15 Желтоқсан, 2011

Жеңімпаз, Жасампаз жиырма жыл!

438 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Торқалы той басталды.

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің

20 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтеді. Тойымыз тарқамасын,

ардақты ағайын!

 

ЕРЕН ЕҢБЕК ЕЛЕНДІ

Кеше Тәуелсіз­дік­тің 20 жылдығы мерейтойының қар­саңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-ғылыми дамуына, Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағының нығаюына айрықша үлес қосқан бір топ азаматқа мемлекеттік және ме­рейтойлық наградалар, сонымен бірге Мемлекеттік сый­лықтар тапсырды. Марапатталғандардың қата­рын­да соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау салаларының қайраткерлері, өндірістік сала, биз­нес өкілдері, құқық қорғау және әскери органдардың қыз­мет­керлері, спортшылар бар. Награда тапсыру рәсімін қысқаша сөзбен ашқан Елбасы Н.Назарбаев алдымен жиналғандарды Тәу­ел­сіздіктің 20 жылдығымен құт­тықтады. Біз көп қиындықтарды еңсе­ріп, көп шаруалар жасадық, сөй­тіп, елімізді дүние жүзі танитын, сыйлайтын әрі сенетін жағдайға жеткіздік. Осының бәрі барлық қазақстандықтардың ерен еңбе­гі­нің арқасында мүмкін болды. Ұлы мерекеміздің қарсаңында мен өз Жарлығыммен айрықша көз­ге түскен 1,5 мыңға жуық қа­зақстандықтарды орден-медальдармен наградтадым. Әрине, бар­лық марапатты өз қолыммен тап­сыруға мүмкіндік жоқ, сон­дық­тан оларды жергілікті жерлерде әкімдіктер мен салалық министрліктер басшылары тапсыратын болады. Мен тек осы жерге ша­қырылған сіздерге марапатты өз қолыммен тапсырмақпын, дей келіп, Елбасы «Халық Қаһарманы» атағы берілген Ғ.Байтасов, «Қа­зақ­станның Еңбек Ері» атағына лайықты деп табылған Ұ.Қара­ба­лин мен С.Терещенконың ерліктері мен еңбектерін ерекше атады.   Жамбыл облысы ішкі істер департаменті жол полициясының взвод командирі Ғазиз Байтасов қауіпті қылмыскердің зияны бас­қа адамдарға тимеуі үшін оны қауіпсіздендіру кезінде батылдық пен ержүректіліктің ерен үлгісін көрсетіп, қаза тапты. Оның жан­қияр­лық ерлігі барша қазақстан­дық­тар мен ұрпақтардың есінде қалсын және ол басқа полиция қызметкерлеріне үлгі болсын деп оған «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым, деді Елбасы. Сонымен қатар, осы қылмыскерді залалсыздандыру кезінде ерлік көрсеткен құқық қорғау органдарының басқа да қызметкерлері тиісті марапат­та­рын алатын болады. «Қа­зақстанның Еңбек Ері» атағы Тәуелсіз Қа­зақстанның тұңғыш Премьер-Министрі Сергей Терещенкоға берілетінін айта келіп, Елбасы 1990 жылдардың басындағы қи­ын-қыстау кезең­дер­де оның өз қа­сынан табылып, ерен еңбек сің­ір­генін айтып өтті. Осындай атақ­ты алған Ұзақ­бай Қарабалиннің де мұнай-газ са­ласындағы айрықша еңбегі атал­ды. Ол бұл саланың Қазақ­стандағы бірегей маманы болып саналады, деді Елбасы. Жоғары наградаға ие болу зор бақыт болумен қатар, үлкен жауапкершілік те жүктейді, дей келіп, жоға­ры награда алғандарды шын жү­ректен құттықтайтынын жеткізді. Сонымен, «Халық Қаһар­ма­ны» атағының белгісі Ғазиз Бай­тасовтың жесірі Гүлжамал Тә­жиева­ның қолына тапсырылды. Ол Президенттің қолынан наг­ра­даны алып тұрғанда ел үшін жа­салған ерліктің ешқашан да өш­пей, оның даңқы әрқашан да аса беретіндігіне көз жеткендей бол­ды. Одан кейін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының белгісі «Қа­зақ мұнай және газ институты» АҚ бас директоры Ұзақбай Қара­балин мен «Интеграция» халық­ара­лық қоры басқармасының төрағасы Сергей Терещенкоға берілді. «Отан» ордені белгілі әнші Әлі­­бек Дінішев пен ауыл ша­руа­шы­­лығы саласының майтал­ман­да­ры – «Ижевский» ӨК бас директоры Ибрагим Жан­ғоразов пен «Родина» агро­фирмасы» ЖШС бас директоры Иван Сауэрге берілді. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев» бірегей орденімен Ұлттық ғарыш агент­тігінің төрағасы Талғат Мұсабаев пен Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев марапатталды. І дәре­же­лі «Барыс» ордені 1980 жылғы Олимпиада чемпионы, даңқты балуан, қазіргі «Ұлттық командалар мен спорттық резерв дире­к­циясы» РМҚК жаттық­ты­ру­шысы Жақсылық Үшкемпіровке берілді. ІІ дәрежелі «Барыс» ордені­мен Қорғаныс министрі Әділ­бек Жақсыбеков, Сенат Төр­ағасы Қайрат Мәми, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин, «Иволга холдинг» ЖШС бас директоры Василий Розинов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орта­лығы кеңесінің төрағасы Қайыр­бек Сүлейменов наградталды. Ал ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін ENRC PLC акционерлері әрі негізін қалаушылары Александр Маш­кевич пен Патох Шодиев және Президенттің Іс басқа­ру­шысы Серік Үмбетов алды. Президент І дәрежелі «Даңқ» орденімен еліміздің Бас әскери прокуроры Ерғали Мерзадинов­ты марапаттады. Елбасының өз қолымен марапаттауы кезінде «Парасат» орденін Б.Жарбосы­нов атындағы урология ғылыми орталығының бас директоры Мыр­закәрім Алшынбаев, Қара­ған­ды облысының әкімі Серік Ахметов, Жоғарғы Соттың Төр­ағасы Бектас Бекназаров, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Әділет министрі Рашид Түсіпбеков алды. «Құрмет» ордені Павлодар қаласындағы лицей мұғалімі Татьяна Бичиневаға, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС машинисі Мұратбек Дарановқа, Сыртқы істер министрі Ержан Қазыха­нов­қа, Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовқа, Шығыс Қазақстандағы «Ана мен бала ор­талығының» директоры Рая Ра­химоваға және 1986 жылғы Жел­тоқсан оқиғасына белсене қаты­сушы Жансая Сәбитоваға берілді. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ актрисасы Гүлнәр Дос­­матова мен Т.Жүргенов атын­­дағы Қазақ ұлттық өнер ака­де­миясы кафедрасының мең­гер­у­ші­сі Дариха Тұранқұловаға берілді. Биылғы жылғы Мемлекеттік сыйлыққа 12 жұмыс сынға түсіп, соның екеуі жеңімпаз деп та­ныл­ған еді. Елбасы жеңімпаздарды айрықша құттықтай келіп, Микробиология және вирусология инс­титутындағы А.Садановтың же­текшілігімен бірнеше ғалым дайындаған еңбекке Мемлекеттік сыйлық берілгенін айтты. Сөйтіп, осы еңбек бойынша А.Саданов, С.Айткелдиева, Н.Гаврилова, И.Рат­никова, Ұ.Ыдырысова, В.Кан және Е.Шорабаев Мемлекеттік сый­лық лауреаттары атанды. Сонымен бірге, белгілі математик, физика-математика ғылым­дары­ның докторы, академик Ас­қар Жұмаділдаев «Жалпыланған коммутаторлар, когомологиялар және тепе-теңдіктер» атты жұ­мыстар циклы үшін Мемлекеттік сыйлық алды. Сыйлық алған ғалым: «Мен өзімді жиырмадағы жас жігіттей сезініп тұрмын. Бойыма жаңа қуат, жаңа күш енгендей. Еңбегімді зор бағалаған Сізге деген алғысым шексіз, Сіз маған жаңа шабыт бергендей болдыңыз. Рахмет, аға, Тәуелсіз Қазақстан жасасын!» деді. Марапатталғандарды шын жү­ректен құттықтаған Елбасы Н.Назарбаев пенде болғаннан кейін әркімнің еңбегінің бағаланғаны өзі үшін ғана емес, отбасы, бала­лары, туыстары үшін де үлкен ме­рей екенін атап көрсетті. Өзде­ріңіздің еңбектеріңізбен, ақыл-ойларыңызбен жеткен марапат­та­ры­ңыз құтты болсын. Жаңа та­быс­тарға бастасын, деді. Соны­мен бірге, Қазақстан тәуелсізді­гінің берік орнауына өз хал-қадерінше еңбек сіңірген барлық қазақстандықтарға да ризашы­лығын жеткізді. Осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздікті нығайту мен өркендетуге сіңірген еңбек­тері үшін «Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медалін Премьер-Министр К.Мәсімовке, Сенат Төр­ағасы Қ.Мәмиге, Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаевқа, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Му­синге, Конституциялық Ке­ңес Төрағасы И.Роговқа, Жоғар­ғы Сот Төрағасы Б.Бекназаровқа, Ұлттық Банк төрағасы Г.Мар­ченкоға, Орталық сайлау комис­сия­сының төрағасы Қ.Тұрған­құ­лов­қа, «Нұр Отан» ХДП Төраға­сының бірінші орынбасары Н.Нығматулинге, Президенттің кө­мек­шісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хат­шысы М.Тәжинге, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы О.Жұ­ма­бековке, Бас Прокурор А.Дауыл­баевқа, Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­тетінің төрағасы Н.Әбіқаевқа, Рес­пуб­ли­калық бюджеттің орын­да­луын ба­қылау жөніндегі есеп коми­те­тінің төрағасы О.Өксік­баев­қа, Пре­зиденттің Іс басқару­шы­сы С.Үмбетовке, Экономи­ка­лық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы поли­циясы) төрағасы Қ.Қожам­жа­ров­қа, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Ә.Байменовке, Президенттің Күзет қыз­метінің бастығы М.Аюбаевқа, «Сырбар» сыртқы барлау қыз­метінің директоры А.Жанқұ­лиев­ке, Астана мен Алматы қалалары және барлық облыстар әкім­деріне өз қолымен тапсырды.

* * *

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жарлығымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай наград­тал­ған бір топ азаматтарға марапат­ты Мемлекеттік хатшы Қанат Сау­дабаев табыс етті. Олардың арасында І дәрежелі «Барыс» орденін алған «Жібек жолы-Қа­зақ­стан» ҰК» АҚ президенті Асқар Құлыбаев, ІІ дәрежелі «Барыс» орденін алған Орталық Азия университетінің профессоры Жұ­ма­тай Әлиев, ІІІ дәрежелі «Ба­рыс» орденін алған Президенттік мәдениет орталығының дирек­торы Мырзатай Жолдасбеков, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Әлихан Тойбаев, бокстан кәсіпқойлар арасын­дағы әлем чемпионы Бейбіт Шү­менов болды. Сонымен бірге, Мем­лекеттік хатшы Респуб­ли­ка­лық Ұланның бұрынғы қолбас­шысы Абай Тасболатовқа І дәре­желі «Даңқ», Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынба­са­ры Қабдолкәрім Әбдіқазымов пен Ішкі істер әскерлерінің қол­басшысы Руслан Жақсылықовқа және Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоганн Меркельге ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін табыс етті. Ал Президент Әкімшілігінің Ақпараттар және ақпараттық ре­сурстарды қорғау бөлімінің мең­герушісі Ғани Тілеубаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденін алды. Қанат Саудабаевтың қолынан «Парасат» орденін алғандардың арасында Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының директоры Төлеубек Әлпиев, «БанкЦентрКредит» АҚ директорлар кеңе­сінің төрағасы Бақытбек Байсейітов, Президенттің Парламенттегі өкілдігінің басшысы Асқар Бейсенбаев, «Базис» құрылыс ком­паниясы» ЖШС директорлар ке­ңесінің төрағасы Александр Белович, Президент Әкімшілігі Бас­шысының орынбасары Талғат Донақов, Сыртқы істер мини­стр­лігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев, Ұлттық инженерлік академияның бірінші вице-президенті Нәдір Нәдіров, «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Жанай Омаров, Солтүстік Қазақстан облысындағы Ғ.Мүсірепов ауда­нының әкімі Марат Тасма­ған­бетов, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун, «Қазақстанның халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, Президент Әкім­ші­лігі Құқық қорғау жүйесі бөлі­мі­нің меңгерушісі Алик Шпекбаев болды. ІІ дәрежелі «Достық» орденін Қ.Саудабаев «Mabetex group» компаниясының басшысы Паколли Бехджет пен Ресейдің С.Герасимов атындағы Бүкілресейлік ки­нематография институтының ректоры Владимир Малышевке тапсырды. Мемлекеттік хатшының қолы­нан Президент Әкімшілігі Мем­ле­кеттік-құқықтық бөлімінің мең­герушісі Инна Ахметова, Тал­дықорған қаласының әкімі Махаббат Бигелдиев, «Қазақте­ле­ком» АҚ басқармасының төр­ағасы Қуанышбек Есекеев, «Аргументы и факты в Казахстане» газетінің бас редакторы Сергей Кузовников, Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай, «Нұр Отан» ХДП хат­шысы Қайрат Сатыбалды «Құр­мет» орденін алды. Ал «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, «Караван» республи­ка­лық газетінің бас редакторы Әділ Ибраев және Астана қала­сындағы мемлекеттік филар­мо­нияның актрисасы Татьяна Хасьянова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Президент Жарлығымен берілген марапаттар осы күні басқа жерлерде де құрметпен тапсы­ры­лып жатты. Соның ішінде «Құр­мет» орденімен марапатталған әріптесіміз Сүлеймен Мәметке Жазушылар одағы басқар­ма­сы­ның төрағасы Н.Оразалин мара­пат­ын редакциямызға әкеліп тап­сырды. Ал «Қазақстан Тәуел­сіз­дігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен наградталған әріптесте­рі­міз Самат Мұса, Қайсар Әлім, Марат Аққұл, Сүлеймен Мәмет, Мәдина Жолдасбаева және Ба­зар­күл Ахметке ма­рапаттары Бай­ла­ныс және ақ­парат министрлігінде табыс етілді. Еңбектері еленген бар­лық әріп­тестерімізге отбасы­лық аман­дық пен шығар­ма­шылық жаңа табыс тілейміз. Жақсыбай САМРАТ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.