Жанбектің де ғылым жолына түсуіне болар еді. Олай деуге негіз, ол зиялылар отбасында тәрбиеленді. Әкесі Нығмет Сауранбаев – филология саласы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы, академик, орысша-қазақша сөздікті құрастырып, жарыққа шығарған білікті маман және де күні бүгінге дейін мәні мен маңызын жоғалтпаған аса құнды 100-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Кейіннен ҚазКСР Ғылым академиясының вице-президенті болды. Анасы – Мария Иосифовна шет тілдер институтының түлегі.
Тағы бір айта кетерлік жайт, әкелі-балалы Сауранбаевтар бір күнде туған екен. Нығмет Тінәлұлы 1910 жылдың 5 мамырында Жамбыл облысының Қордай ауданында өмірге келсе, арада тура 30 жыл өткеннен соң дәл сол күні Жанбек Нығметұлы Алматы қаласында жарық дүниенің есігін ашты.
Әкеге тартқан ұл мектепте жақсы оқып, өз қатарының алды болды. Барлық пәннен әркез үздік баға алып жүрді. Әсіресе химияға келгенде ол алдына жан салмайтын. Оның үстіне, зиялы отбасында өскендіктен Жанбек сол кездегі қазақтың игі жақсыларының түгелге жуығының жүзін көрді. Қазақстанның бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтан бастап, басқа да лауазым иелері Сауранбаевтардың шаңырағына ара-тұра ат басын бұрып тұратын. Ғалымдар мен жазушылардың да қарасы үзілмейтін. Әсіресе Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ісмет Кеңесбаевтар сол үйге жиі келетін. Осындай ортада өскен баланың да ғылым жолына түскісі келетіні белгілі ғой. Әу баста Жанбек химия саласының маманы болуды армандады. Баланың таңдауын ата-анасы құптады. Сол мамандық бойынша Каз ГУ-ге оқуға да түсті.
Жанбек ағамыз айтатын: Менің волейболмен шұғылдануыма тікелей септігін тигізген – Геннадий Паршин. Уақыт оза атақты ойыншы және майталман маманға айналған ол менің досым еді. Бір күні Гена мені өзімен бірге үйірмеге ертіп апарды. Сол кезден бастап, волейболға аңсарым ауды. Басқа шаруаның барлығын ысырып қойып, үнемі жаттығу залына асығатын әдет шығардым. Осылайша бұл өнердің қыр-сырына әбден қанықтым. Оның үстіне, 1958 жылы әкем өмірден озды. Ол небәрі 48 жасында бақилық болды. Сол кезде мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктердің барлығынан айрылдық. Тіптен бұрынғы М.Горький көшесінің бойындағы Ғалымдар үйіндегі 7 бөлмелі кең пәтерімізді шағын баспанаға айырбастауға тура келді. Өйткені пәтерақыны төлеудің өзі отбасымызға қиын соқты. Содан мен КазГУ-ден Дене шынықтыру институтына ауыстым. Аталмыш білім ордасында тәуір өнер көрсеткен спортшыларға арнайы стипендия берілетін және басқа да жеңілдіктер болатын. Сөйтіп анама қолғабыс тигізу үшін осы соқпаққа түсуге тура келді.
Ойын алаңында жайдың оғындай қимылдайтын Жанбек көп кешікпей еліміздің маңдайалды ойыншыларының біріне айналды. Алматының «Буревестник» клубының сапына қабылданып, әйгілі бапкер Октябрь Жарылғаповтан тәлім-тәрбие алды. Ғұлама ұстаз өзінің ең үздік шәкіртіне бар білгенін үйретті. Қазақстанның волейболшылары арасынан КСРО құрамасына алғашқы болып қабылданған да сол Жанбек Сауранбаев еді. Тіптен кейіннен олимпия ойындарында алтын тұғырға көтерілген Валерий Кравченко мен Олег Антропов сынды саңлақтардың өздері қазақтың өр мінезді ұлынан кейін ғана сол команданың жейдесін киді. Жанбек бақандай бес жыл бойы КСРО құрама сапында үйлестіруші (связующий) міндетін атқарды. Ондай жауапкершілік екінің біріне жүктеле бермейтіні баршаға мәлім.
Құрамында Сауранбаевтай серкесі бар КСРО құрамасы 1965 жылы Польшада әлем кубогын олжалады. 1966 жылы Чехословакияда әлем чемпионатының қола медалін мойнына ілді. 1967 жылы Түркияда Еуропа чемпионы атанды. Дүниежүзілік Универсиадада екі рет топ жарды. Көптеген халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді.
Ойын алаңында жасындай жарқырап, КСРО құрамасының байрақты бәсекелерде орасан зор табысқа жетуіне елеулі үлес қосса да, Жанбекке олимпия ойындарында бақ сынау бақыты бұйырмады.
Жанбек ағамыз айтатын: Сол кездегі құрамадағы ойыншылардың талайынан шоқтығым биік болды. Оны мен нық сеніммен айта аламын. Сол себепті 1964 жылғы Токио Олимпиадасында негізгі құрамда ойнауым керек еді. Барлық бәле мынадан басталды: бір күні команда капитаны Юрий Чесноков мені үйіне қонаққа шақырды. КСРО волейболының басы-қасында жүргендер арасында ол кезде одан беделді тұлға жоқ еді. Тіптен бас бапкер Юрий Клещовтың өзі Чесноковтың айтқанымен жүретін. Дастарқан басында ол: «Алматыны қайтесің, одан да Мәскеуге кел, ЦСКА-ның сапында ойнасаң, байрақты бәсекелердің барлығына қатысасың. Сендей ойыншы бізге қажет», – деп үгіттей бастады. Оның бұл ұсынысынан мен бас тарттым. Содан кейін КСРО құрамасының жаттықтырушылары маған себеп-салдарсыз киліге бастады. Ақымақ емеспіз ғой, бұл Чесноковтың айтақтауымен істеліп отырған «тірлік» екенін лезде аңғардым. Ақыры Токиоға аттанарға бiр апта ғана қалғанда бас бапкердiң атқосшылары: «Жанбек, айыпқа бұйырма, сен тiзiмде 13-шi болып тұрсың, ал Олимпиадаға тек 12-ақ ойыншының баратынын өзің де жақсы білесің», – деген «суыт» хабар жеткізді. Осылайша мен елде қалдым.
Жапониядағы ойындардан КСРО волейболшылары бас жүлдемен оралды. Өз несібесінен қағылған қазақтың ұлының өкініштен өзегі өртенді. Бірақ қолдан келер еш дәрмен жоқ. Бұл опасыздыққа да көнуге тура келді. Содан Жанбек жанкешті жаттығуларын қайта жалғастырды. Ойын алаңында барын салып, дүбірлі додаларда Одақ құрамасын өрге сүйреді. Оның ендігі арманы – 1968 жылы Мехико Олимпиадасында өнер көрсету еді. Бірақ тағы да қитұрқы ойынның құрбаны болды. Бұл жолы да түрлі желеуді алға тартқан бапкерлер Жанбекті ұлы дүрмекке қатыстырмаудың жолын тапты.
Жанбек ағамыз айтатын: КСРО құрамасынан кеткеннен кейін барлық күш-жігерімді «Буревестниктің» өсіп-өрлеуі үшін жұмсадым. 1967 жылы біз КСРО біріншілігінде қола медальді иеленіп, келесі маусымда күміс жүлдені еншіледік. Ал 1969 жылы КСРО чемпионы деген аса мәртебелі атаққа қол жеткіздік. 1970 және 1971 жылдары қатарынан екі рет Еуропа чемпиондары кубогын олжаладық. Екі ретінде де финалда Чехословакияның атақты «Зетор Збройовка» клубын қапы қалдырдық. Осының барлығы да әйгілі бапкер Октябрь Жарылғаповтың біліктілігі мен көрегендігінің арқасы екенін айтудан ешуақытта жалыққан емеспін. Шын мәнінде ол өз дәуірінің ғұлама бапкері, теңдессіз тұлғасы еді. Іргетасы қаланғанына аса көп уақыт бола қоймаған «Буревестниктің» биікке самғай алатынына ол өзі де сенді, бізді де сендірді. Оның үстіне, алматылық клубтың сапында негізінен жергілікті ойыншылар өнер көрсетті. Октябрь Тәжікстанда тұрып жатқан Валерий Кравченконы ғана командаға алдырды. Ол кезде Кравченко ортаңқол ойыншы болатын. Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін ғана оның деңгейі өсті. Ал Геннадий Гончаров жоғары оқу орнын аяқтағаннан соң Алматыға жолдамамен келген. Басқалардың барлығы өзіміздің төл түлектеріміз. Осылайша барлығымыз бір жұдырық болып жұмылып, биік белестерді бағындырдық.
32 жасында үлкен спортпен қош айтысқан Жанбек Сауранбаев біраз уақыт Алматыдағы «Дорожник» клубының бас бапкері болды.1980 жылы келісімшартпен Кувейтке кетті. Одан кейінгі ғұмырының барлығын еліміздің студенттер спортын өркендетуге арнады. 1988 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін даңқты волейболшы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі болып еңбек етті.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ