Үкімет • 29 Маусым, 2018

Үкімет үйінде Қазақстандағы машина жасау саласын дамытудың келешегі талқыланды

62 реткөрсетілді

Кеше Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында Президент Жолдауының бірінші басымдығын іске асыру аясында Қазақстандағы машина жасау саласын дамытудың келешегі кеңінен сөз болды. 

Жиынға «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев пен Инвестициялар және даму министрлігі Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік коми­тетінің төрағасы Алмас Батанов қатысып, аталған саладағы атқары­лып жатқан жұмыстарды баяндады. Белгілі болғандай, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында машина жасау өндірісінің көлемі 12,2 пайызға артқан.

− Қазақстанның машина жасау саласы 2015-2016 жылдары даму­дың күрделі кезеңдерінен өтіп, былтырдан бері өсім динамикасын көр­сетіп келеді. Ілгерілеушілік әсіресе автокөлік жасау саласында бай­қалып отыр, – деді А.Батанов. Оның айтуынша, өндірістің күрт өсуіне нарықтағы сұраныстың қалпы­на келуі, экспорттық нарық­тардың кеңеюі, сондай-ақ автокөлік сек­торының дамуына оң әсерін тигіз­етін жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы ықпал етіп отыр. 

2017 жылы әр үшінші сатыл­ған автомобиль отандық кәсіпорын­дарда шығарылған. 2018 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша автомобиль жасау өндірісінен түскен пайда 71,5 млрд теңгені құрады, – деп атап өтті комитет төрағасы.

Елімізде өткен жылы 19,5 мың автомобиль шығарылса, биылғы жылдың 4 айдағы көрсеткіші бо­йынша 9 мың отандық темір тұлпар сауда нарығына қойылған. Ал жылдық жоспар бойынша шамамен 35 мың көлік шығару көзделіп отыр. Айта кетерлігі, отандық автоөндірушілер сыртқы нарыққа шығып, бәсекеге қабілеттілікті арт­тыруды көздейді. Былтыр экс­портталған 1548 автокөліктің басым көпшілігі Қытайға жіберілгені анықталып отыр. Бұдан бөлек, электротехникалық машина жасау өндірісіндегі, атап айтқанда, трансформаторлар, аккумуляторлар, ка­бельді-өткізуші өнімдер және тағы басқалары жоғарғы сұранысқа ие. 

Айта кетерлігі, «Қайнар-АКБ» ЖШС өндірісінің 50%-дан астамы экспорттық нарыққа жіберіліп отыр. Бұған қоса, «Alageum Electric» АҚ Қазақстандағы трансформаторлар өндіретін 4-ші зауыт салынып жатыр. Бірақ машина жасау өнеркәсібіндегі қазақстандық үлес әзірге 30 пайыздан аспай тұр. Ал дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш 50 пайыздан көп.

Мәселені шешу үшін қазір 2019-2030 жылдарға арналған саланы дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Басты мақсат – отандық тауар өндірушілерді қолдап, экспортқа негізделген өнім шығару. Әрине өндіріске цифр­ландыруды енгізу де маңызды міндеттің бірі. М.Пішембаевтың айтуынша, бүгінгі таңда кейбір жеке компаниялар өндірісті автоматтандырып, роботтарды енгізуде. Мысалы бір технологиялық кешен 50-80 адамды алмастырып отыр. Осылайша еңбек өнімділігін арттырып әрі сапалы өнімге қол жеткізуге болады.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар