02 Шілде, 2018

Уағыздың да уағызы бар

1851 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Екі ауыз сөзбен түйіп айтатын қа­зақ «Аңқау елге – арамза молда», «Дүм­ше молда дін бұзар» дейді. Қазір не көп, уағыз айтушылар көп. Алай­да кей­бірінің айтқандары қанатты сөздегідей пайдасынан зияны көп пе деген ойға қаласың.

Уағыздың да уағызы бар

Жуырда «Егер жәннатқа ер адам бір әйелімен кірсе, онда оған 70 хор қызы беріледі. Әйеліңізбен 71, оған өзіңізге меншіктелген 2 хор қызы және бар. Сонда 73 әйеліңіз болса, әр хор қызына тағы 70 күтуші беріледі. Солардың бәрін қосқанда 4900 әйеліңіз болады. Ал сол кезде екінші, үшінші әйел алмағандар бармақтарын шайнайды екен. Шіркін-ай, ана көкемнің әйелі мұнша болып кетті-ау, ал менде 4900 ғана деп» серпіп тұрып уағыз айтып жатыр. Енді бірі «байлығы бар қыздар жағдайы нашар еркекке екінші, үшінші, төртінші болып тиіп, күйеуінің жағдайын жасасын. Кіші жар бəйбішенің баласының ішіп-жеуін, киінуін, болашағын міндетіне алсын», деген ойды тамағын кенеп қойып таратуда. Бұл не? Ертеден келе жатқан отбасылық құндылыққа соққы беру ме? Ер атын иеленген ерлердің намысы келмей тыңдайтын дүние ме өзі? Əлде жауапсыз əке, альфонс, масыл еркек санын көбейтуге жасалған, сөйтіп қазақ азаматының бойындағы намысын өлтіруге жасалған уағыз ба? Қайсысы болса да дұрыс емес. Осындай ойларды тыңдап отырып, қазақ санын көбейтуді бетперде етіп, ұлтты аздыратын мұндай уағыздардың пайдасынан зияны көп қой дейсің.

Тағы бір дүмше «Адамзат баласында әйелдерге өте жаман көзқарас болған, қыз туғанда жылап, адамдар өздерінің перзентін тірідей көміп отырған. Қыздардың қадірі болған емес. Бұл жай ғана араб өлкесінде емес, бүкіл дүниеде әйел затының қадірі болған емес...» деп үзілді-кесілді байламмен соғып тұр. Ал халықтың тарихын білген ғұлама, елге уағыз айтатын ұстаз Тұмар, Зарина сынды аналарға көш бастатқан, қызын қонағым деп қадірлеп, тек төріне отырғызған жұрттың ұрпағына бұлай айтпаса керек-ті.

Ендігі бір уағызға назар салсақ, жәннаттың тілі араб тілі, о дүниеге барғанда сұрақ-жауап араб тілінде қойылады деген мазмұнда айтылып, араб тілін білмеген жанға жағдайдың қиындайтыны жеткізіледі. Құдіреті күшті Жаратушы онда неге барлық халықты бір тілде сөйлейтін етіп тудыра салмаған, өзі сан түрлі рең, сан түрлі тіл беріп, әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүр сыйлап, оны неге о дүниеге барғанда өшіре салады екен деген ойға кетесің еріксіз...

«Кредит алсаң анаңмен жеті рет зина жасағандай күнәға батасың» дейді келесісі. Бұл сөзді қалай айтуға болады? Кімнің қарызға батқысы, несие алғысы, банктің алдына барып, өсіміне көніп кредит алғысы келеді? Бəрі мəжбүрліктен ғой. Ай сайын еңбекақы алатын, жұмысы бар адамдардың, күйеуі мен əйелі де жұмыс істейтін отбасылардың басым бөлігі пəтер алу түгілі тұрмысқа қажетті мүлік-мүкәмалды айлығына ала алмайды. Қайтеді? Домалап жерде жатпайын деп төсек алайын десе де, төрімде диван тұрсын мейманым тізе бүксе де десе де, азық-түлігімнің ашып-тұшып берекесі кетпесін деп тоңазытқыш, тұрмысқа қажет басқа да керектерін алайын десе де айлығы құрғыр шолтаң ете қалады.

Қаланың бір басынан екінші басына жұмысқа үлгеру, əрі баланы балабақшаға апару қандай қиын. Əсіресе тіршілігі асығыс қалада. Таң атпай баланы балабақшаға жеткізіп, одан аялдамадағы иін тірескен халықпен жапатармағай автобусқа міну керек. Кейде сыймай қалып, жұмыстан қалып бара жатқан соң амалсыздан такси тоқтатуға тура келеді. Бұл отбасының бюджетіне тағы салмақ. Сосын кредитке көлік алады. Өйткені азаматтың баласын тоңдырғысы, жұмыстан күнара қалып қызарақтағысы келмейді. Сонда осы ниет зина жасау ма? Халықтың жағдайын көре тұра сондай уағыз айту ненің белгісі?

Дін тақырыбымыз емес. Бұл жөнінен арнайы біліміміз жоқ. Бірақ кей уағыз­шылардың түпкі ойын танып, елдікке зияны барлығын біліп тұрып үндемей қалуды ар алдында мүсəпірлікке балаймыз. Ресейде Шамиль Аляутдинов есімді танымал ғалым бар. Исламды қорғап сөйлегенде елді аузы­на қаратып, оппененттерін де жымдай қылады. Бірақ өткенде сол кісінің бір уағызын тыңдап бой тартып қалдым. Оның арманы Ресей керегесін кеңейту, орыс тілінің үстемдігі жүретін шекараны ұлғайта түсу екен. Кезінде Орыс ханның ұрпағы Урусов пен түбіне бойласаң арыстан жүректі Ораз-Мұхамед сұлтанның ұрпағы Тевкелевтің араға делдалдыққа жүргеніндей Шамиль бауырдың да көксегені бар екен. Бұл біздің елдігімізге зияны бар ой. Сондықтан уағыздың да уағызы, уағызшының да уағызшысы бар. Барлығын талғамай жұтып, тамағымызға көлденең тұрып қалмауын ескерсек деймін.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»