Қазақстан • 02 Шілде, 2018

Қандастар атажұртқа келді

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Түркиядағы қазақ диаспорасы жастарымен кездесті. Бұл іс-шара Астананың 20 жылдық мерейтойына орай олардың атажұртты көріп қайтуы мақсатында ұйымдастырылды.

Қандастар атажұртқа келді

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға: «Болашаққа деген біздің үкілі үмітіміз – сіздер. Біздің бүгін жасап жатқанымыздың бар­лығы – сіздер үшін жасалуда», деп айтқанын атап өтті.

«Азаттық алған соң бүкіл Тәуелсіз мемлекеттер дос­­тас­тығы елдері арасынан алғаш­қы болып, 1997 жылы 2030 жылға дейінгі даму жоспарын әзірлеп, оны 15 жыл ішінде орында­дық. Қазір біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырып жатырмыз. Оның басты мақ­саты – әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу. Осы орайда елде институттық 5 реформа жарияланып, Ұлт жоспары, үшінші жаңғыру аясында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр», деді Г.Әбдіқалықова.

Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы шетелдегі қандастар мәселесіне, ана тілі мен төл тарихына, мәдениеті мен рухания­тына, ұлттық құн­ды­лықтар­ды сақтауға қолдау көрсетуге, тығыз әлеуметтік-экономикалық байланыс орнатуға Президенттің баса назар аударатынын жет­кізді. Қазақстанның қандас­тарды елге жинау жөнінде Германия және Израильмен бір қатарда тиімді этностық көші-қон саясатын жүзеге асырып отырған елдің бірі екенін атап өтті. Осындай жұмыстың нәтижесінде тәуелсіздік алғалы бері елімізге миллионнан астам қандасымыз оралды. Қазіргі кезде Қазақстаннан тыс жерлерде, шет мемлекеттерде 5 миллионнан астам қазақ диаспорасы өкілі бар.

Бүгінде Түркияда шамамен 10 мыңдай қазақ тұра­ды. Диаспора өкілдеріне өзек­ті мәселелер бойынша көмек көрсету мақсатымен «Қазақ-түрік қоры», «Қазақ түркі­лерінің әлеуметтік және мәдени дамуын қолдау қоры», «Ахмет Ясауи қоры», «Қазақ-түрік білім, ғылым және зерттеу қоғамы» тиімді жұмыс жүргізіп отыр.

Кездесу соңында Мемле­кеттік хатшы Түркиядағы қазақ диаспорасы жастарының оқуда жақсы нәтижеге қол жет­кі­зіп, өмірде табысты және бақ-берекелі болуына тілектестік білдірді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»