Қазақстан • 09 Шілде, 2018

Елорда тойы әлем елдерінде аталып өтті

398 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елорда тойы әлем елдерінде аталып өтті

Елорда тойы­ –­ Нью-Йоркте

Қазақстанның Нью-Йорк­тегі Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігінде Астананың 20 жылдығы атап өтілді. Салтанатты қабылдауға Біріккен Ұлттар Ұйымының түрлі құрылымдарының бас­шылары, БҰҰ-ға мүше мем­лекеттердің өкілдері, халық­аралық ұйымдардың бөлімше басшылары мен Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, сарапшылар мен журналистер қатысты.

Кешті ашқан Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Астананың қа­лыптасу тарихы, қаланың заманауи дамуы мен әлемдік аренадағы рөлі туралы мә­лім­деді. Ол Астананың же­тіс­тіктері Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз бай­ланысты екенін айтты.

БҰҰ Бас хатшысының орын­басары, Ең нашар дамы­ған елдер, теңізге шығар жол­дары жоқ дамушы елдер, және шағын аралдардағы даму­шы елдер бойынша БҰҰ Жо­ғар­ғы өкілі Фекитамоелоа Утоикаману Қазақстан ас­танасының мерейтойымен құттықтады. Өз сөзінде ол Ас­тана үміт пен табысты транс­формацияның символына ай­нал­ғанын атап өтті. Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орын­басары Розмари ДиКарло да Астананың серпінді және қызықты қала екендігін айтты.

Іс-шара барысында «Астана – бейбітшілік қаласы» фильмі көрсетілді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Пре­зи­денті Қоры әзірлеген Ас­тананың 20 жылдық мерей­тойы­на арналған «A Day in Astana» мерейтойлық фотоальбомы ұсынылды.

Түркиядағы торқалы той

Қазақстанның Түркиядағы елшілігі Астананың 20 жыл­ды­ғына орай «Ұлы Дала Астанасы» атты халықаралық конференция ұйымдастырды. Іс-шараға Түркия Респуб­ликасы Президентінің Бас кеңес­шісі Ялчын Топчу, Ұлы Ұлттық Мәжілісінің экс-спикері Хикмет Четин, бұ­рынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Халил Шывгын, Қожа Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Йыл­дыз және түрік зия­лы қауымы, кәсіпкерлер мен іскерлері, елшілер мен шетелдік диплома­тиялық мекемелердің өкілдері қатысты.

Жиынды Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы құттықтау сөзбен ашып, «Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындағанын, бауырлас екі ел арасында тығыз қарым-қатынас орнап, Елбасы бастамасымен іргесі қаланған Астананың құрылысына түрік инвесторлары мен кәсіпкерлері белсене атсалысқанын атап өтті.

Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу: «Болашақта қазіргі әлем тарихы жазылар уақытта Қазақстан мен қазақ түркілері бөлімінде «Тұңғыш Президент», «түр­кі дүниесінің Ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев», «Ас­тана қаласы» деген сөздер бір ұғымға айналып, қатар аталатын болады. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз елдің сим­­волы ретінде Астананы ірге­тасынан бастап түбегейлі жос­парлап, әрбір ғимараттың құ­рылысын қалтқысыз қада­ғалап, әр кірпішін қамқор қол­мен қалады», деді.

Жиынның аясында Ас­тананың 20 жылдығына ел­шіліктің тартуы ретінде қазақ және түрік тілдерінде жарық көрген «Ұлы Дала Астанасы» атты кітаптың арнайы таныс­тырылымы өтті.

Әзербайжан астанасындағы айрықша көрме

Әзербайжан астанасындағы Гейдар Алиев орталығында Қа­зақ­стан елордасының 20 жылдығына арналған «Ас­­тана – Ұлы Дала жау­һары» атты фотокөрме өтті. Іс-­шара Қазақстанның Тұң­ғыш Пре­зиденті – Елбасы қоры­ның, Қазақстанның Әзербайжандағы ел­шілігінің және Гейдар Алиев Қо­рының ұйымдастыруымен өтті.

Мәдени шараны Тұңғыш Президент-Елбасы қоры ат­­қару­шы директорының орын­­басары Игорь Рогов пен Гей­дар Алиев орталығы дирек­торының бірінші орынбасары Адил Керимли ашты.

Фотокөрмені Әзербай­жан­­ның белгілі мемлекет қайрат­керлері, дипломатиялық корпус, мәдениет қайраткерлері және журналистер тамашалады. Құрметті қонақтардың ішінде Әзербайжан Парла­ментінің депутаттары, Вене­циялық Комиссияның Прези­денті Джанни Букиккио және Әзербайжанның Консти­туциялық сотының төрағасы Фархад Абдуллаев бастаған Еуропа және ТМД елдерінің Конституциялық соттарының басшылары болды.

Мәдени іс-шара барысында келген қонақтарға Астананың 20 жылдығына арналған «A Day in Astana» фотоальбомы және «Бурабай» ұлттық мемлекеттік табиғи бағына арналған «A Day in Burabay» атты фотоальбомдары тарту етілді.

Хорватиядағы жиын Астананың даму тарихына арналды

Хорватия астанасы Заг­реб қаласында Қазақстан елор­­­дасының 20 жылдығына орай «Астана – Қазақстанның тәуел­сіздігі мен прогрестің рә­мізі» атты дөңгелек үстел оты­рысы өтті. Іс-шараны Қазақ­станның Хорватиядағы елшілігі «Хорватия-Қазақстан» достық қоғамымен бірлесіп ұйымдастырды.

Жиын барысында Қазақ­станның жаңа елордасын құру тарихы және оның елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуындағы рөлі туралы мультимедиялық таныстырылым және фильм көрсетілді.

Отырысқа қатысушылар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жа­ңа елорда құрудағы көрнекті рөліне кеңінен тоқталды. Со­нымен қатар Астананың әлем­дік үнқатысу, сенім және өзара түсінушілік орталығы ретіндегі орны да айрықша аталып өтті. 

Аустриядағы салтанатты кеш

Қазақстанның Аустриядағы  елшілігінде Астананың 20 жыл­­дығына және Қазақстан дип­­ло­матиялық қызмет күніне орай салтанатты кеш өтті.

Кездесуде Елші Қайрат Сарыбай қонақтарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазақ дипломаттары жұмысының нәтижелері туралы мәлімдеп, Астанада өткен маңызды бас­тамаларымен, оның ішінде ЕҚЫҰ, АӨСШК, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕЭО саммиттерінің, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері мен ЭКСПО-2017 көрмесінің қорытындыларымен таныстырды.

Қазақстан дипломаттарын Астананың 20 жылдығымен және кәсіби мерекесімен құт­­тықтауға Аустрия және Сло­вения қоғамдық-саяси топ­тарының, Аустрия СІМ-нің, дипломатиялық корпустың өкілдері, Аустрия және Сло­ве­ниядағы Қазақстанның Құр­метті консулдары, халық­аралық ұйымдарда жұмыс істейтін қазақстандық азамат­тар, Аустрия-Қазақстан қоға­мының өкілдері, қазақ диаспорасы мен студенттер қатысты.

Сауд Арабиясында бас қаланың сәулеті таныстырылды

Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Сауд Арабиясы Король­дігіндегі елшілігі ғимаратында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай фотокөрме ұйымдастырылды.

Фотокөрмеге Сауд Ара­биясының лауазымды тұл­ғалары, іскер топтары, мәдени тұлғалар, дипломатия және БАҚ өкілдері қатысып, Астана қаласының әсем бейнесі мен негізгі архитекторлық ерекше орындары, сондай-ақ Қазақстанның алуан түрлі табиғаты бейнеленген сирек экспозицияларды тамашалады.

Дайындаған Қамбар АХМЕТ,

«Егемен Қазақстан»