Парламент • 09 Шілде, 2018

Қазақстандық парламентшілер ЕҚЫҰ ПА сессиясына қатысуда

289 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Парламентінің делегациясы 7-11 шілде аралығында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Берлиндегі жыл сайынғы 27-ші сессиясына қатысуда, деп хабарлайды Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Қазақстандық парламентшілер ЕҚЫҰ ПА сессиясына қатысуда

Қазақстандық делегация құрамына Сенат депутаттары Төлеубек Мұқашев, Дулат Құсдәулетов, Михаил Бортник, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Светлана Бычкова мен Құралай Қаракен енген болатын. 

Берлин сессиясы «ЕҚЫҰ аясындағы міндеттемелерді орындау: парламенттер рөлі» тақырыбына арналды. 8 шілдедегі жалпы отырыс барысында тарихи Рейхстаг ғимаратында Ұйымға қатысушы мемлекеттердің мүшелері  ЕҚЫҰ кеңістігіндегі ұзаққа созылған теке-тірестер, Еуропадағы көші-қон шиеленістері, терроризммен күрес, әйелдер құқықтарын кеңейту мен олардың қақтығыстарды болдырмауға және оны шешуге қатысуы секілді әлем қоғамдастығы алдында тұрған қазіргі заман қатерлерін талқылады.

ЕҚЫҰ ПА сессиясына қатысушылар теке-тірестерді бейбіт шешу, мемлекеттердің егемендік теңдігі және олардың аумақтық тұтастығы, халықаралық құқық ережелерінің сақталуымен қатар Ұйымның қағидаларынан айнымайтынын нақтылады.