Сәбит Оразбаев: Таланттың тағдырын түсінетін мәдениет қалыптасуы керек

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаевпен сұхбат. 

Егемен Қазақстан
06.07.2018 3746

– «Жасы үлкен ағаларым мен апаларым түгілі, қалжыңым жарасқан қатарластарымның бәрі өмірден озды. Солардың іздеушісі, сұраушысы болсын деп, Алла тағала мені солардың соңына әдейі қалдырған шығар» деген едіңіз бірде?

– Қарап отырсам, бізге қарағанда әлдеқайда талантты тұлғалар қазір ұмытылып бара жатыр. Құдды ондай адамдар өмір сүрмегендей дүние міз бақпайды, іздеушісі-сұраушысы жоқ сол асылдар есіме түскенде жанымды қоярға жер таппай кетемін. Мысалы, Фарида Шәріпова мен Ыдырыс Ноғайбаевты алайық. Екеуінің ойнамаған рөлі, алмаған атағы жоқ, еңбекқорлығының арқасында бір талант армандайтын даңқтың бәрін иеленді, дақпырты алысқа тарады, үлгілі отбасы болды. Мәскеу де, Қазақстан да екеуін жақсы көрді. Енді міне, кешегі жарқылдаған өмірден жарты сүйем белгі жоқ, пұлсыз жаратып, құнсыз алатын ажал келіп қанжығасына бөктеріп әкеткелі екеуінің есімі көмескі тартты. Қатар келген екеуінің 80, 85 жылдық мерейтойларын театр шама-шарқынша атап өтті. «Әттең» дейсің. Қарапайым адамдарда талантты адамдардың тағдырын түсінуге, қабылдауға үйренетін мәдениет қалыптасуы керек. Жүзді, мыңды жарып шыққан табиғи таланттар шоғыры бізде соншама көп те емес қой, әрқайсысының әділ бағасын беріп, олар туралы жиі-жиі айтып, дәріптеп отырсақ, сонда ғана олар шоқтана түседі, ұрпақ та оларды ұмытпайды. 

– Әжептәуір белгілі адамдардың айтысын, араздығын көргенде, бүгінгі қоғамда парасатты пікір таластыру, дені сау көзқарас қайшылығы да қалмай бара ма дейсің. Бұрын да болды ғой, жақсылардың арасындағы жаға жыртысу қалай шешімін табатын еді?

– Бұл өзі соншама ұсақ мәселе бола тұра, ұлттық мәселеден бір мысқал да кем емес назар аударуға тұрарлық жағдай. Бір нәрсені айтайын, актерлер ұзақ уақыт араздасып жүре алмайды. Өйткені оларға бәрібір бір спектакльде бас қосуға тура келеді. Бұрышты бір айналып келсе болды, бір-бірінің арқасынан қағып қайтып келеді. Театр актерлерінің ішінде мінездісі Нұрмұхан ағам еді. Әділетсіздікті көріп қалса, бойына күш құйыла кететін. Қалкен Әділшінов деген өте бір әділ ағамыз болды. Басшыларға қасқайып қарап тұрып: «Әй, демалыс үйіне жыл сайын өздерің бара бергенше, біз секілді кедей-кепшікке де бір уақ қарассаңдар қайтеді?» деп оқты көзін директор, парторг, профкомға жағалата қадап, театрдағы кей келеңсіздіктерді шымбайына батырып айтып жататын. Бірақ көрінеу көзге әділетсіздік көрсе күйіп кетіп, онысын ойланып жатпастан оңдырмай айтып салатын Нұрмұхан Жантөриннің де, Гүлзипа Сыздықованың да тағдыры оңбады. Бетің бар, жүзің бар демей, тіліп тұрып айтатын тік мінезі болмағанда Нұрмұхан ағам КСРО халық әртістігін де, КСРО мемлекеттік сыйлығын да қатарының алды болып алып кететіндердің біреуі еді. Осындайда еске түседі, Нұрмұхан ағаның шаштараздық өнері бар еді. Сәбит Мұқанов шашын тек қана Нұрмұханға алдыратын. Ол заманда атақты Орталық Комитет береді, ол үшін театрдан мінездеме сұралады. Ал театрдың Нұрмұханға келгенде мінездемені мінсіз етіп жазып бермесі белгілі. Кейде ойлаймын, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, Мәскеудің өзіне тікелей сөзі өтетін Сәбең Нұрмұханның намысын жыртып, неге көмектеспеді екен?» деп. Сөйткен Нұрмұхан аға сол мінездің кесірінен театрдан үш рет шығып, үш рет қайта келді. Әзекең екеуі сонша тартысты, нәтижесі не болды: бойындағы таланты бұрқ-сарқ етіп қайнап тұрған шағында Нұрмұханның тауы шағылды, қазақ өнері зардап шекті. Айналып келгенде, таланттың соры мінезден болады екен.

– «Театрда еті тірі, пысық, өткір болмасаң, жеп қояды, таптап кетеді» дейтін сөз рас па?

– Белгілі бір мөлшерде рас сөз. Актерлік мамандық ешкімді аямайтын аса қатал мамандық. Сәл жуас болсаң, жолдан шығасың. Есінеп, аузыңды ашып жүрсең, қатардан қалуың оп-оңай. Ынжықтығыңды көрсе, режиссер түгілі, қатарлас әріптес­тер­дің өзі мазақтап, ығырыңды шығарады. Көп білетін, көп оқыған әртістің бәсі бөлек. Баяғыда Жұмабай Медетбаев алғаш Қарақалпақстан театрынан бізге ауысып келгенде, көп шетқақпайлық көрді. Жұмабайдың актерлер отыратын бөлмеге «Асса-алау-маға-лей-кум!» деп дауысын созыңқырап, әндете амандасып кіретін әдеті бар еді. Біреу бас изеген болады, біреу үндемейді, біреу тіпті көрмеген кейіп танытады. Сонда Жұмабай өзіне-өзі: «Уа-а-ғалей-кума-а-ас-салам» деп шығып кететін. Осындай тапқырлық та актердің ортадағы орнын белгілеп береді. Ал енді қулық, жылпостық дегеніңіз театрда жүрмейді. Мұндай актерге рөл берілсе, болды, оның кім екенін аузынан шыққан алғашқы сөйлемінің өзі-ақ айғақтап беретін. Біз, актерлер, бәріміз кермеде тұрған аттар сияқтымыз. Топ жаруды ғана ойлап тұрамыз. Бәйгеге қосылғалы тұрып, сәл ғана босаңдық таныттың ба, өз үкімімді өзім шығардым деп есептей бергейсің.

– Сіздіңше театрды кім басқарған дұрыс: әкімші ме, режиссер ме, актер ме? Қайсысы басқарса, театр ұтады?

– Жүзге қадам басқан әкем театрдың тарихында Әзірбайжан Мәмбетовтей басқарған басшы некен-саяқ десем, үлкен-кішіден талас тудыра қоятын ешкім табыла қоймас. Баяғыда сол Әзекең алғаш Мәскеуден оқу бітіріп келіп, біздің сахнамызда «Блудный сын» деген тырнақалды спектаклін қойғанда, ерекше қолтаңбасын байқаған жұрт: «жақсы екен, жақсы екен» дескенімен, «қап-ай, қазақша білмейтін жігіт екен, қазақ театрына қалай спектакль қоймақшы» деп сол сөзінен тайқып шыққан. Сонда С.Қожамқұлов айғайды салыпты: «Қазақша білмейді деп неге сонша сөгесіңдер? Айналайындар-ау, қазақша білмек түгілі үйренгісі де келмейтін орыстар басқарғанда да үндемеп едіңдер ғой. Бір ауыз сөз айтуға жарамап едіңдер, жаңадан келген жас баланың түгін қалдырмай талап жатырсыңдар. Білмесе, үйретеміз». Әзекеңнің бірден-бір қолдаушысы болған Серағаң өзі бас болып, расында да көп көмектесті. Әзекеңнің актерлермен жұмыс істей білетін қасиетін, пьеса танудағы, драматург таңдаудағы биік өресі, жалпы өнерге келгенде дүниені ұмытып ізденетінін, жарыққа шығарғанша өзін де, өзгені де аяусыз қинайтынын көзім көріп және соның нәтижесінің қандай болғанына куә болған соң шығар, жалпы театрды режиссер басқаруы керек деп топшылаймын. Мынау жаңадан басшы болып келіп жатқан Асхат Маемиров деген жігіт те режиссер. Қалың қазақ мекендеген ауылда туып, шетелде білім алған басшымызға ішімнің жылығаны бар. Театрға басшы болып келісімен биыл 100-ге толған Х.Бөкееваның аруағын сыйлап әртістердің бір тобын оның туған жері Батыс Қазақстан облысына бас-
тап барды. 70-ке келіп жатқан марқұм Ә.Боранбаевтың мерейтойына байланысты бірнеше спектакльді алып актер туып-өскен Арқалыққа, сонау Ақтөбеге гастроль ұйымдастырып, аруақтарға тағзым етіп, жерлестерін қуантты. Гастрольге аттанар алдында бүкіл театр ұжымымен Кеңсайдағы зиратқа барып, о дүниелік болғандардың рухына құран бағыштатып, ас бергізді. Мұны мен Асхаттың білгендігі деп есептеймін.

– Театрдың «Көрермендер агенттігі» деген бөлімі спектакль тамашалауға келген көрермендерге күн сайын сауалнама жүргізіп «сіз театрға не үшін келесіз?», «қандай актерді көргіңіз келеді?» деген сұрақ қойып, сол жауаптардың нәтижесі бойынша шығарылған қорытындыны айдың соңында қабырғадағы тақтаға іліп қояды. Байқағаным, сол тізімдегі Әуезов театрының 85 актерінің көшін бірінші Азамат Сатыбалды бастайды да, екінші орында КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, үшінші Құман Тастанбеков, төртінші Бекжан Тұрыс болып жалғасып кете береді. Сонда қалай болғаны, көрермен театрға спектакль үшін емес, пьеса үшін емес, жеке актерді көру үшін келе ме?

– Бұл дәстүр атам заманнан бері бар. Білуімше, Азамат қазір де көш бастайтын болуы керек. Өйткені біздің театрымыздағы басты рөлдердің көбі Азаматтың еншісінде. Дауыс та бар, түр де бар, тұрпат та келісті. Бірақ бәрібір Молдабековтей емес. А.Сатыбалдының көрерменге сүйікті болуының үлкен себебі, киноға көп түсетін театр актері тез танымал болады. Асанәлі де киноға жастай түсті, атағы да жылдам дүркіреді. Сосын көрермен тарапынан «ал театрдағы рөлі қандай екен?» деген әуестік болуы мүмкін. Шынтуайтында, кезінде көрермен театрға тек Фариданы көру үшін келетін. «Осыны жолатпа деп едім, тілімді алмадың» деп Сәбира апам Мәмбетовке кейіп, күйіп-пісіп отырғанын көрдік. Сонда Әзекеңнің күліп: «Бәсеке, жарыс – өмір ғой, Сәбира. Сен осы театрдың анасы емессің бе, кішкене кең болсаңшы. Сен де кем емессің, өзіңнен асып түсіп жатса, театрдың абыройы артты деп қуанбайсың ба қайта» дегені есімде. Сәбира апамның өкпелейтін де жөні бар еді. Фариданың жұлдызы театрға келісімен бірден жанды, героинялардың бәрін керемет ойнап шықты. Ал Фаридаға дейін Сәбира апамның тұспа-тұс серіктесі Сталиндік сыйлықты иеленген Рахия Қойшыбаева апамыз болды. Тамағында білінер-білінбес аздаған қырыл аралас әдемі дауысы бар ешкімге ұқсамайтын ғажап актриса еді. Екеуі де Абайдың анасының рөлін ойнады. Құдайшылығын айту керек, Сәбира апам оның да тасасында екінші планда болды. Сондықтан көрермен театрға жеке актер үшін келеді деп өкпелемеу керек, қайта сол актер арқылы театрмен танысады, спектакльден ләззат алады, жалпы өнерге деген құрметі оянады.

– Сіздің Хадиша Бөкеева туралы әңгімелеріңізді күлмей отырып тыңдамау мүмкін емес, оқырманымызға да қызық болар, бір парасын баяндап берсеңіз...

– Бекзат болмысты Хадиша апамды құдай тағала о баста бөлек етіп жаратқан ғой. Ол кісі қашан көрсең де дауысқа арналған жаттығу жасап жүретін. Өзі театрда жүр ме, қонақта отыр ма, әлдеқандай лауазымды тұлғаның қабылдауында ма, оған бәрібір болатын, уақыты келсе болды, тамағын кенеп-кенеп жіберіп, кеңірдегін созып «ми-ми-ми-ми», «а-а-а-а-а», «о-о-о-о-о» деп неше түрлі дыбыстарды құйқылжытып, жаттығуын жасай беретін. 

Шығыс Қазақстан облысына гастрольге бірге барып, көресіні осы Хадиша апамнан көргем. Жарықтық жылан шағып алатындай өмірі төрге отырмайтын. Тура есіктің көзіне барып сығырайып отырып алады. «Апай, қызық екенсіз ғой, төрге сонда мына боқмұрындар отыра ма? Шықсаңызшы» десең, «жоқ, жоқ, осы жерде отыра беремін. Төрде отыратындай менің әлі еңбегім сіңген жоқ», дейді. Өзі КСРО халық әртісі. «Елге келіп отырсыз. Құрметін қабыл алмасаңыз, бұлар ренжиді. Атағыңыз жер жарады, жасыңыз да үлкен» десең, «Қойшы, Сәбитжан, сол жерге отырмай-ақ қояйыншы. Төрге шықтың, бітті, бәрі жабылып өтірік мақтауды бастайды. Ішті кептіретін сол өтіріктерден өзім ұялып кетемін, кірерге тесік таппай қиналамын, мені ондай азапқа салмаңдаршы» дейтін жалынғандай болып. 

Қызық болды. 1980 жылдардың басында Ленинградта оқыған, мәдениет көрген ақсүйек апам театрда бірінші болып «Запорожец» көлігін сатып алды. Ол кісінің жүргізушілігі жайлы хикая өз алдына бөлек әңгіме. Сонымен «Запорожецін» мініп зырылдап театрға келді. Не түлен түрткенін білмеймін, қарап тұрмай, Мәмбетов Хадиша апайға тиіссін. «Әй, күйеуің екеуің де халық әртісісіңдер. Мынауың не, қанден итке мініп алғандай қалтаң-қалтаң еткізіп...» «Өзіме жарап тұр. Жұмысқа келем, дачаға барамын, шаруамның бәрін осы тындырып береді. Ал өзің машина айдай аласың ба?» деп еді, Әзекең: «әрине, білемін, әкел кілтті, көрсетейін», деді. Машинаны тұраққа әкеп қойған соң дөңгелегін түзулеп қояды емес пе, ал Хадиша апай бұрылған күйі қалай келді, көлікті солай қоя салған. Әзекең көлікті оталдырып, газды басып жібергені сол еді, «Запорожец» атқан оқтай зу етіп театрдың алдынан өтіп, сонау өрде тұрған қайыңға тұмсықпен барып тірелді. Қас пен көздің арасында өзі шүйкедей ғана машинаның алдыңғы жағы мыж-мыж болды да қалды. Айналайын, Хадиша апам-ай, заты асыл маңғаз адам еді ғой, қабағын болар-болмас сәл ғана шытып қалғанымен, ренжіген жоқ. Бар айтқаны: «жалпы, ер адам білетін нәрсесін білемін деуі керек, білмейтінін білмеймін деуі керек. Тұмсықты тықпайтын жерге тыққанды қою керек» деді. «Машина аламын» деп дайындалып, ақшасын жинап жүрген Әзекеңнің қорқып қалғаны сонша, көлік сатып алмақ түгілі, содан кейін машинаның маңайынан жүрмейтін болды. 

– Сіз «экономикалық тәуелсіздікке» ертерек қол жеткізген театрдағы санаулы актердің бірісіз. Талантты адамдар, әдетте, тіршілікке епсіз келетін еді, бизнес тілін қалай меңгеріп жүрсіз?

– Күрмеуге келмейтін қысқа жіп адамды ойландырмай қоймайды. Анау Фудзияма тауына табынып, ең «мини-мини» аралдарды мекендеп, біздің бір облысымыздай жердің ауқымына әрең сыйып, жан бағып отырған жапон жұрты жетіскеннен бай мемлекетке айналды ма? Ұлттың басына түскен нәубет, жан-жақтағы басқыншылардың озбырлығы, мұқтаждық жапон халқын еңбекқор болуға, заң сыйлауға, тәртіпке құл болуға, білімді болуға мәжбүрледі. Бұл кең ауқымдағы мәселе ғой, ал менің жағдайымда тап осындай амалсыздық, жалаңаяқтық ертерек ес жиып, тіршілікке бейім болуға үйретті. Әкем ерте қайтыс болды, жесір әйелдің баласы Алматыға оқу іздеп келгеніме қарамай, көп ұзамай анамды да қолыма көшіріп алдым емес пе? Жігіт күнімде екі қолым күректей, қос жауырыным қақпақтай, қауқарлы едім. «Қара жұмыс, таза жұмыс» деп талғап жатпастан, табылған жұмыстың бәрін де тастамай істедім. Қадыр ақынның айтатыны бар: «Ең жаман жұмыстың өзі жұмыссыздықтан жақсы» деп. Задында солай ғой. Вокзалда майкаларын басына байлап алып, бұрқ-бұрқ еткізіп цемент түсірген жігіттердің жанында да бірталай жүрдім. Киім де тіктім. Сөйтіп жүргенде осы ТЮЗ-дың алдында бір топ жігіттермен қауқылдасып тұрғанымызда, Кавказға, еліне кетіп бара жатқан Аделгерей деген балкар жігіті жанымызға келіп, бізге бүкіл жабдығы бар қымбат фотоаппаратты көрсетіп «сатамын, аласыңдар ма?», деді. Жігіттер көз қырын да салмады, ал мен саудаласа келіп, бағасына келісіп алатын болдым. «ФЭД»-ті алғаннан кейін суретке түсірумен шындап шұғылдануға ден қойдым. Бірақ кімге сатамын? Асанәлі мен Райымбекті түсірсем, олар маған көк тиын да төлемейді. Не істемек керек? Бірде Фурманов көшесімен төмен құлдилап бара жатсам, бір жер үйдің ауласында қалай болса солай кесілген ағаш тау болып үйіліп жатыр екен. Үйдің есігін қағып: «Аға, мына ағаштарыңызды жарып, қораңызға кіргізіп, реттеп, жинап берейін» дедім. Қожайын бірден келісті. Екі күн отырып отынды бұтап, кірпіш сияқты қалап беріп едім, әйелі Шәрипа апа қуанып, сол күннен бастап мені баласындай көрді. Балалар бақшасының меңгерушісі болып істейтін Шәрипа апамның арқасында менің фотографтық өнерім жанданып жүре береді. Ол кісі маған төрт балабақша тауып берді. 1-курстың студенті үшін бұл адам сенбейтін табыс көзі еді. Апам екеуміз көмескі ғана сәуле түсетін сызды жертөледе тұрушы едік, сөйтіп менің табысымның арқасында жердің бетіне шықтық.

– Билікке көзқарасыңыздың қандай екенін білмейміз, бірақ әкімдердің, биліктегі жоғары шенділердің біразының сізді жақсы көретінін білеміз. Қалай ойлайсыз, Президенттің досы болғаныңыз үшін емес пе?

– Нұрсұлтанмен жылы қарым-қатынасымыздың үзілмей келе жатқанына, бұйырса, міне, қырық жыл болды. Ол «Назарбаев» деген президент, мен «Оразбаев» дейтін белгілі актер болмай тұрған кезімізден басталған достығымыз осы уақытқа дейін жалғасын тауып келсе, ол Нұрекеңнің өнерді алабөтен қадірлейтін қасиетінен болар. Өзім де елге қызмет ету үшін атқа мінген азаматтардың бәріне «аман бол, абыройлы бол» деп тілек қосып отыратын адаммын. Бірде Астанада үлкен жиын өтетін болып, шақырылған қонақтар сап түзеп тұрмыз. Бірінші қатарда кілең облыс әкімдері тізілген, бір қанатында – біз. Нұрекең әдеттегідей жағалата қол беріп амандасып келе жатты да, Қажымұрат Нағыманов деген әкімнің тұсына келіп, қолын соза бергенде: «Нұреке, ең жақсы әкім мына Нағыманов» деп сонау жерде тұрып айғайлап жібердім. «Несімен жақсы бұл?» деп Президент маған жалт қарады. «Жезқазғанда әкім болып тұрғанда үш рет театр фестивалін өткізді. Бірде-бір әкім олай жасаған емес. Өнерді қадірлейтін азамат екен», дедім. «Рас па?» деп Президент өзінен сұрады. «Рас», деді ол. Қажымұратқа ықыластана қараған Президент: «Жарайсың, егер сені Әуезов театрының әртісі мақтап жатса, жаман әкім болмағаның», деп арқасынан қақты. «Сен қорықпайсың, ей, Сәбит» деді жанымда тұрған ақын Н.Оразалин. «Атам заманнан араласқан адамым, несіне қаймығамын?» дедім. Бұл жағдайдың бәрін әкімдер кірпік қақпай бақылап тұр. Бірақ біреу туралы айрықша мақтау айтқанның да артында салмағы болады екен. Әлгі жерде өзім туған оңтүстіктің әкімдері реніш білдірді. Бірін асқақтатып, бірін аласартып аламын деп ойламап едім. Бірақ сол бір аумалы-төкпелі қиын уақытта өнердің құты қашып, әртістердің еңсесі түсіп жүрген кезінде бүкіл республика театрларын шақырып, ел-жұртына өнер мерекесін жасап берген ерлігіне риза болғанымызды біз, өнер адамдары ғана емес, Президент те білсінші дегенім рас еді. 

– Нұрсұлтан Әбішұлымен таныс­тығыңыз қалай басталған еді?

– Белгілі партия және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров деген ағамыз өткен дүниеден. Сол кісінің көмекшісі Шаншар деген бауырымыз: «Сәбе, бүгін үйге өзім үшін өте қадірлі бір азаматты қонақ болуға шақырып едім, сен де ішінде бол, әніңді айтып, өлеңіңді оқып, алыстан келген мейманға бірге құрмет көрсетейік» деп қолқа салды. Айтылған уақытта барсам, дастарқан басында келбеті келісті жігіт отыр. «Танысып қой, М.Әуезов театрының актері Сәбит Оразбаев» деп таныстыра бастағаны сол еді, әлгі бейтаныс жігіт: «Мен Сәбит ағамызды танимын ғой. Теледидардан бұл кісі жүргізетін «Халық қазынасы» хабарын үзбей көремін» дегені сол еді, «танимын» дегеніне ішім жылып, өзімді демде атақты адамдай сезініп, дүрдей боп шыға келдім. Нұрсұлтанның Теміртау қаласынан Алматыға Жоғары партия мектебінің үш айлық курсына оқуға келген беті екен. Сөзге ұста, шешен, өткір жігіт екені көрініп тұр. Түнімен ән айтылды, термелетіп, жыр төктік. Нұрсұлтан қолқалап «Төле бидің толғауын» қос-қосынан қайыра айтқызды. Алматыдан аттанып бара жатып теміртаулық жаңа танысым келер жазға қонаққа шақырып кетті. Сәті түсіп, келер жылы мен оны Теміртауға іздеп бардым. Әлі есімде, алғаш дастарқан басына жайғасып отырғанымыз сол еді, Сара сап-сары етіп қуырылған картоптың иісін бұрқыратып алдымызға әкеп қойды. Қазынаның екі бөлмелі пәтерінде маған таңсық көрінгені магнитофон болды. Мұндайды біз әлі көрмегенбіз. Нұрсұлтан күн қапырық, аптап ыстық болған соң көлдің арғы бетіндегі саяжайда демалып қайтуға ұсыныс білдірді. Менің келу құрметіме кешке бір топ жолдастарын қонаққа шақырды. Көлде күтіп тұрған моторлы қайыққа бізбен бірге ескекші жолсерік те отырған еді. Ұзақтау жерге жүзіп барғаннан кейін аяқ асты аспанды торлай қалған бұлт қас пен көздің арасында қап-қара болып қоюланып, нөсер жаңбыр төпелеп құйып берсін. Көлдің беті алай-дүлей болып, бір дауыл басталды да кетті. Жаңа ғана жарқырап тұрған күннен нышан да жоқ, Нұрсұлтан екеуміз сасып қалдық. «Жүзе білесің бе?» деді. «Білемін». «Онда шешінейік!» Сөйткенше болған жоқ жаңбыр мен қатты желден ескекшіміз қайықтан аударылып кетті. Сонда көрдім, көз алдында суға батқан ескекшіні құтқаруға Нұрекең су астына сүңгіп кетті де, әлгіні суырып алды. 

– Мысалы, 80 жылдық мерей­тойыңыздың қарсаңында қабылдағанда, сіз домбырамен шалқып отырып ән салдыңыз, Нұрсұлтан Әбішұлы жайдары жүзбен сүйсініп отырып тыңдады. «Киімнің жаңасы, достың ескісі жақсы», ескі досыңызбен кездескенде не туралы әңгімелесесіздер?

– Әр кездескенде бірге келген қайраткерлерге қарағанда Нұрекеңнің менің жағдайымды көбірек сұрап, жанымда артығырақ бөгеліп қалатынын байқаймын. «Жағдай қалай?», дейді, «Жағдайым жақсы ғой, бірақ сіздің жағдайыңыздай қайдан болсын», деймін. Мәз болып күледі. Мені көрсе болды, Нұрекеңнің өзі де әзілдегісі келіп тұрады. Өзім де жайшылықта бір иығымды әзілге беріп тұратын адаммын, ол кісі «қалайсың?» дегеннен-ақ жас күнімізден сақталған кіршіксіз көңілдің әсерінен бе, көмейіме бүлкілдеп келіп қалған біратарымды ірікпей айтып қаламын. «Ой, қалай деріңіз бар ма? «Көбелектің кәрісі жоқ, кәріліктің дәрісі жоқ. Кәріліктің дәрісі мына сізбен кездесу» дедім. Бәрі ду күлді. Ондайда мұздай сарайдың сірескен салқын қабырғалары әп-сәтте жылып, өзгелердің де бойын қуаныш кернеп, әдемі бір рәуіш орнайды. Елбасының өнерімді құрметтеп, жақын тұтқаны болар, қыздары Дариға мен Динараны ұзатып, қазақы дәстүрмен құтты орындарына қондыратын кезде алдына салып алып барған құдаларының ішіне Әбіш Кекілбаев екеумізді қосқаны бар. Таңдайына Тәңір түкірген, жөн-жобаны жақсы білетін Әбекең екеуміз біріміз әңгімемен, біріміз әнмен құдалықты қыздырып, туыстық қатынас басталатын маңызды қадамды қолпаштап қайтқанымыз есімде.

– «Президентпен кездескенде елдің жағдайын айтпайды, өз жағдайын айтып, ұпайын түгендеп шығады» деп қарапайым жұрт зиялы қауымға өкпе артып жатады. Президенттен өзіңіз үшін бір нәрсе сұрап көрдіңіз бе?

– Мен өзімде барға өз еңбегіммен, маңдай теріммен жеткен адаммын. «Адамға сенгеннің екі көзі шығады, Аллаға сенгеннің екі бүйірі шығады». Құдайсыз қурай да сынбайтын тіршілікте өз ақылың мен еңбегіңе сүйенгеннен абзалы жоқ. Жалпы сол сұғанақтық танытпай, ешнәрсе сұрамағанымнан да достығымыз осылай ұзаққа созылған болар деп ойлаймын. Бірақ Президенттің бүкіл әрекетін, саясатын қалт жібермей бақылап отырамын. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен 28 жылдың ішінде адамның қиялына сыймайтын қыруар шаруалар атқарылды. Атқарған жұмысын пайызға шағып, қағазбен дәлелдемесең де, көрер көзге көрініп тұр. «Бұлар қай жерге барар дейсің, ертең-ақ өздері еңбектеп алдымызға қайта келеді» деп мысықтілеумен отырғандарды мазақ еткендей Астананы Арқаға көшіруінің өзі дербес саясаткер ретінде қабылдаған оң шешімі, басқа көрсеткен айбары болды. Бірде-бір қазақ баласын маңайына жақындатпаған шекараны халықаралық нормаларға сай заңдастырып, шегендеді. Бұған дейін орталық шекарашыларды тек орыс ұлтынан дайындаған екен, демек құрамында бодан болып отырсақ та, шекара мәселесіне келгенде олар бізге сенбеген. Ең бастысы, ол өнерді жақсы көреді. 1993 жылы алғаш М.Әуезов театрына келіп «Абылайханның ақырғы күндерін» тамашалап, әсерімен бөлісті. Тарихты бір адамдай жақсы білетінін байқатып, өзгертуге тиіс жерлерін айтып, сын-ескертпесін жасады. Кездесу соңында «иә, не өтініштерің бар?» дегенде, директордың өтінішімен баспанасыз жүрген жастар үшін үй сұрауға тура келді. «Ол үшін не істеу керек?» деді. «100 мың доллар беріңіз» дедім. «Жоқ! Ондай ақша жоқ!» деп жанындағы Сарыбай Қалмырзаев марқұм естіген бойы шар етіп, шоршып түсті. «50 мың» береміз» деді сол кездегі Үкімет басшысы. «Түйе сұрасаң, бие береді» дегендей, бергі жақтағы орындаушылар көп ұзамай театрға 50 мың доллар аударып, 20-дан артық жас актер үй алған еді. 

– Шынында да, алпыс жылға жуық еліміздің ең бас театрының сахнасына шықтыңыз, небір сұлуларды құштыңыз, жақсы мен жайсаңның бәрімен бір туған бауырдай болдыңыз, ең жоғарғы атақтың бәрін иелендіңіз, скрипкашы Айша бастаған немерелеріңіз жас та болса жетістіктерімен қуантып келеді, Алматының ең жақсы аудандарынан қоныс таптыңыз, «ең мықтымын» дейтін қазақтың қолы жете бермейтін су жаңа Лексус дейтін арғымаққа аяқ артып жатқаныңызда сыртыңыздан қарап тұрған адам қызығады, айтыңызшы, арманыңыз жоқ шығар.

– Бірде араласатын адамдардың бірі тап осы сауалды сен секілді атап-атап тұрып төтесінен қойды. Аз-кем ойланып тұрдым да, «Арманым – жаяу жүру», дедім. Пауза. Тағы да сол жауабымды қайталаймын. Ең бақытты адам жаяу жүретін адам. Барамын деген жеріне барады, бұрылам десе бұрылады, тоқтаймын деген жеріне тоқтайды. Жан-жағындағы сұлулыққа асықпай, аялдап тұрып қарай алады. Күні бұрыннан көлікті қайда қоятынын ойлап, бас қатырмайды. Миы азат. Бұл көлікті менің өнерімді бағалайтын азаматтар бағасының қымбат түскеніне қарамастан сыйға тартты. Армансыз болу деген материалдық мәселеңнің бәрі шешіліп, мұқтажсыз болу ғана емес қой. Онда дүниеқоңыздықтан аса алмай қалғаның. Бала-шағасы аман, бейбітшілік заман, бар дүниесі түгел болса да, адамға үнемі бір нәрсе жетіспей, әлденені іздеп көңілі орта тартып тұрады. Ол қанағатсыздық бойдағы рух байлығының әлі де кемшін болып тұруынан. Мөлшерлі өмірде өлшеулі ақылмен мына өмірдің бар ақиқатына жетіп, кемелдікке келемін деу мүмкін емес. Әйтсе де адами құндылықтардан айнымай, сол шындық, ақиқаттарды тану үшін арпалысып тіршілік кешу адам өмірінің мақсаты болса керек.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен 
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

18.07.2018

Әлемнің 20-дан астам елінің үздік сәулетшілері Қазақстанның елордасында бас қосты

18.07.2018

Дәрен Абаев: «Шалқар» радиосының таратылымын кеңейту жұмыстары толық аяқталды

18.07.2018

Қазақстанның бірнеше облысында дауылды ескерту жарияланды

18.07.2018

Парижден 65 млн еуроға пәтер сатып алған қазақстандық кім?

18.07.2018

«Эйр Астана» Skytrax World Airline Awards сыйлығының жеті дүркін лауреаты атанды

18.07.2018

Түркістан облысында алты айда 202,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

18.07.2018

Триатлоннан өтетін ашық турнирде 300 адам жарысқа түседі

18.07.2018

Ақылы автотұрақ төлемін мобильді қосымша көмегімен төлеуге болады

18.07.2018

Сыр өңірінде жыл басынан бері 228 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

18.07.2018

Қазақстандық суретші Ядросыз болашақ үшін» сыйлығын жеңіп алды

18.07.2018

Әміре ауылындағы той

18.07.2018

Қызылордада АӨК саласында 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ

18.07.2018

Қамбаш көлінде демалушылардың қатары жыл сайын көбейіп келеді

18.07.2018

Сыр өңірінде жазасын өтеушілер диплом алып жатыр

18.07.2018

Қызылордада қалалық аурухана жаңа құрылғылармен толықты

18.07.2018

Жалағаш ауданында күн электр станциясының құрылысы басталды

18.07.2018

Елімізде жеңіл автокөліктердің саны артты

18.07.2018

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы жас офицерлермен толықты

18.07.2018

Ханшалар киген қасаба

18.07.2018

Степ­ногорск қалалық тарихи-өлкетану музейі ашылды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Ауыл шаруашылығын цифрландыру болашақтың баламасыз жолы

Әлем елдерінде қазіргі уақытта ауыл шаруашылығын цифрландыру қарқынды түрде жүріп жатыр. Уақыт өткен сайын бұл салада неше түрлі жаңа технологиялар пайда болып, олар жедел түрде өндіріске ен­гізілуде. Мәселен, Еуропадағы компания­лар енді егістік жағдайын зерттеумен ай­на­лысатын дрондарды да шығара бас­тады. Бұл машиналар фермерлердің егіс шы­ғымдылығын алдын ала болжап бі­лу­леріне жағдай туғызуда. Осы үдеріс ке­ңі­нен қанат жая келе, бүкіл ел бойынша әрбір егіс алқабының шығымдылығын күні бұрын анықтау мүмкіндігі пайда болатын көрінеді. 

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Аяқдоп аламаны аяқталды

Әлем чемпионаты – тағатсыздана күткен футбол тойы еді. Енді барлығы аяқталып, той тарқасымен біз де алған әсерімізбен бөлісе кетсек. Бұл біріншілік несімен есте қалмақ?

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»

Биографиялық фильмдердің бәсі биік болуы тиіс

Кейінгі кезде «Еуразия бірінші арнасынан» әйгілі кеңестік манекенші-модель, сән әлемінде «Кремльдің ең әдемі қаруы» және «Кеңестік Софи Лорен» атанған Регина Збарская туралы сериа­л көрсетіліп жатыр. Былай қарасаңыз, сән әлемінің кіндігі саналған Парижді тәнті еткен өмірі жұмбаққа толы сұлудың сол кездегі кеңестік қасаң қағидаларға сыймаған ғұмырын өзгеше қырынан бейнелеген қарапайым, бірақ кемел түсірілген Ресейдің кезекті киноөнімдерінің бірі. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Халық әнінің тоналу тарихы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық мақаласында, жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деді. Елдің ұлттық-рухани тамыры дегеніміз не? Ол ха­лықты сан ғасырдан бері адастырмай, алып келе жатқан салт-дәстүрі, фольклоры, әні мен жыры. Осылардың ішінде әннің ұлт руханияты үшін орны айрықша. Дана Абай атамыз, «Ұйықтап жатқан жүрек­ті ән оятар, Үннің тәтті оралған мәні оятар» дегенді бекер айтқан жоқ.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Ормуз бұғазы жабылған жағдайда...

Осы айдың басында Иран Ислам Рес­публикасының президенті Хасан Рухани Швейцария еліне жасаған сапары кезінде мұнай импорттаушы мемлекеттер Иранның мұнайын сатып алмаған жағдайда Ормуз бұғазын жауып тастайтындарын мәлімдеді. Президенттің бұл мәлімдемесі АҚШ билігінің Иран мұнайын сатып алмауға өз одақтастарын ықтиярсыз көндіруге бағытталған қысымына байланысты болса керек.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу