16 Желтоқсан, 2011

Тойға тілек

637 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қуанышымыз ұзағынан болсын Елбасымыз кәсіпкерлермен бір кездескенінде: “Біз – “Мерседес” көлігін, “Боинг” ұшағын шығарып, әлемді таңқалдыра алмаймыз. Оған тыраштанудың қажеті де жоқ. Қазақстанда егістік, жайылым­дық жер мол. Біз әлемдік нарықтан өз орнымызды тапқымыз келсе, оған ауыл шаруа­шылығын көтеру арқылы қол жеткіземіз”, деген тұрғыда ой айтқан еді. Оның ақиқаттығына көзіміз жетіп жатыр. Кейде ойлаймын. Кеше кім едім, бүгін кіммін деп. Әке ерте кетті. Жетімдеу өстік. Бүгінде қордалы ормандаймын. 2600-дей ұсақ мал және түйе шаруашылығым бар. Оның сыртында айналысатын басқа кәсіптерім де жоқ емес. Ешкімнің қорасына түскен емеспін. Ақ адал малым, маңдай терімнің өтеуі. Мен бұған қалай жеттім? Елбасының тапсырмасымен Үкімет ауыл шаруашылығына қыруар қаржы бөліп жатыр. Жеңілдетілген несие алғыңыз келе ме, бизнес-жоспарыңызды ұсыныңыз. Оның сыртында асыл тұқымды түлік өсірсеңіз субсидия төленеді. Бау-бақша егіп, жылыжай салып, көкөніс өсір, кәсіпкерлікпен айналыс –  жүгіңнің бір шетін Үкімет көтереді. Жарты шығыныңды өтеп береді. Бұдан артық қандай жақсылық жасауға болады?! Отаным мені ауқатты адамдардың қатарына қосты. Отбасымның құқығы қорғаулы, бала-шағам алаңсыз білім алуда. Ештеңеге мұқтаж емес. Үкімет маған ештеңе бермеді деп жатып-ішер жалқаулар айтпаса, есті адам осының қадірін білуі керек. Отаным, елім үшін мақтанатын, әрбір жақсылығына қуанатын азамат­пын. Астанаға барсаң, жауһар қала үшін кеудеңді мақтаныш кернейді. Әлем жұрты Қазақстанды мойындады. Біздің Елбасымызды дүние жүзін­дегі мықты саясаткерлердің, Мемлекет басшыларының қатарына қойды. Бұл барлық қазақ, қазақстандық үшін мақтаныш болса керек. Біз мұндай жетістіктерге тәуелсіздік арқылы жеттік. Осы қуанышымыз ұзағынан болғай! Әбдіхалық ҚАСЫМБАЙ, “Шымкент-Ет” ЖШС-нің директоры. Оңтүстік Қазақстан облысы.   Ел игілігі еселей берсін Еліміз тәуелсіздігін алған күннен бастап, мемлекеттік қыз­меткерлерге  артылған жауапкершілік аз болған жоқ. 90-шы жылдар­дың басындағы ауыр күндер  қазақстандықтардың  есінде. Дегенмен, бәріне де шыдадық, жеңе білдік. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіз Қазақстан  дамуы жөнінен бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған елдердің  алдына шықты. Шынайы дамудың жарқын үлгісін көрсетті. Мемлекеттік қызмет бірінші кезекте мемлекетке деген  адалдық пен патриотизмнің үлгісі болуы керек. Тәуелсіздік алған жылдардан бері  осы саланы дамыту  үздіксіз жүргізілу үстінде. Мемлекетке  адалдық ең алдымен оның заңдарын орындау болып табылады. Әр қызметкер қазір Ата Заңымызды  білмей қызметке кіріспейді. Сыбайлас жемқорлық, халықтың маңдай терімен келген  қазына қаржысына қол салу, лауазымды қызметін өз қарақан басының қамы үшін асыра пайдалану  сияқты пендешіліктер мемлекет  іргесін шайқалтатын індет. Әр мемлекеттік қызметкер  елді осындай  жат құбылыстан сақтауы, соның жолына қарсы тұра білуі керек. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тойы  еліміздің аз жылда асқаралы  биіктерге көтерілуінің салтанаты  іспетті. Осы жолда  еліміздегі әр мемлекеттік қызметшінің де үлесі бар.  Өйткені, мемлекеттік қызметші – халық қызметшісі. Біздің тәуелсіз елімізде жүзеге асырылып жатқан ғаламат істер мен толағай табыстардың барлығы да халық игілігі үшін деп білеміз.  Мемлекет үшін, халық үшін  қызмет еткенімді мақтан тұтамын.  Ел игілігі арта берсін деп тілейік. Жәнібек БАЙЖАНОВ, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Қостанай облысы  бойынша басқарма  бастығының орынбасары.   Бірлік пен ынтымақ Отаны Тәуелсіздіктің 20 жылдық торқалы тойын елеулі жетістіктермен қарсы алып отырған еліміз қуанышы Отанын сүйген әр адамның ортақ шаттығы екені талассыз. Тарихтың қысқа мерзімінде қиын жолдан өтіп, жеңіс дәмін татып, әлемдегі іргелі мемлекеттер қатарына қосылған сүйікті Қазақстанымыз мерейінің өсе беруі жүректегі ең ыстық тілек. Соған тілеуқор болып қана қоймай, гүлденіп, көркеюіне өзіндік үлес қосуды   азаматтық парызым мен қарызым санаймын.  Осы орайда жүктелген міндетті, Елбасы сенімін адал атқара ала жүргенімді көңілге медет тұтамын. Мен жетекшілік ететін «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өн­ді­рістік холдингі отандық бірегей фитопрепараттарды жасауда біраз жыл­дан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Жергілікті өсімдіктерден, оның өзінде  даланың  кәдімгі тықыр жусанынан жасалатын дәрілік  заттар  рес­пуб­ликадан тысқары жерлерге де мәлім. Мемлекет басшысы Н.На­зарбаевтың  тапсырмасына сәйкес ішкі тұтынымда да отандық фармацевтика өнімі көлемін алдағы уақытта 50 пайызға жеткізу міндеті тұр. Оны орындауға күш-қабілетіміз жеткілікті. Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен салынған өндірістік кешен соған толық мүмкіндік береді. Біз  қазір қандай да ірі істі атқара аламыз. Қазір жалындап  жұмыс істейтін заман. Қайрат қайрар кез. Алдан жақсылықтар оты жылтырайды. Соны жарқыратуға әрқайсымыз үлес қоса, туған ел игілігіне бір дән себе білейік.   Бәрімізді ортақ мүддеге тоғыстырған Елбасы саясатының алтын арқауы   ынтымақ пен бірлік берки түссін. Серғазы ӘДЕКЕНОВ, ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Қарағанды.   Үлесімізді мақтан тұтамыз Қазақстанның табиғи байлығы­ның бірі – мұнай мен газ. Бірақ КСРО деген алып елдің құрамында болған жылдары бұл байлықтың игі­лігін көре алған жоқпыз. Өн­дірілген өнімнің табысы алдымен орта­лық­тың ортақ қазанына құ­йылушы еді ғой. Ал еліміз тәуел­сіздігін ал­ған соң жағдай өз­герді. Алдымен, мұ­най­шылардың әлеуметтік ахуалы жақ­сарды. Кен орындарында жайлы жа­тақ­ханалар мен асханалар салын­ды. Жалақы да молайды. Ең бас­ты­сы, қазақ мұнайының игілігін ел көре бастады. Тәуелсіздіктің 20 жылында мұ­най-газ өнеркәсібі отандық эконо­м­и­­каның қозғаушы саласына ай­на­­лып, жаңа жұмыс орындарын құ­ру­ға, өзге де салалардың дамуы­на жол ашты. Салада жаңа кен орындары ашыл­ды. Соның бірі –біз мұнай өндіретін Кенбай кен орны. Бұл кеніш 1995 жылы Тұң­ғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевтың ар­найы қаты­суымен мұ­най бере бастады. Содан бері мұн­да бірнеше жұмыс орны құ­рыл­ды, мұнай мен газ үздіксіз өнді­рі­ліп келеді. Біз, яғни отандық мұнай­шы­лар Ел­басы тұсауын кескен кеніштен ұлттық экономиканы өркен­де­ту­ге ық­пал еткен мол мұнай өндіру­мен  мол үлес қос­қанымызды мақтан тұтамыз. Алдағы кезеңде де Қазақ­станның «қара алтын» қоры ортаймай, әлем­дегі мұнайы мол жетекші елдердің қатарынан орын алса, экономи­ка­мыз­дың өркен­деуіндегі қарқын бәсең­де­мейді деп ойлай­мын. Еліміздің ты­ныш­тығы бұзыл­май, алға өрлеген тал­пынысымыз баянды болғай. Көк байрағымызды биікте желбірететін жақсылығымыз көбейе бергей! Әділжан ІЗІМБЕРГЕНОВ,  «ҚайнарМұнайГаз» басқармасының операторы. Атырау облысы.   Ұстазға көңіл айрықша Жасыратын несі бар, Кеңес өкіметі тұсында қоғамдағы ең қа­дірлі мамандық мұғалім мен дәрігер еді. Әсіресе, ұстаздың жөні бөлек болатын. Жас балаға білім нәрін құйып, өмірлік бағыт-бағ­дарын айқындайтын мамандық иелерін жұрт ерекше қадір­лей­тін. Дегенмен, азаттық алған жылдары мұғалімнен қадір кетті. Аз ғана жалақыға байланды. Жағдайы болмады. Одан бері де жиырма жыл өтіпті. Елбасы – Ұлт көшбасшысы о бастан-ақ экономикаға баса көңіл аударғаны белгілі. «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген тұжырым бізді тығырықтан алып шықты. Әлеуметтік маңызы зор жобалар қолға алынды.  Мұның бәрі өздігінен бола қалған жоқ. Ел үшін жасалған игіліктің барлығы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қажыр-қайраты, ақыл-парасаты, «қазақты қайтсем басқадан кем қылмай­мын» деген арман-аңсарынан туғаны шығар күндей ақиқат. Жоғарыда мұғалімдердің жағдайын бекер айтқан жоқпыз. Соңғы он жылдың көлемінде мұғалімге деген көзқарас өзгерді. Әсіресе, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқор­лық айрықша байқалады. Баяғы бабаларымыз «өзіңнен тумай ұл болмас» деген екен. Сол секілді өз билігіміз өзімізге тиіп, елімізді өз азаматымыз басқарып, қолымыз аузымызға жетті. Халыққа барынша жағдай жасалды. Осының бәрі атыңнан айналайын Азаттық­тың арқасы. Тәуелсіздік тұғырлы болсын! Нұргүл БАЕКЕЕВА, №197 мектептің мұғалімі. Қызылорда.   Бұл – нағыз ұлық мереке Семей – еліміздің шығысы мен солтүстігіндегі қазақы қала. Қазір­де жергілікті тұрғындар қала халқының жартысынан асып кеткен болар. Мұнда сондай-ақ басқа да этнос өкілдері баршылық. Әйтсе де, саны жағынан қазақтардан кейін орыстар мен татарлар басқаларға қа­рағанда едәуір басым. Солай дей тұрғанмен, мұнда қай ұлттың бол­сын өз  этномәдени бірлестіктері тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Соның бірі – біздің бірлестік. Менің де бұл бірлестіктің тізгінін қолыма алғаныма біршама жыл болып қалды. Тізбелеп айта берсек, осы жылдар аралығында атқарған жұмыстарымыз бар­шы­лық. Соның ішінде Семейде әлем татарларының конгресін өткізгенімізді мақтаныш тұтамыз. Жылда сабантой мерекесін өткізетініміз мұның сыртында. Орталығымызда сондай-ақ татар өнер мектебі тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Онда басқа этностардың жас таланттары да өз өнерлерін ұштай түсуде. Семейде биыл Достық үйі өз алдына мекеме болып ашылды. Сөйтіп, мұнда түрлі мәдени орталықтардың одан әрі дами түсуіне барлық қолайлы жағдай жасалған. Олардың қай қайсысы болсын ортақ мерекелерден сырт қалып отырған жоқ. Әсіресе, биылғы Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы жылында тізе қосып, өзара бірліктің үлгі-өнегесін көрсетуге барымызды салдық. Иә, бірлік бар жерде тірлік бар дейді. Осындай бірлігіміз ешқашан ыдырамасын. Тәуелсіздік  күні құтты болсын! Ғабдулхақ АХУНЖАНОВ, татар ұлттық этномәдени бірлестігінің жетекшісі. Семей.   Нақты істің уақыты Қарапайым жұмысшы болсам да күнделікті жаңалықтардан хабардар болып, өмір көшінен қалмауға тырысамын. Бұл – өмір заңдылығы. Өйткені, күнделікті тұрмыстағы адамға қажеттіліктермен қамтылуы заңдылық деуге болады. Соның дәлелі Ұзынағаш ауылының оңтүстігінде 35 жеке несиелік үй салынып, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, тағы басқа зәру отбасыларына берілді. Жас отбасы ретінде мен де баспаналы болдым. Бұл – еліміздегі жастарға көрсетілген бірден-бір қамқорлық. Қазір Алтын алқалы 10 бала тәрбиелеген анам мен балаларым Шолпан, Нұр-Ислам жылы, әрі жайлы үйде тұрып жатыр. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруда тиянақты жұмыстар атқарған облыс, аудан басшыларына алғыс айтып, еңбегімді еселей түсудемін. Қазақстандықтар Тәуелсіздік мерейіне ерекше дайындықпен келді. Мәселен, Ұзынағаш ауылында балалардың ата-баба рухын қастерлеп, елжандылықты бойларына дарытатын мәдени орындар, еңселі ескерткіштер қатары толықты. Жыр дүлділі Жамбыл баба атындағы саябақ, ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш, тағы басқа орындар солардың қатарында. Осының бәрі бүгінгі бейбіт өмір мен Президенттің халыққа деген қамқорлығының нәтижесі екенін түсінеміз. Жастарға білім алып, ел ертеңіне үлес қосуға мүмкіндік жасалғаны бір ғанибет. Мен соған қуанамын, әрі жарқын істердің жалғасатынына сенемін. Ербол ҚҰТБАНҚҰЛОВ, жұмысшы. Алматы облысы.