16 Желтоқсан, 2011

Жас көшбасшылар форумы

472 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Погодин атындағы орыс драма теат­рында «Қазақстан жас көшбас­шы­лар­­ға үміт артады» жастар форумы өтті. Сал­танатты шара алдында жи­ын­ға қа­тысушылар Тәуелсіздік құрдаста­ры­ның шығармашылық көрмесін та­ма­ша­лады. «Елге тіле!» атты флэшмоб ұй­ым­­­дастырылды. Мұнда Қызылжар өңірі жұртшылығының ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдық мерейтойына ар­налған игі тілек-лебіздері топтастыры­лып, көше­лерде орнатылған көгілдір экрандар арқылы күн сайын берілетін болады. Жиында облыс әкімінің орынба­са­ры Фархад Қуанғанов аймақ басшысы Серік Біләловтің құттықтауын оқып берді. Бірінші болып облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов сөйледі. Ол азаттық деген қасиетті де киелі ұғымның бастауында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің жас боздақтары тұрғанын, олардың өмірлік ұстанымы, ерлік істері кейінгі толқынға үлгі екенін жеткізді. Уәли­­ханов ауданы “Қызыл ту” жастар ұйы­мының мүшесі Яна Голубцова жастар­дың қоғамдық өмірдегі рөліне тоқтал­са, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті кәсіподақ ұйымының төрайымы Зарина Ақамбаева үкіметтік емес ұйымдар мен билік арасындағы сындарлы бай­ланысты жетілдіру жолдарын сөз етті. Бұдан кейін 12 аталым бойынша іріктеліп алынған лауреаттарды марапаттау басталды. Жеңімпаздар ара­сын­да СҚМУ энергетика және машина жасау факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты Нәби Нәбиев, жастар мәслихатының вице-спикері Владимир Витченко, мұғалім Данияр Уәлиев, спортшы Ирина Сорокина, «Зағиптар» қоғамының төрайы­мы Жанел Сүгірбаева, механизатор Евгений Пак, тағы басқалар бар. Бұлардың есімдері облыстың «Ал­тын кітабына» жазылатын болады. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.