Қазақстан • 10 Шілде, 2018

«ҚазТрансОйл» Астанаға ерекше этноауылды сыйға тартты

514 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«ҚазТрансОйл» АҚ Астананың 20 жылдық мерейтойына арнап, қала тұрғындары мен қонақтарына  ерекше этноауылды сыйға тартты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған этноауыл бүгініміз бен өткенімізден сыр шертеді.  Компанияның мерекеге арналған сыйы мұнымен шектелмей, осы күндері еліміздің әлеуметтік осал топтары үшін қайырымдылық марафоны өткізілді.

«ҚазТрансОйл» Астанаға ерекше этноауылды сыйға тартты

Жалпы 5 күнге созылған этноауыл жұмысын 30 мыңға жуық адам тамашалады. Олардың ішінде алыс-жақын шетелдерден, Ресейден, Қытайдан, Испаниядан келген қонақтар да бар. Этноауыл Астана қаласы әкімінің орын­басары Ермек Аманшаевтың, «ҚазМұнайГаз» компаниясының мұнайды тасымалдау жөніндегі басқарушы директоры Нұр­тас Шмановтың, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Димаш Досановтың, шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың қатысуымен 3 шілде күні ашылды. Жалпы ерекше ауыл жұмысын ұйымдастыруға «ҚазТрансОйл» компаниясының 150-ге жуық қызметкері атсалысты.

Этноауыл кешені компанияның өн­дірістік нысандары орналасқан еліміз­дің 11 өңірі ұсынған сан түрлі экс­по­наттармен жабдықталды. Соның ішінде Маңғыстаудан келген компания өкілдері аталған өңірдің тарихи жерлеріне саяхаттауға мүмкіндік берсе, ақтөбелік мұнайшылар жабдықтаған «Мұғалжар» еліміздің ұлттық киімдері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін көрсетті. 

Сондай-ақ Қарағанды мұнай құбыры басқармасы ұйымдастырған «Сарыарқа» киіз үйінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолы, саясаттағы алғашқы қадамдары мен қолданған заттары туралы құнды деректер қойылған. Ал Астананың бүгінгі жар­қын келбеті мен әсем ғимараттары павлодарлық мұнайшылар жабдықтаған «Баянауыл» киіз үйінде көрініс тапты. 

Сонымен қатар шымкенттік мұнай құбыры басқармасының қызметкерлері келушілерді  Ұлы Жібек жолы туралы, сондай-ақ өңірдегі тарихи және ежелгі ескерткіштер туралы ақпараттармен таныстырды. Оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи және Арыстан баб кесенелері, ежелгі қалалар Отырар және Түркістан ту­ралы деректер бар. Ал «Ұлытау» деп ата­латын Жезқазған өңірінің мұнай­шы­лар жабдықтаған киіз үйі Алтын-Еме­л, Іле Алатауы, Шарын, Бурабай, Қарқаралы сияқты ұлттық парктердің тарихы туралы сыр шертеді.

Ал Маңғыстау мұнай құбыры бас­қармасы кадр қызметінің бастығы Данияр Шамжанов Маңғыстау облы­сы этноауылды «Аспан астындағы мұ­ражай» деген тақырып аясында киіз үйді жабдықтағанын атап өтті. «Қазақтың қасиетті жерлері мен өңір тарихын тереңнен түсіндіретін экспо­наттармен жабдықтадық. Шерқала тауы мен Түпқараған түбегі, еліміздің 1000 теңгесінде бейнеленген Бозжыра тауы­ның макеттерімен жабдықтадық», деді ол.

Шараны ашқан «ҚазМұнайГаз» компаниясының мұнайды тасымалдау жөніндегі басқарушы директоры Нұртас Шманов жиналғандарды Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады. «Осы шараны өткізуге атсалысқан бар­лық компания қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Шара барысында Қазақ­станның 11 аймағынан келген қыз­меткерлер этноауыл кешенінде обл­ыс­тардың мәдени мұралары туралы те­реңнен әңгімелеп,  келушілерді өңір­лер­дің тарихымен таныстырды. Сондай-ақ 500-ге жуық әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін арнайы қайырымдылық және мәдени іс-шаралар өткізді. Мұның барлығы да компания қызметкерлерінің отансүйгіштік қасиеті мен азаматтық парызына бей-жай қарамайтынын көр­сетеді», деді Н. Шманов.

Өз кезегінде сөз алған «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Сәбит Арынов Астананың 20 жылдығымен және «Кеңқияқ» мұнай бекетінің ашылуымен құттықтады. «Астананың 20 жыл­дығы қарсаңында, еліміз үшін айтулы оқиғалардың бірі  «Кеңқияқ» бас мұнай айдау станциясы қайта іске қосылды. Бұл еліміздің  Қытайға мұнай тасымалын 20 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік беретін «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры жобасын жүзеге асырудағы айшықты қадам», деді ол.

«ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Шара Таңатарова да барша қауымды Астананың 20 жылды­ғы­мен құттықтап, әріптестеріне өз риза­шы­лығын білдірді. «Этноауыл жобасы баршамызға ұлтымыздың өткені мен бүгініне, тарихымызға қайта көз жү­гір­туге мүмкіндік берді. Осы орайда бар­лық әріптестерімді этноауылдың табысты жұмысымен құттықтап, жаңа жетістіктер тілеймін», деді.

Сондай-ақ «ҚазТрансОйл» АҚ  ме­ре­­ке күндері қайырымдылықтан да шет қалған жоқ.  Қайырымдылық шарасы ая­сын­да кешенге аз қамтылған отба­сы­лар­дың балалары мен мүгедектер, ардагерлер  сияқты жалпы саны 500-ден астам адам қамтылды. Ардагерлерге арналған қай­ырымдылық акциясына 100-ден аса ар­дагер қатысып, өңірлер тарихымен танысты.

Кеш барысында  «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығы Астана мерекесіне орай жасаған сый, этноауыл мен мере­ке­лік концерттерді ұйымдастыруға атсалысқан мұнай құбыры басқармалары мен орталық аппарат департаменттері ұжым­дарын марапаттады. Гала-кон­це­рт­те отандық танымал әншілер ән шыр­қап, кеш соңы  «ҚазТрансОйл» АҚ  шығармашылық топтарының өнер көр­се­туі­мен аяқталды.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»