Ә.Омарқожаев өз сөзінде «Бәйтерек» холдингі ірі қаржылық даму институты ретінде өз қызметін цифрландыру мәселелерін жүйелі атқаруды жолға қойғанын атап өтті. Сондай-ақ спикер қазіргі уақытта «Digital Baiterek» жобасын іске қосудың арқасында холдинг бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыруды жүзеге асырып жатқандығын сөз етті.
«Атап айтқанда, холдингтің 2018-2023 жылдарға арналған цифрландыру стратегиясы жүзеге асырылуда, онда қызметінің алты негізгі бағыты және жиырма нақты цифрлық қадам белгіленді. Бүгінгі күні холдингтің 19 қызметі автоматтандырылған. Бұл – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың барлық қызметтерінің 70 пайызы. «Бәйтерек» холдингі көп жылдан бері цифрландыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл ретте холдингтің «Электронды үкімет» порталы шеңберінде бизнесті қолдау бойынша оң тәжірибесі бар. Цифрландырудың соңғы нәтижесі – холдинг жұмысының тиімділігін арттыру, қаражат пен уақытты үнемдеу, азаматтардың біздің қызметтерімізге қолжетімділігін қамтамасыз ету және барлық клиенттерге бағдарланған процестердің ашықтығын қамтамасыз ету. Біз барлық қызметтерімізді цифрландыруға және холдингтің бірыңғай цифрлық экожүйесін жасауға тырысамыз», деді Ә.Омарқожаев өз сөзінде.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»