Бокс • 09 Шілде, 2018

Жасындай жарқылдаған жампоз

40 реткөрсетілді

Астана қаласындағы «Ба­рыс Арена» мұз айды­нында Астананың 20 жыл­дық мерейтойы аясында кәсіпқой бокс кеші өт­ті. Бұл шараның басты жек­пе-жегі қазақстандық был­ғары қолғап шебері Бейбіт Шүменов (18-2, 12 КО) пен Түркия елінің бокс­шы­сы Хизни Алтункая (30-2, 17 КО) арасында өткен болатын. Аталған бокс кеші алдын­да Бүкіләлемдік бокс ұйы­мының (WBA) кеңейтілген жиналысы өтті. Жиында WBA вице-президенті Хосе Оливер ұйымның жұмысы туралы кеңінен әңгімелеп, WBA неліктен Шүменовке қолдау білдіргенін айтып, оның кәсіпқой рингтегі мүмкіндіктеріне баға берді.

– Алдымен Қазақстанға келгеніме қуанышты екенімді айт­қым келеді. Иә, Бейбіт ұйым­ның алғашқы ауыр салмақтағы бел­беуі үшін жұдырықтасады. Себе­бі Бейбіт белбеуді жекпе-жек­тен жеңіліп берген жоқ. Сондықтан біз оған чемпион­ды­ғын қайтарып алуға мүмкіндік беріп отырмыз. Жақсы жекпе-жек және Бейбіттің үлкен боксқа оралуын күтеміз. Қазақстанмен байланысымыз тығыз, мұнда WBA делегациясын ала келдік. Болашақта кіммен жұмыс істеуге болатынын қарап жүрміз. Қазақстанда кәсіпқой боксшылар қатары көбейіп келеді, – деп атап өтті Хосе Оливер. Сондай-ақ ол Қазақстанда әуесқой бокстың қарқынды дамып келе жатқанын, әуесқой бокстағы жетістіктерімізден хабардар екенін жеткізді. Болашақта қазақ боксшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, біздің елдің боксшыларына басымдық беретіндерін де тілге тиек етті.

Негізгі жекпе-жек басталмас бұрын, «Барыс Арена» спорт кешеніне жиналған жанкүйер қауым кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген бір топ қазақстандық боксшылардың өнерін тамашалады. Бокс кешінің шымылдығын қазақ еліне әншілік қырымен танылған Ибрагим Ескендір (4-0, 4 КО) ашып берді. Ол ресейлік қарсыласы Серік Әжібаевты (0-1) бірінші раундтың алғашқы минутында, ал бірінші ауыр салмақта сынға түсетін Еділ Қожамбердиев (4-2, 4 КО) тағы бір ресейлік боксшы Сергей Белошапкинді (11-27-1, 3 КО) екінші раундта техникалық нокаут-
пен жеңді. 2004 жылы Афины Олимпиадасына қатысқан жеңіл салмақтағы Мейіржан Рахымжанов кәсіпқой бокстағы дебют кездесуін өткізіп, бірін­ші раундтан соң төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Уә­лихан Бисенқұлов (6-0, 6 КО) сегіз раундқа жоспарланған кез­десуде әзербайжандық қарсы­ласы Анар Абдуллаевты (2-2, 2 КО) кездесудің екінші раундында техникалық нокаутпен тізе бүктірді.

Сондай-ақ Айдан Елжанов (5-1, 3 КО) әзербайжандық Ас­қар Рагимовті (2-1, 1 КО) ұпай санымен, Диас Тастеміров (3-0, 3 КО) жеңіліп көрмеген Әзер­байжан елінің боксшысы Эль­вин Ахунзаданы (5-1, 2 КО) екінші раундта мерзімінен бұрын жеңді. Ал Бобыржан Момы­нов (7-0, 6 КО) Грузиядан келген Гиорги Блиадзені (8-7, 3 КО) бесінші раундта техни­калық нокаутпен жеңді. WBA Asia белдігі үшін шаршы алаң­ға Айдос Ербосынұлы (8-0, 6 КО) мен әзербайжандық Ис­мат Эйнуллаев (13-3, 9 КО) шы­ғып, отандасымыз алғашқы раунд­та қарсыласынан басым түсіп, карьерасындағы тұңғыш белдігіне қол жеткізді. Арман Рысбек (4-0, 3 КО) грузиялық боксшы Сандро Терашвилиден (5-2, 2 КО) бірінші раундтың бірінші минутында басым түсті. Негізгі жекпе-жек алдындағы соңғы кездесуде қазақстандық Әли Балоев (5-0, 4 КО) әзер­бай­жандық былғары қолғап шебері Казим Умудовты (2-0, 1 КО) 30 секунд ішінде сұлатып салды.

Ал бокс кешінің басты жекпе-жегі жоғарыда айтқанымыздай, Бейбіт Шүменов пен түркиялық Хизни Алтункая арасында өр­біді. Бұған дейін өткізген 29 жекпе-жегінің тек біреуінде ғана жеңілген түркиялық боксшыны осал деп айта алмаймыз. Өйткені ол 17 қарсыласын мерзімінен бұрын, яғни нокаутпен жеңген. Он екі раундтық форматта өткен жекпе-жекте ортаға  бірінші ауыр салмақтағы WBA тұжырымының вакантты белдігі сарапқа салынды.

Араға екі жылдан аса уақыт салып кәсіби шаршы алаңға оралған қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов кездесу бастала сала қарсыласын соққының астына алып, бірінші раундта бір рет нокдаунға түсірді. Бүйірден тиген соққыдан кейін түрік боксшысы бір тізерлеп алды. Осылайша, отандасымыз өзінің бокста алынбай қалған еншісі бар екенін, үлкен боксқа бостан-босқа оралмағанын дәлелдей түскендей болды. Кейінгі раундтарда екі боксшы да бір-бірінің осал тұсын іздеп, біраз аңдысып бақты. Дегенмен, Бейбіт реті келгенде шабуылға шығып, қарсыласын соққысымен бұрыштан-бұрышқа тықсырумен болды.

Жекпе-жектің төртінші бөлі­гіне келгенде Бейбіт Шүме­нов­тің екінші тынысы ашылған­дай, шабуылды үдете түсті. Оның ауыр соққылары қарсы­ласының есін жидырмай, əбден титықтатты. Қаша жүріп жұды­рық­тасқан Хизни де өзінің қара­жаяу еместігін дәлдеп баққысы келді. Орайы келгенде соққы жа­сап қалуға ұмтылды. Бірақ оны­сынан түк шықпады. Тоғы­зын­шы раундта Бейбіттің дөп тиген тағы бір соққысынан кейін Хизни Алтункая екінші рет нокдаун алды. Осы бір соққыдан соң түркиялық боксшы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартып, жеңілгенін мойындады. Техни­калық нокаут!

Сонымен екі жылдық үзі­ліс­тен шаршы алаңға жеңіс үшін, чем­пиондық атақ үшін қайта оралған 34 жастағы Бейбіт Шү­менов өзінің 18-ші жекпе-же­гінде жеңіске жетіп, бірінші ауыр салмақтағы WBA тұжырымының чемпиондық белдігін иемденді. Астананың 20 жылдық мерейтойына орай өткізген бокс кешінен соң Бейбіт Шүменов сөз сөйлеп, жеңісін Астана күніне арнады.

Айта кетейік, Шүменов кә­сіп­қой бокстағы соңғы кездесуін 2016 жылдың мамыр айында америкалық Джуниор Энтони Райтқа қарсы өткізіп, техникалық нокаутпен жеңіске жеткен болатын.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда екі зауыт салынады

Аймақтар • Бүгін, 10:03

Ұқсас жаңалықтар