Аймақтар • 01 Шілде, 2018

БҚО-да екі мектеп ғимараты пайдалануға берілді

1429 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астананың 20 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысында екі мектеп ғимараты пайдалануға беріледі. Салтанатты ашылуы жаңа оқу жылының басына – 1 қыркүйекке жоспарланғанымен, Астана күні қарсаңында Дариян және Шабдаржап ауылы тұрғындары су жаңа мектеп ғимаратымен танысты. Жаңа құрылыс нысандарының спасын тексере келген өңір басшысы Алтай Көлгінов жұртшылықпен жүздесіп, ауыл халқын елде және облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабардар етті.

БҚО-да екі мектеп ғимараты пайдалануға берілді

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Зеленов ауданына қарасты Дариян ауылы – бұрын аудан орталығы болған ірі елді мекен. Мұнда былтырдан бері 300 оқушыға арналған жаңа мектептің ғимараты және мектеп жанынан 100 балаға лайықталған интернат үйі құрылысы жүріп жатыр. Соңғы үлгідегі барлық оқу құралдарымен қамтылған мектептің ең басты ерекшілігі – мұнда облыста алғашқы болып ІТ сынып ашылады. Ал Ақжайық ауданындағы Шабдаржап ауылы – Оралдан 300 шақырым жерде, Атырау облысының шекарасында жатқан шалғай елді мекен. Мұнда да былтыр тамыз айында басталған 198 орындық мектеп ғимаратының құрылысы толық аяқталып, жаңа оқу жылына шәкірт қабылдауға дайын тұр.

- Астананың тойы, Елорданың 20 жылдығы – бүкіл қазақстандықтардың ортақ қуанышы. Дәл осы күні Орал қаласынан шалғай жатқан шағын ауылда осындай заманауи мектеп ғимараты пайдалануға берілуі тегін емес. Еліміздегі тыныштықтың, экономикалық дамудың, Елбасы саясатының нақты жемісінің бір көрінісі – осы, - деді Алтай Көлгінов тұрғындармен кездесуде.

Шабдаржап ауылы – Тайпақ округіне қарайтын, бұрынғы «Краснояр» кеңшарының бір бөлімшесі. Бір таңғаларлығы, нарық келгелі талай ауыл жойылып, талай елдімекен тарап кетсе де, Шабдаржаптан халық көшпепті. Тайпақ ауылының әкімі Болат Шәленовтің айтуынша, соңғы жылдары мұнда жыл сайын 2-3 үй жаңадан салынады екен.

- Осы ауыл тұрғындарының ұйымшылдығы ерекше. Анау жылы мектеп жанынан спорт залын өздері тұрғызып алған. Биыл ауыл кәсіпкері Талғат Мұхамедияровтың бастауымен ауыл ішінде жазғы техникалық су жүйесін жүргізді. Бұл дегеніңіз – әр аулада бау-бақша өсіруге керемет мүмкіндік. Қазір ауылда 745 адам тұрады. Өткен оқу жылында мектепте 154 оқушы болған еді. Биыл күзде жаңа мектепке 165 оқушы келгелі отыр. Демографиялық өсім осылай бола берсе, аз жылда бұл жаңа мектептің өзі тарлық етеді-ау, - деп күледі Болат Байғалиұлы.

Жаңа мектеп ғимараты шынымен де сыңғырлап тұр. Барлық оқу кабинеттері қажетті құралдармен жабдықталған. Соңғы үлгідегі роботтехника кабинеті, технология пәніне қолданылатын түрлі станоктар мен тігін машиналары сақадай сай тұр.

Өңірдегі өзге мектептер сияқты Шабдаржап мектебінде де жаңа оқу жылында оқушылар Bilimbook компьютер-трансформерлерін пайдаланатын болады. Bilimbook – елдегі Назарбаев зияткерлік мектептері жүйесінде сынақтан өткен озық үлгілі, жаңа әдістемелі сабақтар жүктелген компьютер-трансформер. Ол интернетке қосылмай-ақ пайдалануға жарамды. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде бағдарламалар жүктелген Bilimbook жады 2-3 ай сайын жаңартылып тұрады.

- 2004-2005 жылдары Президенттік Басқару академиясында білім алған кезімде академияда интернетке жалғанған жалғыз компьютерлік сынып болатын. Дәл осындай озық технологияны сол жылдары шетелден, Европадан ғана көретінбіз. Енді міне, облыс орталығынан 300 шақырым жердегі шағын ауыл мектебі осындай мүмкіндікке ие болып отыр. Қала мен дала мектептерінің айырмашылығы азайды. Еліміздің дамуына нақты мысал емес пе? – дейді Алтай Сейдірұлы. - Осы ауылда туып-өстім, отыз жыл мұғалім болып қызмет еттім. Біздің шағын ауылда мұндай сәулетті мектеп ғимараты салынады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ. Өңір басшыларына ризамыз, - дейді ардагер мұғалім Сәлима Сариева.

Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың айтуынша, биыл Тайпақ ауылдық округіне қарасты Шабдаржап, Томпақ ауылдары таза ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Қазірдің өзінде ауыз су құбырын тарту жұмыстары басталды, бұл жобаға 445,7 млн.теңге қарастырылған. Нәтижесінде екі ауылдың 1000-нан астам тұрғыны таза ауыз сумен қамтылатын болады. Жалпы, ауданның 14 елдімекенінде ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бұған қоса, аудан орталығының солтүстік-батыс аймағын электр желісімен жабдықтау, Чапаев кентінде 3 қабатты 24 пәтерлік тұрғын үй құрылысын салу басталған. Биыл ауданда барлығы 4000 шаршы метрден астам тұрғынүй құрылысы бой көтереді екен.

- Елбасы жақында Орал қаласына келген сапарында өңірдегі аз комплектілі мектептер жөнінде арнайы сұрады. Өйткені Батыс Қазақстан облысындағы барлық мектептің 60 пайызы аз комплектілі мектепке жатады. Біз осындай 223 мектепті Bilimbook компьютер-трансформерімен қамтамасыз етеміз. Керек жерінде интернат салып жатырмыз. Алдағы 2-3 жылда өңірде студенттерге арналған 7 жатақхана бой көтереді. Өңірге қажетті мамандықтарға гранттар бөлеміз. Білім мәселесі біздің ерекше назарымызда, - деді тұрғындар алдында өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Қазбек Құттымұратұлы,

"Егемен Қазақстан"

Батыс Қазақстан облысы