Аймақтар • 03 Шілде, 2018

Атырауда жалғызілікті әке баспаналы болды

425 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төрт баласын бір өзі тәр­би­елеп отырған Қайрат Алипанов аяқ астынан мұндай қуаныш болады деп ойламаған да шығар. Ең кіші баласының жасы үште. Жалғызілікті әке ұзақ жыл бойы пәтер жалдап күнелтті.  

Атырауда жалғызілікті әке баспаналы болды

Төбесінен су өткен, едені сыз, қабырғалары қақыраған та­лай үйді амалсыздан паналады. Екі балабақшаның бірінде сан­тех­ник, бірінде аула сыпыру­шы болып еңбек етіп жүріп, пер­зе­нт­терін қатарларынан қал­дыр­мауға тырысып бақты. 

Енді, міне, жап-жаңа, сәулеті келіскен баспанада қоныс тойы­н тойлап жатыр. Алипановтар от­басына «Нұр Отан» партиясы Аты­рау қалалық филиалы фракциясының мүшесі Әлібек Семғалиев жайлы үй сыйлады. Де­путаттың бұл ізгі ісіне ел қуан­ды. Қайрат Алипановты қо­ны­­сымен құттықтай кел­ген ұжымдастары да қазақы жоралғымен шашу шашты. 

– Қайрат – қайсар әке, балаларына барын тосып отырған қам­қор әке. Ұжымдастары да кө­мектерін аямай, қолұштарын бе­ріп келеді. Баланы анасыз тәр­биелеудің жүгі ауыр. Осын­дай азаматқа көмектескен Әлібек Сем­ғалиевтің жақсылығы көп­ке үлгі болса екен, – дейді №27 ба­ла­бақшаның басшысы Гүлай­ым Қашкенова.

Өзі де жастайынан ата-ана­сынан айырылып, бала­лар үйінде өскен Қайрат Али­­­панов: «Күні-түні пер­зент­­терім мен көрген қиын­дық­­тарды көрмей өссе екен деп тілейтінмін. Өз үйіңе емін-еркін кіріп-шыққаннан, ешкімге кіріптар болмағаннан артық бақыт бар ма? Осындай қуаныш сыйлаған азаматтарға алғысым шексіз», дейді.

Атырау қалалық мәсли­ха­тының депутаты Әлібек Сем­ғалиев жалғызілікті әкенің жағ­дайын естігеннен кейін бір сеп­тігім тисе деп ойлағанын айтады. Қоныс тойына Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген де арнайы келіп қатысып, отбасына қажет жиһаздарды сыйға тартты.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Соңғы жаңалықтар

Мүмкіндігі мол «smartlook»

Технология • Бүгін, 08:12

Ертеңгі күннің жобасы

Экономика • Бүгін, 08:02

Салаға арналған сан алуан өнім

Экономика • Бүгін, 08:01

Тоғанда тұқы өсіреді

Аймақтар • Бүгін, 07:50