Аймақтар • 29 Маусым, 2018

Магнит адам

589 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Адам баласының айрықша мүмкіндігіне анықтама беруге кейде ғалымдардың өздері жауап таппай қалып жатады. Цирктегі бір әртістер ұзындығы жарты метрге жететін тік қылышты саумалап отырып, құндағына дейін жұтып қояды. Бұдан өзге де адам миына сыймайтын трюк істейтіндер көп. Ал Қызылорда қаласының тұрғыны, ердің жасы елуден мол асқан Нартай Тұрсыновтың циркке еш қатысы жоқ. Нартайдың кеудесінде алып бір магнит орналасқан сияқты, темір тақасаң жабыса қалады. 

Магнит адам

Салмағы 95 кило тартатын жігіт ағасы бүгінде төсімен 110 килодай темірді жабыстырып көтергенде еш ауырлығын сезінбейді.
Бұл қасиетін жиырма жыл бұрын байқаған екен. Алғашқыда қырық килоға дейін көтеріп жүрген, бүгінде жүз килодан асырды.
Нартайдың кеудесіне тек темір-терсек қана жабыса бермейді. Шыны ыдыстар мен пластмасса бұйымдар да тартылады.

Нартай өз қасиетін бойындағы биото­гінің ерекше молдығымен түсін­діреді. Бірақ кезінде Кеңес Одағын шулатқан биотогі көп Кашпировский, Чумак сияқ­ты емші болуға ықыласы жоқ.

Қолдың демеуінсіз өз салмағынан асатын темір-терсекті төсімен көтеріп жүрген азамат өз мүмкіндігін Алла берген қасиет деп ұғады. 

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы