Футбол • 09 Шілде, 2018

Есе қайтарар кез келді

334 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлем чемпионаты аяқ­та­луына небәрі төрт матч қалды. Бір ай бойы делебені қоздырған доп додасының да аяқталуына аз қалды. Енді қалған төрт ойын да аса маңызды екені, барша көрермен тағатсыздана күтетін ойын болары анық.

Есе қайтарар кез келді

Ширек финалдың алғашқы күні Уругвай мен Бразилия жарыстан шығып қалды. Осыдан соң жарыста қалған 6 команданың 6-ы да Еуропаның командалары еді. Мұны білген бұқаралық ақпарат құралдары «ЕУРО-2018 жарысы басталды» деп жар салды. Расымен де кәрі құрлық футболы қазір күллі әлемге үстемдік құрып тұр. Латын Америкасынан келген үш команда да жарыстан шығып қалған соң, кубок Еуропада қалары анық. Осы кезге дейін 11 рет кубокты еуропалықтар иеленсе, 9 мәрте Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері ұтқан. Ал биыл 21 чемпионаттың нәтижесінде Еуропа 12-кубокты иеленгелі тұр. Сонымен жарыста қалғандар: Франция, Бельгия, Хорватия, Англия.

Франция чемпионат барысында аса қатты қиындық көре қойған жоқ. Тек плей-офф бастала берген тұста Аргентина қарсылық көрсетті демесеңіз. Бірақ Месси бастаған сайыпқырандардың қақпасына франциялықтар 4 гол соқты. 19 жастағы шабуылшы Килиан Мбаппенің есімі қазір ел аузында. Бұл ойыншыға «Реал» Мадрид командасы қызығып отыр. Егер Криштиану Роналдудың «Ювентусқа» ауысатыны расталса, онда «Реал» Мбаппе үшін қаржыны аямайтыны анық. Ал туриндік клуб Роналдуды сатып алу үшін шабуылшы Гонсало Игуаинді «Челсиге» 60 миллионға сатып та үлгерді. Енді жақын күндері бұл сауалдың да жауабын еститін боламыз.

Сонымен Франция – Бельгия арасындағы ойынның фавориті – Дидье Дешам шәкірттері. Алайда Бельгия да қарап қалмасы анық. Бельгия 5 ойында 14 гол соқты. Ал француздар тек 9 гол салған. Есесіне, Франция қақпасына 5-ақ гол жіберсе, «қызыл сойқандар» 4 доп өткізіп алды. Еуропа чемпионатының финалисі қорғанысымен мақтанса, Бельгия топырлатып гол соғатын шабуылымен дараланады. Алғашқы жартылай финалдық кездесу 10 шілде күні Санкт-Петербург қаласында өтеді. Ойын Астана уақытымен түнгі 00.00-де басталмақ.

Екінші жартылай финалда Хорватия мен Англия кездеседі. Бұл командалардың арасындағы ойында да қызықты оқиға орын алуы мүмкін. Оған себеп көп. Екеуі де пенальти серияларын жақсы пайдалана алады. Екеуі де, қорғанысты қымтап ұстайды. Алайда бұл командалардың тарихтағы екі кездесуі қиян-кескі кездесу болатынына сендіреді. Бұрындары болған жылы қарым-қатынасты хорваттар өздері құртқан. 2008 жылғы ЕУРО жарысының іріктеуінде топтан шығып қойған Хорватия Лондонда Англияны жеңіп, британиялықтарды іріктеуден өткізбей тастаған. Осы ойында тең нәтиже екі командаға да жеткілікті еді. Шақпақ жейделілердің бұл ісіне шамданбаған ағылшын қалмаған-ды.

Кек сақтаған ағылшын ойыншылары осы бір жағымсыз оқиғаны еске салып, хорваттарды жер қылып ұтудың сәтін күтті. 2010 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде жеребе екі команданы тағы да бір топқа түсірді. 2008 жылы 10 қыркүйекте Загребтегі «Максимир» стадионында Англия Хорватияны 4:1 есебімен аямай ұтты. Тео Уолкот хет-трик жасап, Уэйн Руни оны қостай кетті. Одан кейін жауапты ойында ағылшын аяқдопшылары тағы да екілене ойнады. Қонаққа келген Хорватияны 5:1 қылып, масқарасын шығарды. Ағылшындардың шақпақ жейделілерге деген өкпесі қара қазандай болғаны соншалық, кек алу процесі бұл ойындармен де шектелген жоқ. Ұлыбританиялық футболшылар топтағы бірінші орынды 100 пайыз алатыны белгілі болған соң, Хорватияға тікелей бәсекелес болып тұрған Украинадан әдейі жеңіліп, Англияға гол соққан Манджукичтің отандастарын мундиальға өткізбей тастады. Екі ортада пайдасын Украина көрді. Бұл оқиға әлі де жанкүйер жадында.

Хорватия құрамасында қазір Деян Лов­реннен басқа ағылшын чемпионатында өнер көрсететін футболшы жоқ. Ескі кек ұмытылды ма, жоқ, бұл жолы барлығы басқаша бола ма, оны тек жасыл алаң ғана көрсетеді. 11 шілде күнгі екінші жартылай финалдың соңы төбелеске ұласып, жаға жыртысуға дейін баруы мүмкін. Хорваттардың да есе қайтарғысы келері анық.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»