– Ахаңның Ақкөлінен осыдан 3-4 жыл бұрын ауылдағы Амандық Олжабаев деген жігіттің ауына түскен шортанның салмағы 17 килограмм тартты. Ауылдастардың бәріне дәм ауыз тиюге жеткен болатын. Балықтың басын мектеп музейіне сол жігіттің өзі әкеліп берді, – деген еді апай. Шортан балық Қостанай-Торғайдың өзге де өзен-көлдерінде де кездеседі. Бірақ шортан біткеннің тұрқы кісі бойындай, салмағы осынша тарта бермейтіні рас. Балығы шоршып жататын Ақкөлдің бір байлығы, қасиеті болар деп ойлағанбыз.
Бірақ соңғы жылдары Ақкөлге Жыланшық өзені құюды қойған болатын. Он шақты жыл су жетпеген соң, көлдің табаны құрғап, балықтың қырылған кезі де болды. Бірақ табиғаттың бізбен бөлісе бермейтін құпиясы мол-ау. Биыл қыс жұмсақ болып, қар аз түссе де, Ақкөл суға толып, кемерінен асыпты. Тек Ақкөл маңы ғана емес, жалпы Торғай даласына су жайылды. Ақкөлдіктердің де, Торғай өңіріндегілердің қуанышында шек жоқ. Ақкөл, сол баяғы бала Ахмет жағалауында жүгірген Ақкөл түк болмағандай толқып жатыр. Ауыл адамдары бұл күнде қайтадан қармағын дайындап, ау тоқуға кіріскен. Амандықтың ауына түскен шортан музейде ғана тұра ма деген ауылдастардың уайымы сейілгендей.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Жанкелдин ауданы