Қазақстан • 05 Шілде, 2018

Батыс Қазақстан облысында аспаннан белгісіз нысан құлады

698 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданына қарасты Бостандық ауылының тұрғындары 5 шілдеге қараған түні аспаннан от болып жанып құлап келе жатқан белгісіз нысанды көрген. Қазталов аудандық Ішкі істер бөлімінің кезекшісі, полиция лейтенанты А.Әубекеров оқыс хабарды түнгі 12-ден 7 минут өткенде тіркеген.

Батыс Қазақстан облысында аспаннан белгісіз нысан құлады

Кейін тексеру жұмыстары белгісіз нысанның Қарасу мен Жұлдыз ауылдарының аралығына құлағанын нақтылады. Жалпақтал полиция бөлімі бастығының орынбасары А.Сарбалин бастаған жедел өкіл Р.Ғайнедденов, учаскелік инспектор А.Борашев, инспектор А.Нұғмановтар оқиға орнына алдымен жеткен. Аудан орталығы Қазталов ауданынан аудан әкімі А.Шыныбеков, орынбасары Н.Құтқожин, аудандық ІІБ бастығы Р.Дегенбаев, Төтенше жағдай өкілі А.Насипов және өрт сөндіру машинасы да «шақырылмаған қонақ» құлаған жерге жиналды.

Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Р.Дегенбаевтың хабарлауынша, белгісіз нысан Жалпақтал-Қарасу жолынан 300 метр қашықта, Жұлдыз ауылынан 15 шақырым жерге құлаған. «Шардың диаметрі шамамен 3 метрдей болған сияқты, мата тәрізді жұмсақ материалдан жасалғаны байқалады. Орта шамасында люк тәрізді, қаз-қатар 36 бұрандамен бекітілген бөлігі бүлінбей сақталған, әлдебір тұрбалар бекітілген орындары көрініп тұр. Оқиға орнында әртүрлі нәрселер шашылған, жолдың келесі бетінде, шамамен 1 шақырымдай жерде 2 түрлі шағын бөлшек құлаған. Нысанның құлаған жерінен өрт шығып, ол түнгі 1-ден 20 минут өткенде сөндірілген.

Бір таңғаларлығы, «отты шар» құлаған соң сол маңдағы ұялы байланыс, телефондар әлсін-әлі жасамай, байланыс жүйесінде ақау байқалған.

«Қазталов ауданының территориясына металл бөлшегі түскені рас. Адам немесе мал шығыны жоқ. Металл түскен жерге жақын елді мекен 16 шақырым. Дәл қазір төтенше жағдайлар мен экологтардан құралған комиссия жұмыс істеп жатыр. Қорытындысы бойынша қосымша мәлімдейміз» деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан