15 Желтоқсан, 2011

«Біздің міндетіміз – Қазақстанды әлемге насихаттау»

590 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Йылдыз ДОҒАН – Отанымызға табан тіреген түрік жігіті. Қазақстанға 1995 жылы қоныс аударған. Қазір Астанада тұрады. Түркиядағы «Жиһан» ақпараттық агенттігінің еліміздегі өкілі. – Йылдыз мырза, ең алдымен өзі­ңіз, өмірбаяныңыз жайлы бір-екі ауыз әңгі­мелеп берсеңіз. – Мен 1974 жылы Түркияның Карс қала­­сында дүниеге келдім. Әке-шешем ауыл­­да тұрады. Фермамыз бар. Мал ұс­тай­ды, егін егеді. Отбасында 3 баламыз. Ағам және інім бар. Ағамның маман­дығы тарихшы. Інім – географ. – Қазақстанға келуіңізге не түрткі болды? – Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алар алдында Түркиядағы мектептерде түрік мем­лекеттері туралы көп оқытатұғын. Екі мемлекет арасында студенттер алмасу бағытындағы бағдарламалар да біздің қы­зығушылығымызды оятты. Менің де бұ­рынғы ата-бабаларымыздың жеріне барып, көрсем, оқысам деген арманым­ның бол­ғаны рас. 1995 жылы Қазақстан жеріне осы бір ізгі арманымның жетегімен келдім. Өскемендегі Шығыс Қазақ­стан мемлекеттік университетінің ағыл­шын тілі факультетіне оқуға түстім. Сол жылдары Қазақ-түрік лицейінде тәрбие­ші болып жұмыс істедім. 1998 жылы университетті тәмамдап, сол жылы Аста­надағы ұл балаларға арналған қазақ-түрік лицейіне ағылшын тілі маманы болып жұмысқа орналастым. 1998 жылдан 2003 жылға дейін лицейде жұмыс істедім. Қазақстанда Достық білім беру орталығы бар. Осы орталықта 2003-2006 жылдар аралығында қызмет атқардым. Кейін 1 жыл Алматы қаласына барып, бастауыш мектепте Түркияның балаларын оқыт­тым. Бір жылдан кейін, 2007 жылдары Астанаға қайта оралып, Елбасымыз ашқан «Нұр Орда» халықаралық мектебінде директор болып жұмыс істедім. – Қазақстанға барам деген ниеті­ңізге алғаш ата-анаңыз қалай қарады? – Әрине, басында қарсы болғаны рас. Әке ғой. Көрмеген, білмейтін елге қалай барады деген ой болған да шығар. Бірақ, өткен жылы әкем Қазақстанға алғаш рет келді. Өзімнің оқыған университетіме апардым. Қазақстанға алғаш табан тірегендіктен, оған өте ұнады. Алған әсері де жақсы болды. Ал анам әлі Қазақстанды көрген жоқ. – Бүгінде Түркияның «Жиһан» агенттігінің Қазақстандағы өкілі болып қызмет атқарады екенсіз. Енді осы агенттіктің бүгінгі күнге дейінгі тари­хына қысқаша тоқталып өтсеңіз. – «Нұр Орда» лицейінде директор болып жұмыс істегеннен кейін 2009 жыл­дан бері Түркияның «Жиһан» ақпарат­тық агенттігінің Қазақстандағы өкілі болып қызмет атқарып жүрмін. Біздің агенттік 1992 жылы мемлекеттік деңгейде құрылған. Бірақ агенттік ретінде, дүниежүзілік деңгейде 1994 жыл­дан бастап жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда 55 мемлекетте өкілдігі бар. Қазақ­станда өзінің журналисі бұрыннан бар болатын. Бірақ, өкілдік ретіндегі қызметі менің 2009 жылы жұмысқа келуіммен бас­талды. Қазіргі таңда әлемдегі ең үлкен ақпараттық агенттіктермен қарым-қаты­насымыз орныққан. Екіжақты меморан­думдарға қол қойғанбыз. Олардың ішінде Ассошэйтед пресс, РИА-Новости, Қазақ­стандағы «Хабар» секілді агенттіктермен тығыз байланыстамыз. Біз­дің агенттігіміз тарататын материалда­рымыздың басым көпшілігі – бейнематериалдар, деректі фильмдер, фотосуреттер. Сондай-ақ, жазбаша түрде хабарлар таратамыз. Түркиядағы кейбір телеарналарда тапсы­рыстық негізде бағдарламалар түсіріледі. Түркияда 1 мемлекеттік агенттік бар. Қалғандары жеке меншік. Біздің агенттік жеке меншік болып саналады. Түркияның өз ішіндегі және басқа да сыртқы елдердегі өкілдерін қосқанда 2000-нан астам қыз­меткері бар. Біздің Орталық Азиядағы елдердің ішінен Қазақстанды таңдауымыз да көп нәрсені аңғартады деп ойлай­мын. – «Жиһан» агент­тігінің құрылудағы көз­деген мақсаты не? – Бірінші мақсаты – кез келген ақпа­ратты жылдам, өз ойын, пікірін қоспай тура жеткізу. Осындай қасиетіміз үшін қазіргі таңда біздің агенттік деңгейі жағы­нан көш басындағы 3 агенттіктің қата­рында тұр. Яғни, біз нені көрдік, нені естіп, білдік соны оқыр­маны­мыз­ға жазып, жеткіземіз. Бұл біз ұстанатын негізгі қағида. Ал біздің Қазақ­стандағы ұстаны­мымыз басқаша. Біз көп жылдар бойына осы елде қызмет атқарып жатыр­мыз ғой. Сондықтан бұл жердегі міндетіміз – Қазақ­станды халық­ара­лық аренаға дұ­рыс, өз деңгейінде таныс­тыру. Осы елде болған халық­аралық іс-шаралар­ды әлем­ге насихаттау. Бұл мақсатта да бірнеше үл­кен іс-шаралар атқарып жатырмыз. Қа­зақстан жас мемлекет болғаннан кейін, Түркияға белгілі болға­нымен, басқа елдер онша біле бермеуі мүм­кін ғой. Ал біздің осы жерден жіберген ақпараттарымыз тек Түркияға ғана емес, 55 мемлекетке тарайды. Қазақ­станда 2009 жылдан бастап үлкен іс-шаралар өтті. 2009 жылы Елбасымыз Түр­кияға сапарының алдында Түркі әлеміне белгілі Ататүрікке арналған ескерткіштің негізі қаланды. Одан бір жыл өткен соң Абдулла Гүл мырзаның Қазақстанға сапа­рынан кейін де Анкарада Н.Назарбаевтың ескерткіші бой көтерді. Осы жылдар ішінде екі мемлекет басшысы 3-4 рет кездесті. Қазақстан ЕҚЫҰ, Ислам Ын­тымақтастығы Ұйымы саммиттері сынды үлкен іс-шара­лар ұйымдастырып, оларды жоғары дең­гейде өткізді. Біз агенттік болғанымызбен Түркияның өз ішінде бізбен әріптестікте жұмыс істейтін газеттер, журналдар, телеарналар бар. Олар агенттік жіберген ақпа­рат­тарды таратады. 60-тан астам телеарна, 100-ге тарта газет-журналмен бай­ла­нысымыз орнық­қан. Ал Қазақстанның ішінде жүргеннен кейін мұндағы қалыптасқан жағдайға, кез келген шараға оңай сараптама жасай аласыз. Басқа елдермен салыстыра ала­сыз. Бүгінде Астана­дағы өкілдікте 1 журналист, 1 операторымыз бар. Сондай-ақ, Алматыда бір журналист қыз­мет етеді. Бір сөзбен айт­қан­да, «Жиһан» ақ­параттық агенттігі Қа­зақ­стан­дағы жақсы­лық­тарды әлем­ге жақсы дең­­гейде жеткізуді мұ­рат тұтады. Осы­ның бір дәлелі ретінде «Тарих таң­басы» деген фотоальбом түріндегі кіта­бы­мызды айтуға болады. Бұл еңбек 2009-2010 жыл­дар аралығында Қа­зақ­станда болған оқиға­ларды көз алды­ңызға әкеледі. Келер айдың ортасына қарай кітап­тың тұсаукесері болады. Біз мұнда елімізде бол­ған тек саяси оқиғалар­ды ғана емес, мәдениет, спорт саласындағы іс-шараларды да енгіздік. Бола­шақта «Тарих таң­басын» жыл сайын шы­ға­ру­ды көздеп отыр­мыз. – Отбасылық жағдайыңыз туралы айтып берсеңіз. Қазақ қызына үй­ленген екенсіз. – Қазақстанда оқыдық. Көрдік. Ұна­ды. Артынан 1999 жылы Өскеменде үй­лендім. Балалы-шағалы болдық. Жұ­байым – қазақ. Есімі – Ләйла. Екі балам бар. Ұлымның аты – Хамза, қызымның есімі – Элиф. Ләйла да Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ағылшын тілі мамандығы бойынша менен төменгі курста оқыған. Әрине, Өскемен орыс ұлты көп қоныстанған жер ғой. Бірақ мен қазақтың қызына үй­лен­дім. Оған өкін­беймін. Қы­зым әлі кішкентай. Ұлым 11 жас­та. Ол 6 жас­қа дейін орысша сөйледі. 3­-­сыныптан кейін «Нұр Орда» халықаралық мек­тебіне бердік. Қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерін меңгер­ген. Мектепте болсын, достарының ара­сында жүргенде болсын қазақша сөйлейді. Ал жеке өз басым қазақ тілін үйрену кезінде соншалықты қиналған жоқпын. – Қазақстанға келгеніңізге 15 жылдан астам мерзім өтіпті. Осы жыл­дарды саралай келе, Қазақстан туралы жеке ойыңыз, көзқарасыңыз қандай? – 1995 жылдармен салыстырғанда Қазақстанның қазіргі деңгейі анағұрлым жоғары. Мен сол жылдары Өскеменге келгенде Түркиямен байланыс өте нашар болатын. Дүкендерге барсаңыз да бір нәрсені табу қиынға соғатын. Бұл – халық дағдарысты басынан кешіп жатқан кез еді. Ал қазіргі жағдай қандай? Қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Интернеттің жылдамды­ғынан бастап, барлық жағдай қамтамасыз етілген. Кейін 1998 жылы Астанаға келдім. Бұл кезде Астана өзгешелеу еді. Мен келген жылдар Астананың алғаш елорда ретінде бой көтере бастаған кезі еді. 15 жылдың ішінде Қазақстанның өскендігін көріп, өзгерістер мен жаңалықтарының куәгері болдық. Көзіміз жетті. Түркиядан келген қонақтарымыздың Астананы көрген кезде ауыздары ашылып кетеді. Мұндай әдемі қала болады деп ешқашан ойлаған жоқпыз деген ойларын да жасырмайды. Бір сөзбен айтсақ, Астана – Қазақстанның барлық өзгерістерін, жетістіктерін көрсететін қала. Қазір Астананың ауа-райы да өзгеріп жатыр ғой. 1999 жылдары Наурыз мейрамы кезінде қатты боран болатын еді. Қазір ауа-райы да жылы, адамдардың көңілдері де жылып келеді. Ең бастысы, Президен­тіміз­дің көреген саясаткерлігі, елді дұрыс басқаруы, басқа елдермен қарым-қатынас орнатудағы шеберлігі Қазақстанды әлемдік деңгейге шығарды. Мысалы, ешбір Орта­лық Азия елдерінде дәл Қазақстандағыдай жоғары деңгейдегі іс-шаралар өткізілген жоқ. Бұл көп нәрсені аңғартады. Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс жақсы деңгейде өрістеп келеді. Түркия мемлекеті Қазақстанның тәуелсіз­дігін алғашқылардың қатарында мойын­даған ел болғандықтан, өзара қарым-қаты­насымыз да жақсы жолға қойылған. Бұл ретте Елбасының екі мемлекет арасындағы байланысқа серпін берудегі еңбегі зор. Нахчыванда басталған түркітілдес елдердің ортақ келісімінен бастап, Түркия акаде­миясының ашылуына дейінгі қадамдарға Елбасының ықпалы мол болды. Прези­дент­тің білім саласын дамыту бағы­тындағы жобаларын да айрықша атап өтуіміз қажет. Назарбаев университеті, «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның бола­ша­ғының негізін қалау бағытындағы игі бастамаларының бірі деп ойлаймын. Меніңше, мұндай өзгерістердің барлы­ғы Қазақстандағы жағдайдың жақсар­ғандығының, жақсарып қана қоймай, мемлекетіміздің күн санап дамып келе жатқандығының айқын дәлелі дер едім.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.