04 Шілде, 2018

Елорда 70 мэрдің басын қосты

364 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астанада «Global Silk Road» Жібек жолы елдері қала мэр­лерінің екі күндік форумы болып өтті. ХІ Астана экономикалық форумының жалпы отырысында Мемлекет басшысы елордада ел мен елді байланыстырар, қалаларды жақындастырар ауқымды жиын өткізілетіндігін хабарлаған еді. Аталған форумға 60 елден 2000-нан астам қатысушы тіркеліп, оның ішінде Жібек жолы бойындағы 11 елден 70 мэр және 150 шетелдік спикер, қаланың шаруасын жетік біле­тін басшылар Қазақстанның елор­дасына жиналып, тәжірибе ал­масып, оң жетістіктерімен бөліс­ті.

Елорда 70 мэрдің басын қосты

 

Халықаралық жиынның бірінші күні «Ақылды қалалардағы инвес­тиция», «MICE: Бизнес-туризм», «Қаланың тұрақтылығы: экспорт­тық экологиялық технологиялар және экологиялық тұрақтылық», «Blockchain дамыған, тұрақты және ауасы таза қалалар үшін» және тағы бас­қа тақырыптар бойынша келелі келіссөздер, қызу жарыссөздер өтті.

Мәселен, «Blockchain дамыған, тұрақты және ауасы таза қалалар үшін» тақырыбымен өткен сессия жұмысында Астана қаласы әкімдігі Инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров Астана бү­гінде бастапқыдағы мемлекеттік қыз­меткерлер қаласы атауынан кәсіп­керлер қаласы деген атауға ауыса бас­тағандығын атап өтіп, сөзін дәйекті деректермен бекіте түсті.

Жалпы, форумда ХХІ ғасырдағы Жібек жолы бойындағы мемлекеттерде цифрландырудың маңызды мәселелері, тұрақты даму, экономикалық теңсіз­дікті төмендету, халықаралық сауда­ның жаңа ережелерінің сұлбасын анық­тау, криптовалюталарды пайдалану мен реттеу, халықаралық іскерлік ын­тымақтастықты ұйымдастырудың жаңа форматын пайдалану және т.б. мәселелер кеңінен талқыланды. Бір сөзбен айтқанда, заманауи жаңалықтар мен жаңашылдықтар арқылы ілгері басу, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту мен жеңілдету басты мәсе­лелер­дің қатарына шығарылды.

Форумда «Жібек жолының алтын көпірі» архитектуралық кешенінің іргетасын қалау да тарихи сәт болып қалады, бұл достық символын әлемге танымал қытайлық өнер қайраткері Шу Юн салған. Көпірдің ұзындығы – 28 метр. Скульптура тағдыры ортақ ғаламдық қауымдастық құру арманы мен көпшіліктің мүддесін және жауапкершілігін бейнелейді. Енді көпір құрылысы Астанада таяу күндері басталуы тиіс.

Форумның бірінші күні-ақ шетел­дік қала басшылары Астананың жетіс­­тіктеріне тамсана қарап, оң тә­жі­­ри­белеріне сүйсініп жатты. Мәсе­лен, Жібек жолы елдері қала­лары басшыларының форумында Үндіс­танның Пуна қаласының мэрі Тилак Мукта Астананың қарқынды түрде дамып жатқанын, оны әлемдегі басқа астаналарға үлгі етуге болатындығын айтты.

– Мен бұл қала туралы көп естідім. Өте қарқынды дамып жатыр деп есептеймін. Астана – басқаларға үлгі болар шаһар. Ал «Ақылды қалалар» – жаңа ұғымдардың бірі. Мен бұл форумға технологиялар, «ақылды қалалар» туралы көбірек білу үшін кел­дім. Оның нәтижелері біздің қаламыз үшін жемісті болады деген ойдамын. Үндістан халқы көп мемлекеттердің бірі болғандықтан біз қоршаған ортаға қатысты проблеманы дұрыс жолмен шешуге мүдделіміз, – деді ол.

Ал форумның екінші күні Бейбіт­шілік және келісім сарайында өт­кен жалпы отырысты Болгария Респуб­ликасының бұрынғы президенті Петр Стоянов жүргізіп, алғашқы сөзді Ас­тана әкіміне берді.

Әсет Исекешев: «Астана – еліміздің ең маңызды жобасы. Оның авторы және негізгі сәулетшісі – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Бүгінде елордамыз ғасырлар тоғысында кең қадам жасап, әлемге танылды. Экономикасы мен инфрақұрылымы қалыптасқан мегаполиске айналды. Инвестиция тартып, туризмді дамытып, смарт-ситиді қалыптастыруға бет бұрған Астана үшін бүгінгі кездесу өте маңызды. Өйткені бұл форум – сіздермен тәжірибемен бөлісуге, пікір алмасуға, жалпы қалалар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізеді», – дей келе Астананың кеше­гісі, бүгінгісі мен межеленген болаша­ғына шолу жасап өтті.

Оның айтуынша, Астана салыстырмалы түрде әлемдегі жылдам дамып келе жатқан қалалардың бірі және ғаламдық деңгейдегі урбанистикалық жоба болып отыр. Соңғы 20 жылдың ішінде қала халқы 3 есеге артып, 1 миллиондық межені бағындырды. Ал қала аумағы 3 есеге ұлғайды, авто­көліктер саны 10 есеге артты, жаңадан салынған тұрғын үйлердің көлемі 19 есеге көбейді. Жыл сайын елордада 2 млн шаршы метр тұрғын үй пай­далануға беріліп келеді. Сондай-ақ Аст­анаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі жиырма жылда 47,7 млрд АҚШ долларына жеткен немесе 1997 жылмен салыстыра қарағанда 49 есе өсім тіркелген.

– Астананың мұнайлы және өнер­­кәсіп аймағы емес екенін ескер­гендіктен, инновация мен бизнесті дамыту маңызды болды. Осыған қарамастан, өнім өндіру көлемі 12,6 млн долларды құрады және қала экономикасының құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі 57 пайызға өсті, – деді Ә.Исекешев.

Пленарлық отырыста жоғарыда аталған Болгарияның бұрынғы басшысынан бөлек, Норвегия парламентінің мүшесі, «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының вице-президенті Тор Вестби, Жібек жолы халықаралық ғылым академиясының бірінші вице-президенті Нұртай Әбіқаев, «Жібек жолы» халықаралық сауда палатасының бас хатшысы Ли Чжунханг, Астана халықаралық қар­жы орталығы және арбитраждық орталығының сот тіркеушісі К.Кэмпел-Холт, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чжунг, Мәскеу сауда-өнеркәсіп палатасының прези­денті Владимир Платонов, Халық­аралық қоғамдық көлік одағының бас хатшысы М.Мезганилер форумға қатысушыларға құттықтау сөздерін арнады.

Ал іс-шарада елдің іздегені де, күткені де гонконгтық Hanson Robotics компаниясы жасаған гиноид Софияның сөзі еді. Бұл робот кәдімгі адами мінез-құлыққа ие және адамдармен тіл табыса алады. София бұған дейін де төрткүл дүниедегі айтулы шараларға қонақ ретінде шақырту алып, адам санасы мен қиялының озық жетістігі ретінде ерекше танымалдыққа ие болды. Ал былтыр осы роботқа Сауд Арабиясының азаматтығы бе­рілді. Бет пішіні, тіпті терісіне дейін адамға ұқсатылған жасанды интеллектінің алғашқы қарлығашы қала мэрлерінің алдында сөз сөйлеуге арнайы шақырылған.

«Маған ЮНЕСКО-ның «Бейбіт­шілік қаласы» мәртебесі бар Астана қатты ұнады. Астаналықтар ерекше қонақжай екен. Мен өзіме берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, Жібек жолы елдері қалаларының мэрлер форумын ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Осы форум арқылы Астана Жібек жолы елдерінің іскерлікті және мәдениетті дамытатын әлемдік көшбасшы қалалар арасында бола алатындығына және болашақта Жібек жолы бойы халықтарының ор­талық диалогының шаңырағына айналатынына сенімдімін. Ал Қазақстан Президентінің G-Global бастамасы экономикалық және әлеуметтік дамуға үлкен үлес қосатын бірегей жоба. Мен осы бастаманың принциптерін қолдаймын және атап айтқанда, оларды БҰҰ алаңында қолдауға дайынмын», деген София роботтың сөзін жиналғандар ұйып тыңдады.

Тағы бір атап өтерлігі, форум аясында роботтың астаналық жас­тармен кездесуі ұйымдастырылып, жасанды санасы бар робот мектеп оқушыларының сауалдарына жауап берді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Мүмкіндігі мол «smartlook»

Технология • Бүгін, 08:12

Ертеңгі күннің жобасы

Экономика • Бүгін, 08:02

Салаға арналған сан алуан өнім

Экономика • Бүгін, 08:01

Тоғанда тұқы өсіреді

Аймақтар • Бүгін, 07:50