Аймақтар • 07 Шілде, 2018

Қостанайда Астана күні  қоныс тойы көбейді

38 реткөрсетілді

Астана күні мерекесінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов  «Әуежай» жаңа шағын тұрғын ауданында жаңадан берілген үш арендалық үйдің тұрғындарына пәтер кілтін тапсырды. Барлығы 250 пәтер беріледі, соның 126-сының иесі  облыс басшысының қолынан пәтер кілтін алды. Соның бірі Галина Әбілдинаның қуанышында шек болған жоқ. 

«Күйеуім балаларымның жас кезінде қайтыс болды да, екі баланы өзім жеткіздім. Пәтердің кезегінде 30 жыл тұрған едім, сол арманым бүгін орындалды. Қуанышымда шек жоқ. Елбасыға шексіз алғысымды айтамын. Астана күні мерекесі жаздың ортасында адамдарға биік рух сыйлайды, ал біздің отбасы үшін биылғы мереке бақыт әкелді», деді қуанышымен бөліскен  Галина Әбілдина.

Бұл тапсырылған үйлердің барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынды.  Аталған бағдарлама бойынша  биыл Қостанайда 3000 шаршы метр үй тұрғызылса, ол өткен жылға қарағанда кемінде 10 пайызға артық.

«Елбасының сындарлы саясатының арқасында елордасымыз дамып, дүние жүзіне белгілі болып отыр. Елордаға бой түзеп республика аймақтары да дамып келеді. Солардың ортасынан Қостанай да орын алады. Оған дәлел, жыл сайын  жаңа тұрғын аудандар бой көтеріп жатыр. «Әуежай» тұрғын ауданында 47 үй салынатын болады. Оның жартысына жуығы салынып бітті,  қалғанының құрылысы жүріп жатыр. Бүгін жалға берілетін үш үйді тапсырып тұрмыз. Ең бастысы мемлекеттік саясаттың арқасында қостанайлықтардың да әлеуметтік жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша жақында ғана «7-20-25» бағдарламасымен қостанайлықтар алғашқы баспанасына ие болды. Бізде 10 мыңдай қостанайлық «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы алдағы уақытта осы бағдарламамен баспана алатын болады», деді Архимед Бегежанұлы.

Тапсырылған үйлерді «Сәулет» құрылыс компаниясы салды. Үйлердің барлығына да жергілікті құрылыс материалдары пайдаланылды. Әсіресе үйлердің балконы, қасбеті сапалы жаңа технологиямен жасалған материалдармен, терезелері жаңа шыны түрімен жасалды. Осындай материалдарды пайдаланған  әр үй   құрылыс компаниясына 25 миллионға  түсті. Ол шығынды компания «Рухани жаңғыру» шеңберіндегі «Туған жер» бағдарламасы  бойынша өзіне алып отыр, ол пәтерлер құнына кірмейді.

Өңір басшысы  облыста тұрғын үй құрылысы жалғаса беретінін айтты. Қазір «Қонай» тұрғын ауданының инженерлік желісі жылдам қарқынмен жүріп жатыр. «Юбилейный» шағын тұрғын ауданында 51 көп қабатты үйлер салынады. Болашақ «Береке» тұрғын ауданының сметалық құжаттары дайындалу үстінде.

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай  

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар