15 Желтоқсан, 2011

Ынтымақпен келген ұлт тойы

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының атына Қазақстан жұртшылығынан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты құттықтаулар толассыз келіп түсуде. Хат иелері еліміздің 20 жылда жеткен жетістіктерін Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан мем­лекеттілігінің негізін құру­шы, әлемдік деңгейдегі көр­нек­ті қайраткер, Мемлекет бас­шысы Н.Ә.Назарбаевтың есімімен тығыз байланыстырады. Осындай мазмұндағы хат Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданының жұртшы­лы­ғынан келді. «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді қасиетті Отанымыздың Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығы мерекесімен шын жүректен құт­ты­қ­таймыз! Тәуелсіздік теңдессіз бақыт екендігін және оны баян­ды ету жолында ғасыр­ларға тең қысқа уақыт ішінде орасан қыз­мет атқарғаны­ңыз­ды біз, Шардара халқы, ерекше бағалаймыз әрі қастерлейміз. Бабаларымыз аң­са­ған Тәуел­сіздікті жариялап, жаңа тұр­пат­ты, тәуелсіз, жас мем­ле­кет­тің іргетасын қалап, әлем мойындаған елдердің қата­рына қосу Сіздің қолыңыздан келгенін әрдайым мақтан етеміз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығын біздің еліміз көтеріңкі көңіл­мен, айтулы жетістіктермен, бе­реке, молшылықпен, ең бас­тысы, ынтымақ, бірлікпен қар­сы алып отыр. Сіздің басшы­лығыңызбен Қазақ елі талай сыннан сүрінбей өтті, алда да сүрінбей өтіп, одан әрі өр­кен­дей береді деп сенеміз», делінген хатта. Ұжымдық хатқа соғыс және еңбек ардагерлері, ауданның құрметті азамат­та­ры, зейнеткерлер, ардақты ана­лар, ұстаздар, жеке кәсіп­кер­лер, еңбеккерлер, шаруашылық жетекшілері мен ұжымдардың басшылары, т.б. қол қойған. Еліміздің 20 жыл ішінде қар­қынды дамып, бүкіл әлемге та­нымал мемлекет болып қалып­тас­қаны Елбасының сарабдал саясатының жемісі екені Оң­түс­тік Қазақстан облысы, Отырар ауданының тұрғыны, еңбек ардагері К.Айтқұлдың хатында атап өтілген. Ал, Орал қаласының тұр­ғыны, зейнеткер О.Иман­ға­лиев Мемлекет басшысын Қа­зақстанның 20 жылдық мей­рамымен құттық­тай отырып, зор денсаулық, мол бақыт және еліміздің өркендеуі жолында атқарып келе жатқан қызметіне үлкен табыстар тілеген. Елбасы Н.Ә. Назарбаевты Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен құттықтап, жүрекжарды қуа­ныштарын бөліскен қазақстан­дық­тардың қатарында, соны­мен қатар, «Нұр Отан» пар­тиясының мүшесі, Батыс Қа­зақстан об­лы­сы, Талшық село­сының тұрғыны И.Ильясов, Тараз қаласының тұрғыны, мектеп оқушысы Исабек Рахат, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны, мектеп оқушысы Ж.Шалабаева, Қара­ған­ды облысы, Шахтинск қала­сының тұрғыны П.Брянцев, Астана қаласының тұр­ғын­дары Е.Ахметов, Е.Абдрахманов бар.