Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»
Экспозицияларды М. Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы және оның филиалдары, сондай-ақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы дайындаған.
Алматы облысының мұражай қорларының материалдары ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, сондай-ақ Мұхамеджан Тынышпаевтың, Шоқан Уәлихановтың, Жамбыл Жабаевтың, Сүйінбай Аронұлының, Ілияс Жансүгіровтың, Мұқағали Мақатаевтың, Мұқан Төлебаевтың, Дінмұхамед Қонаевтың және басқа да аңызға айналған тұлғалардың өмірі мен қызметіне байланысты бірегей экспонаттары ұсынылған. Көрме «Жетісудың 20 мұражайы» деп аталады.
Алматы облысы дайындаған жәдігерлердің арасында көзге ерекше түсетіні ақын Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейінде сақталған ақынның көйлегі, соңғы суреті, Фатима Ғабитованың терім машинасы мен қобдишасы. Өткен ғасырдың сұрапыл жылдарының куәсіндей болған заттар енді тым-тырыс, жым-жырт қалпы жаңа ұрпақтың бетіне үнсіз қарайды. «Мені таны, сырымды аш!» деп кенет ғайыптан тайып сөйлеп кетердей ұрлана қарайсың. Көлденеңінен жатқан Ілияс ұстаған таяқтың жұмбағы шешіліп, домбырасының шегі неге шешіле сөйлеп кетпейді екен. М. Горький Ілиясқа: «Алтын сандықтың үстінде отырсың ғой» депті бірде. Енді ғасырға жуық уақыт өткенде ақын ұстаған әр зат «алтын сандыққа» пара-пар. Кілтін таба алмай жүргендейміз сол алтын сандықтың.
Мұқағали Мақатаев музейінен келген ақынның шақшасы мен қармағы ерекше көзге түседі. Көнетоз портфелінде әлдеқалай ұмытылып, ешқашан, ешқайда оқылмай қалған өлең табылып қалардай айналсоқтайсың. Әрине қиял ғана. Әлгі бір Голливуд фильміндегі көрініс көз алдыңда көлбеңдейді де қояды.
Мұхамеджан Тынышпаевтың музейінен келген жәдігерлерді қарап келе жатқанда көз алдыңа Алаш қайраткерінің соңғы суреті түседі. Өне бойыңды дір еткізетін жалғыз сәт – осы. Қазақ тәуелсіздігі үшін қанша жанның өмірі опат, жаны шейіт болды. Соларды түсіну үшін, тарихты сезіну үшін бізге не жетпейді. Тарихи сана, бәлкім, ұлттық рух! Мүмкін жаңғыру...
Осы жылы композитор, философ, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл. Ақынның және оның ұстазы Абай Құнанбаевтың өмірі және шығармашылығымен Шығыс Қазақстан облысының «Ұлы тұлғалар үндестігі» атты көрмесі таныстырды. Көрмеде Абай мен Шәкәрімнің көп қырлы әлемін ашатын бағалы экспонаттары қойылған. Көрменің арнайы бөлімін 1885 жылы Абайдың Семей қаласындағы өлкетану мұражайына тапсырған қазақ халқының тұрмыста қолданылатын заттары құрайды.
Музей – халық тарихы. Тарих – ұлттың тағдыры. Ендігі кезекте тағдырымызға да, тарихымызға да тек жақсылық жазылғай!
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»