Ілгеріде Жамбыл облысының және Тараз қаласының Құрметті азаматтарының, Олимпиада, әлем және Азия чемпионаттары жеңімпаздарының есімдері көне шаһар орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ алдында орналасқан «Еңбек даңқы» аллеясындағы «Құрмет тақтасына» енгізілген болатын. Тасқа қашалып жазылған тарихи есімдер әрдайым елдің ерге деген құрметін арттырып келеді.
Бүгінгі таңда аталған «Құрмет тақтасы» облыстық тарихи-өлкетану музейіне ауыстырылған еді. Осы орайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен музейге қойылған «Құрмет тақтасының» таныстырылымы өтті. Шара барысында басқарма басшысының орынбасары Сара Мәдиева тақтаның жанына сенсорлы дүңгіршек орнатылып, оған Құрметті азаматтар мен чемпиондар туралы барлық мәліметтер енгізілетінін айтты. Енді тізімдегі азаматтар жайында арнайы бейнероликтер дайындалып, әлгі дерекқорға енгізілетін болады. Музейге келушілер бұдан былай өңірдің Құрметті азаматтары мен спорт жеңімпаздары туралы барлық ақпаратты осында орнатылған шағын ғана дүңгіршектен таба алады.
Жалпы, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы тұңғыш рет бірінші шақырылған облыстық мәслихаттың 1999 жылғы 17 қыркүйектегі ХХІІІ сессиясының шешімімен даңқты қызылшашы, Социалистік Еңбек Ері Дариға Жантоқоваға берілген екен. Ал Тараз қаласының тұңғыш Құрметті азаматы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Президентке құрметті атақ Тараз қалалық мәслихатының 1997 жылғы 8 қаңтар күнгі кезектен тыс сессиясында беріліпті.
Жиын барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Тараз қаласының Құрметті азаматы Сансызбай Жорабеков, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров сөз алып, бұл бастамаға ризашылық білдірді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиеваның айтуынша, Тараз қаласының Құрметті азаматы атағын 139 азамат алған екен. Ал 60 азамат әр жылдары Олимпиада, әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпазы атанған. «Құрмет тақтасы» өзінің лайықты орнын тапты деп ойлаймыз. Енді өңір тұрғындарымен қатар, әр аймақтан және шетелден келген қонақтар осы бұрыштан Құрметті азаматтарымызды танып, өздеріне керекті барлық мәліметті ала алады», дейді музей басшысы.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы