Аймақтар • 02 Шілде, 2018

ШҚО-да сәбилерге домбыра сыйлады

565 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Ұлттық домбыра күні» Өскеменде өзгеше атап өтілді. Өзгешелігі сол, бұл күні Қазақстан халқы Ассамблеясының Шығыс Қазақстан облыстық хатшылығының ұйымдастыруымен шаһардағы перзентханаларда өмір есігін ашқан нәрестелерге қазақтың киелі аспабы домбыра тарту етілді. 

ШҚО-да сәбилерге домбыра сыйлады

Облыс орталығындағы Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы директорының міндетін атқарушы Л.Жұмашева, қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев, облыстық «Мұсылман әйелдері» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі Гүлшат Смағұлова Медициналық жедел-жәрдем ауруханасының перзентханасында 1 шілдеде дүниеге келген сәбидің әке-шешесін мерекемен құттықтап, домбыра сыйлады. Сайлаухан Аухадиев ақсақал қазақы жолмен сәбиге ақ батасын беріп, домбырамен қоса гүл шоғын тарту етті. «Шынын айтсам, таңғалып тұрмын. Енді бұл домбыраны қастерлеп, төрімізге іліп қоятын боламыз. Ұлттық аспабымызды ұлықтап жатқан ұйымдастырушыларға мың алғыс», - дейді дәл осы күні сәбилі болған жас ана Еркежан Пазылова.

Айта кетейік, осы күні тек Өскеменде ғана емес, өңірдің Семей қаласы мен бірқатар аудандарында да осындай шара ұйымдастырылды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН