Бұл жиынға «Kazakh Invest»» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Канешев арнайы қатысты. Кеңес Ұлттық компания төрағасы мен Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновтің арасындағы жоспарлы келісім бойынша өтіп отыр. Өткен жылы құрылған компания бүгінде нақты жобаларды қолға алмақ.
– Біз Ақжайық өңіріндегі кәсіпкерлермен кездесіп, болашақта қай салада қандай жобаларды дамытуға болатынын талқыладық. Елбасының тапсырмасы бар, біздің ұлттық компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бар. Мемлекет тарапынан нақты көмек алатын маңызды жобаларды жинақтап, үкімет қарауына ұсынамыз, – дейді Біржан Канешев.
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ-тың осы өңірдегі өкілдігі директоры Әнуар Ниетқалиевтың айтуынша, аймақтық өкілдік жергілікті атқарушы құрылымдармен, қаржы институттарымен бірлесіп, белсенді жұмыс жасайды. Өкілдік директоры өңірде қолға алынған жалпы сомасы 2,6 млрд АҚШ долларына тең 11 жобамен таныстырып, болашақта жүзеге асатын жалпы құны 739 млн АҚШ долларына тең жаңа 9 жоба туралы да айтып өтті. Оның ішінде құс фабрикасын кеңейту мақсатында бройлерді жемдейтін 24 қосымша орын салуға арналған инвестициялық жоба бар. «Жайық ет» ЖШС осы жобаны жүзеге асырса, жылына 7 мың тонна бройлер етін дайындай алады. Ал «Eurasian Logistics» ЖШС Орал қаласында көлік-логистикалық орталығын салуды жоспарлап отыр екен. Жаңадан ашылған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы маңында қонақүйі, жанармай бекеті мен ауыр жүк көліктерін жуатын орын да қарастырылған кешен ашылса, автокөлікке қатысты сан түрлі қызметтің басы бір жерге жинақталған қалашыққа айналмақ. Сондай-ақ Чапаев селосындағы «Батыс Марка Ламб» ЖШС «Kazakh Invest» ҰК» АҚ көмегімен ұсақ мал бордақылайтын алаң құрылысын салу жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Кеңесте Бөрлі ауданында бой көтеретін асфальт-бетон зауытының жобасы таныстырылды. Бұл жобаға қаржы салушы «Адал Арна Алматы» ЖШС өкілі Борис Горлов Пепель разъезінде салынатын зауыт жобасының құны шамамен 2,5-4,0 млн АҚШ долларын құрайды дейді.
– Облыста жолдарды жөндеу басты басымдыққа ие. Сондықтан да инвестицияны осы салаға тарту қажет. Өкінішке орай, біздегі асфальт-бетон зауыттары заманауи стандарттарға сәйкес емес. Ал бұл зауыт жаңа технологияларды қолданатын болса, келешегі бар жоба болғалы тұр.
Облыстағы жол салумен айналысатын кәсіпорындардың деңгейі де төмен. Сол үшін жол кәсіпорындары инвестиция тартып, өздерінің материалдық-техникалық базаларын модернизациялауы керек. Жол салуға қажетті шикізаттың болмауы да бұл сала жұмысының қарқынын төмендетіп, сапасына кері әсер етеді. Инвесторлар битум шығаруды ойластыру керек деп ойлаймын. Өйткені битум сапалы болса, асфальт та сапалы болады, – деді Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ Тасқала ауданында ерте пісетін алма бағын қалыптастыру қолға алынбақ. Бұл жобаны кеңесте «ТексасЭдвансдРисечСенте» ЖШС директоры Газиз Исаев таныстырды. Ақжайық өңірінің экологиялық және климаттық жағдайы бау-бақша өсіруге әбден лайық.
ТексасЭдвансдРисечСенте» – түрік компаниясы болғанымен, біздің елімізде, атап айтқанда, Алматы және Түркістан облыстарында дәл осындай интенсивті бақ егіп, тәжірибеде сыналған. Бұрын Барбастау тағы басқа алма бақтарымен әйгілі болған Батыс Қазақстан өңірі соңғы жылдары импорт алмаға тәуелді болып қалған еді. Қазақстан республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша елімізде тұтынылатын алманың 40%-ы шеттен әкелінеді екен.
Жоғарыда Бөрлі ауданында салынатын асфальт-бетон зауытының жобасы туралы айтқан едік. Бөрлі – қазыналы Қарашығанақ орналасқан өндірісті өлке. Осы ауданның жақында тағайындалған әкімі Санжар Әлиев инвестиция тарту жөніндегі кеңеске арнайы қатысып, ауданның инвестициялық әлеуеті, кәсіпкерлерге арналған қолдау мен мүмкіндік туралы айтып берді.
– Аудан аумағында республикалық маңызы бар 100 шақырымнан асатын «Подстепный-Елек-РФ» автокөлік жолы бар. Биылғы бес айда осы жолмен Ресей Федерациясының шекарасынан 17 мың көлік өтіпті. Бірақ осы жол бойында жолаушыларға қызмет көрсететін орын жоқ. Бөрлі ауылында жол бойында екі кафе және 2016 жылдан бері тоқтап тұрған жанармай құю стансасы бар. Жол бойында қызмет көрсететін нысандар ұлттық стандарттарға сәйкес келмейді, – дейді Санжар Әлиев. Аудан әкімі осы олқылықты жою үшін арнайы шара қолға алынғанын айтты.
Бір қызығы, мұнайы мен газы әлемге таралатын Бөрлі ауданы топырағы құнарлы болса да көкөністі, сүт пен ет өнімдерін өзге жақтан тасиды екен. Енді ғана шағын жылыжайлар салу жобасы қолға алынған. Аудан аумағында қуаттылығы 1МВт болатын 50 жел генераторын қондыру да жоспарланыпты. Бұл үшін Ақсай қаласының солтүстік бөлігінде 100 га жер телімі 49 жылға пайдалануға берілген.
Әрине инвестиция кәсіпкерлікке қолайлы жағдайы бар, бизнес қорғалған аймаққа ғана құйылады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Исақовтың айтуынша, «doing business 2018» рейтингісінде Қазақстан 190 елдің арасында 36-орында тұр екен. Ал инвесторларды қорғау бойынша еліміз 2011 жылдан бері 36-орыннан 3-орынға көтерілген. Бұл игі бастаманы Батыс Қазақстан облысында да жалғастыру, өңірдегі инвестициялық климатты жақсарту қажеттігі осы кеңесте жан-жақты талқыланып, облыс басшылығы тарапынан тиісті тапсырма берілді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы