тамақ іше отырып, күні бойы көрген-білгендерін айтады, әңгімелеседі. Қандай да бір ортақ мәселелер болса, дастарқан басында айтылады. Келесі күннің жоспары құрылады. Отбасы мүшелерінің біреуінің басында қиындық туса, бәрі бірге қолдау білдіріп, жұбатып, тығырықтан алып шығудың жолдарын қарастырады.
Байқасаңыз, бұл Юнгтің тұжырымына да сәйкес келеді. Отбасы дегеніміз – кішігірім терапиялық топ. Күн сайын кешкілік дастарқан басында тоғысу арқылы, ең жақын адамдардың қолдауы мен қамқорлығын сезіну неміс психоаналитигі Берт Хеллингердің тұжырымдамасына сәйкес келеді.
Бәрі еңбек етеді
Бақытты отбасылардың барлық мүшелері жұмыс істейді. Мұндай үйде төбеге шырт түкіріп, өзгелердің жүйкесін жұқартатын жатыпішер жоқ. Әрқайсысының айналысатын тірлігі, қызығатын ісі бар. Ерлі-зайыптылардың екеуі де үйге табыс әкеледі. Бұл жерде әйелі мен күйеуінің экономикалық дәрежесі мен табыс деңгейі маңызды емес. Яғни, әлеуметтік баспалдақта бәсекелесіп жатқан адам жоқ. Яки, бақытты сезіну деңгейі әлеуметтік деңгейге тәуелді емес. Ең бастысы, отбасы мүшелері бірін-бірі құрметтейді, бағалайды, сыйлайды. Жоғарыда айтып өткендей, кешке дастарқан басына жиналғанда айтылатын әңгіме табылады.
Оңаша қалуға мүмкіндік бар
Отбасында бақытты адамдар өмірде осындай жақындарының бар екеніне тәубе айтса да, оңаша отырып ой шомғанға, демалғанға не жетсін?! Демек, әрбір адамның өзінің жеке кеңістігі болуы керек. Бақытты отбасылар бір бірінің, тіпті отбасының ең кішкентай мүшесінің де жеке кеңістігін сыйлайды. Әрине әлеуметтік мәселе әртүрлі мұқтаждықтарды тудырады. Сондықтан әсіресе барлық кезде қаладағы тар пәтерлерде тұратын отбасы мүшелерінің бас-басына жеке бөлме қайдан болсын. Алайда үйде тыныштық сақтауға болатын бір бөлме болуы керек. Әсіресе жұмыстан қалжырап келген отағасы оңаша ойланып, кітап оқып, газет ақтарып жататын орын ауадай қажет. Бала-шағаңды қанша жерден жақсы көріп тұрсаң да, кейде олардың у-шуы мен еркелігін көтере алмайтын кездер болады. Ал психологтар мұны «апан» деп те атайды. «Апанды» ер адамдар көбірек қажет етеді.
Мына қызықты қараңыз, Кеңес өкіметінің тұсында пәтерлер құрқылтайдың ұясындай тар етіп салынғанын білеміз. Ол да бір астары терең қитұрқы саясат қой. Ерсілеу болса да, жалғандығы жоқ. Кеңестік заманның еркектері оңашаланатын орын әжетхана болған ғой. Кей азаматтар сол інінде отырып, үздіксіз айналып жатқан кіржуғыш машинаның әйнегіне қарап отырғанды жақсы көретіндіктерін мойындайды.
Сол сияқты, әлмисақтан ер адамдар отқа ойсыз қарап отырғанды жақсы көрген. Осылайша, ойсыз бір нүктеге қадалу кәдімгідей демалдырады. Айтқандай, теледидар мұндай медитация көзі бола алмайды екен. Демек, медитация нысаны адам миындағы логикалық сол жақ жартышарды уақытша өшіріп, тыным беретін мағынасыз болуы керек.
Қатаң тәртіп жоқ
Ал некеде бақытты болудың төртінші құпиясы мынадай. Ең бастысы бақытты отбасында еркіндік бар. Ал бақытсыз үйде азаттықтың ауасы сезілмейді. Мұндай үйлерде қатып қалған бір қатаң тәртіп жоқ. Жанұядағы қарым-қатынас күрделі болған сайын ол отбасы мүшелерін алыстатып, шекара сызығын қалыңдата бермек. Өйтпе-бүйтпе, деп бірін бірі қажай берген жандар қалай бақытты болмақ? Отырса опақ, тұрса сопақ көретін адамдар бірін-бірі сүйетініне де сену қиын.
Жақсы көретін адамдар ғана бір бірінің кемшіліктерін аса байқай бермейді. Шындығына келгенде, жек көретін адамыңның жәй ілініп тұрған түймесінің өзі де жынға тиеді.
Қысқасы, бақытты некеде қасаң қағида, болмайтынды болдыр дейтін қатаң талап жоқ. Отбасы мүшелерінің бір-біріне қарым-қатынастары жеңіл. Қандай мәселе туындаса да бір-біріне айтудан қаймықпайды, қашқалақтамайды. Ең бастысы, бақытты үйдің адамдары кешке өз шаңырағына қарай асығып тұрады.
Неке жүзігін тастамайды
Міне, біз осы мақаланы жазуға түрткі болған тұсқа да жеттік. Сәтті некеде бақытты жандар қуанышта да, қайғыда да мәңгілік бірге болуға серттескен сәтте саусақтарына салған жүзіктерін өле-өлгенше тастамай тағып жүреді. Мәселен, Альберт университетінің тағы бір зерттеушісі Эндрю Харрел екі мыңнан астам жұпты зерттей келе, осындай қорытындыға келген.
Оның пайымдауынша, неке жүзігін тағып жүретін ата-аналар бала тәрбиесімен да табысты айналысады. Және мұндай ерлі-зайыптылардың балалары ақыл-ойының дамуы жағынан болсын, сабақ үлгерімі жағынан болсын, өз тетелестеріне қарағанда әлдеқайда озық тұрады екен. Осындай отбасында өскен балалар ауру-сырқауға сирек ұшырайды. Жамандықтарға да аз душар болады.
Мәселе мынада. Неке жүзігін таққысы келмейтіндер – психологиялық тұрғыдан келгенде әлі де өзінің отбасылы екендігін толық мойындамайтындар. Мұндай адамдар жауапкершілік жүктеуден қашып тұрғанынан өздері түйсінбесе де, сәби мұны іштей бәрібір сезіп қояды. Оған қоса, неке жүзігінің мәнін бала түсінеді, әке-шешесі бір бірінікі екендігін ұғынып өседі.
Ақиқатында, өмір бойы іздеген жартымды табуда жаңылыспадым дейтін, бірін-бірі шын сүйіп қосылған адамдар үшінші біреуді қайтсін?!
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ