Форумды Қазақстанның Энергетика министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Астана қалалық әкімдігі және Avantage AUSTRIA Almaty (Аустрия елшілігінің Сауда бөлімі) ұйымдастырды. Оған Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов, Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев, Аустрияның Қазақстандағы елшісі Герхард Сайллер, Қазақстанның Аустриядағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Сарыбай және басқалар қатысты.
Форумда көтерілген негізгі тақырып – Қазақстанның тұрақты дамуына септігін тигізетін аустриялық «жасыл» технологияларды белсенді қолданысқа енгізу. Астанаға келген 16 компания әлемдік рынокта Аустрияны жаңғырмалы энергия көздері секторын «жасыл» құрылыс, қалдықтарды басқару, суды тазалау және «ақылды қала» салалары бойынша танытуда. Соның ішінде екеуі Қазақстанда да өз қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Атап айтқанда, Астанада жаңадан ашылған Рыскелді қажы мешітінің жобасын осы елдің Weissenseer GmbH және Neubau GmbH компаниялары жасаған. Ол мүлде дәстүрлі энергия көзін қолданбайтын әлемдегі бірінші мешіт болып табылады. «Аймақтар форумының Астанада өтуінің өз мәні бар. Біз Экспо-2017 халықаралық көрмесіне табысты қатыстық, осы шара сол көрменің заңды жалғасы іспеттес, қазақ бизнесмендерін «жасыл» технологияларды белсендірек енгізіп, қолдануға шақырамыз. Аустрия «жасыл» технологияларды қолданысқа енгізуде әлемнің алдыңғы қатарында. Өндіріс пен экономиканы «жасыл» технологиялар арқылы тұрақты дамытуға ден қоюда. Елдегі жаңғырмалы энергия көздерінен алынатын жалпы энергияның көлемі 80 пайыз, ал электр қуаты, жылу және көлікке жұмсалатыны 33 пайызға дейін жетеді. Осы орайда «жасыл» технологияларды қолдануға байланысты екі ел аймақтарының өкілдерін жинап, өзара таныстыру жөн деп шештік. Біз осы форумды ұйымдастырған Қазақстанның Энергетика министрлігіне, Сыртқы істер министрлігіне, Астана қаласының әкімдігіне алғыс айтқымыз келеді», деді форумды ашқан Қазақстандағы Аустрия елшілігінің Сауда бөлімі басшысы Михаэль Мюллер.
Бұдан соң сөз алған Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқандығын жеткізді.
Ал Аустрияның Көлік, технологиялар және инвестициялық жобалар федералды министрлігінің басшысы, бас хатшы Андреас Райхардт өз елінің Үкіметі атынан сөз сөйледі. ол Аустрияның жаңғырмалы энергия көзін жасап шығаруда тәжірибесі молдығын, энергиялық тиімділікті дамытып, олардың пайдалы қазбалар мен ядролық энергетикадан толық бас тартуға дайындалып жатқанын жеткізді.
Ал Ержан Ашықбаев форум жұмысына сәттілік тілей келе, қатысушыларға Қазақстанның бүгінгі саяси-экономикалық бағыты туралы кеңірек түсіндіріп өтті. Елдің сыртқы қарым-қатынастарының жедел дамып, атап айтқанда, елге визасыз кіру мүмкіндіктері қарастырылғанын айтып өтті. Е.Ашықбаевтың айтуынша, Аустрияның цифрландыру саласы бойынша жасаған жаңа жобалары, инновациялық шешімдері үйренуге тұрарлық тәжірибе. Сондай-ақ табиғат ресурстарын тиімді пайдаланатын, қоғамына «жасыл» технологияны белсенді енгізген аустриялықтардың Қазақстанның энергетикалық әлеуетін дамытуға қосып жатқан үлесіне ризашылығын білдірді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»