Аймақтар • 01 Шілде, 2018

Атырауда «Домбыра-ата көзі, баба мұра» атты фестиваль басталды

1187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық домбыра күні Атырауда да айрықша салтанатпен атап өтіліп жатыр. Облыс орталығында «Домбыра-ата көзі, баба мұра» атты фестиваль басталды. 

Атырауда «Домбыра-ата көзі, баба мұра» атты фестиваль басталды

«Ұлттық домбыра күні – нағыз рухани мерекеміз. Ата-бабаларымыз ежелден бері домбырамен әнін асқақтатып, күйін күмбірлеткен. Әркез осы ұлттық аспабымызды киелі санап, үкілеп төріне ілген. Осы үрдіс бүгінге дейін мәнін жойған жоқ. Батыс өңіріндегі дәстүрлі ән мектебінің, күй мектебінің орыны бөлек», - деді шарада сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов.

Фестиваль аясында облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан көрме ұйымдастырылды, оған күй анасы Дина Нүрпейісованың, дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияровтың, күйші М.Дәулетовтың, Махамбет сыйлығының лауреаты С.Ғаббасовтың, ақын-жазушылар Хамит Ерғалиев, Берқайыр Аманшин, Ақселеу Сейдімбековтің, басқа да күйшілердің домбыралары қойылды.

«Фестивальге аудандардан өнерпаздар арнайы келіп қатысып отыр. Дина Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжінің студенттері, өнер мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары, барлығы 150 домбырашы өнер көрсетті», - дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Бақытбек Сартбаев.

Сондай-ақ, бүгін дүниеге келген атыраулық сәбилерге домбыра тарту етілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы «Бабалардың көзіндей қасиетті домбыра» атты акция өткізді. Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Гүлмира Шәкірова облыстық перинаталдық орталыққа барып, аналарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ.