14 қаңтар – Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ төрағалық қызметіне кірісуіне орай ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Үндеу жолдады. Онда: «Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға барынша үлес қосып келеді. ЕҚЫҰ-ның өзге де мемлекеттерімен бірге Шығыс пен Батыс арасын жақындастыруға бағытталған ұмтылыстарды жан-жақты қолдаймыз» делінген.
1 сәуір – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада салынып жатқан құрылыс нысандары «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы мен «Шабыт» шығармашылық сарайын аралап көрді.
26 сәуір – Астанада ТМД елдері ұстаздарының басын қосқан І құрылтай басталды. Оған 500-ге тарта маман-ұстаз қатысты.
9 мамыр – Астанада Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатты шеру өтті. Шеруге 120 соғыс ардагері бастаған 7 мыңнан астам әскерилер қатысты.
25 мамыр – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада елімізге ресми сапармен келген Түркия президенті Абдолла Гүлмен кездесті. Мемлекет басшылары «Түркі өркениеті: дәуірлер жалғастығы» атты маңызды конгреске қатысып, қазіргі халықаралық Түркі академиясын ашты.
1 маусым – Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақ хандығының негізін салушы Керей және Жәнібек хандар ескерткіші ашылды. Ескерткіш салмағы – 16,20 тонна. Мүсіндердің іргетасынан ұшар басына дейінгі биіктігі – 12 метр.
19 маусым – Астанадағы Абай көшесі бойына қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткіші орнатылды. Мүсіннің биіктігі – 14,750 метр, салмағы – 10 тонна.
27 маусым – елордада экшн-фильмдердің І халықаралық кинофестивалі басталды.
28 маусым – Астанада халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев Университеті ашылды. Рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
29 маусым – Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ЕҚЫҰ-ның толеранттылық және кемсітпеушілік жөнінде конференция болып өтті.
5 шілде – Астанада Еуразиялық экономикалық қоғамдастық кеңесінің мемлекетаралық 27 мәжілісі өтті.
6 шілде – қала мерекесімен орайлас елордада Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен әйгілі сәулетші Норман Фостердің жобасы негізінде салынған «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы ашылды.
30 тамыз – Астанадағы «Қазақ елі» монументі алаңында ел Конституциясының 15 жылдығына арналған әскери шеру өтті. Оған Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
18 қазан – Астанада алғаш рет Бүкіләлемдік рухани-мәдени форум басталды. Оған 500-ге жуық делегат қатысты. Олардың арасында «Оскар» сыйлығының иегері Эдриан Броуди, т.б. танымал тұлғалар болды.
3 қараша – Астананың Индустриялық паркінде бетон және темірбетон өнімдерін шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Кәсіпорынды «Қазақстан даму банкі», «Найза құрылыс концерні» ЖШС және «Цесна корпорациясы» АҚ бірлесіп қаржыландырды.
1 желтоқсан – Астанада ЕҚЫҰ елдері мемлекет басшыларының саммиті басталды. Саммитке 65 елдің делегациясы, соның ішінде 28 мемлекеттің президенті, 10 елдің премьер-министрі және беделді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
13 желтоқсан – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордада халықаралық стандартқа сай салынып жатқан велотрек ғимаратында болып, «Астана» велокомандасы мен Қазақстан велоспорт федерациясы басшыларымен кездесті.
15 желтоқсан – Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс өтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.
31 желтоқсан – Астана және Алматы қалаларында VII Қысқы Азиада ойындары басталды. Оған Азияның 27 мемлекетінен 1000-нан астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальға ие болып, жеңімпаз атанды.
Дайындаған
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»