![Шымқаланың мәртебесін шыңға көтерген](/article_photo/1531191780_article_b.jpeg)
Еліміздің жүрегі саналатын елорданың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген Шымкент қаласы тұрғындарының саны миллионға жетіп, республикалық маңызы бар қалалар қатарына жатқызылғаны туралы жағымды тарихи оқиғаны зиялы қауым, ардагерлер, өңірдің мәслихат депутаттары, жастар, БАҚ өкілдері, жалпы қала халқы үлкен ықыласпен, өте жоғары әсердегі зор қуанышпен қарсы алды.
Шымкент қаласы осындай дәрежеге Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел саясатының, Шымкент қаласына деген ерекше назарының, қамқорлығының арқасында қол жеткізді деп нық сеніммен айта аламын, өйткені еліміз егемендік алған уақыттан бері қала халқының саны өсуімен қатар, әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды жүріп отырды. Бүгінде қаламыздың құлпырып өзгергені, дамып, өсіп-өркендегені бүкіл өңір халқы үшін зор мақтаныш.
Оңтүстік өңірінің орталығы болып келген Шымкентке жаңа мәртебе беріп және облыс орталығын киелі Түркістан деп белгілеп, Түркістан облысы деп атау туралы егемен еліміздің тарихында қалатын Жарлық шаһардың алдағы уақыттағы жан-жақты даму бағытын айқындауға, ұлттық рухтың ұйытқысы, әдеп-ғұрыптың алтын бесігі саналып келген, халқы еңбекқор қаланың тұрғындарына үлкен жауапкершілік пен міндеттер жүктеп, мол мүмкіндіктер туғызатыны анық.
Еліміздің үшінші мегаполисі ретінде экономикалық және әлеуметтік дамуының жоғары сатысына қадам басуына соны серпін қосып, жаңа мүмкіндіктер, тың жобалар мен жоспарларға даңғыл жол ашып беретіні де күмәнсіз.
Қала халқының болашақта өсіп-өркендеуіне терең мән беріп, бүгінгі және келер ұрпақтың жарқын болашағына көрегендікпен көз тіккен Елбасына халықтың ақ ниетті алғысы шексіз.
Еліміз егемендік алған кездегі Шымкент пен қазіргі Шымкентті салыстыру мүмкін емес. Ол кезде халық саны 400 мыңдай адам, шекарасы 13 мың гектар, бюджет көлемі 1 млрд теңге көлемінде ғана болатын.
Бүгінгі таңда қала тұрғындарының саны 1 миллионнан асып, үш есеге жуық, жер көлемі 117 мың гектарға жетіп, ондаған есеге өсіп, бюджет көлемі 135 млрд теңгені құрап отыр. Ал осы аралықта көз тартатын зәулім тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттардың бой көтеруі, мәдени ошақтардың, спорт кешендерінің көптеп салынуы, қала тұрғындарының мәдениет дейгейінің жоғарылауы қаламыздың іргесі беки түсуіне септігін тигізді.
Мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығы мен бюджет қаржыларын тиімді пайдалану нәтижесінде қаламызда қыруар жұмыстар атқарылды. Мәселен, атап айтар болсақ, бірнеше шағын аудан пайда болды, оның ішінде ерекше атап өтерлігі «Нұрсат» шағын ауданы, сол жердегі әкімшілік-іскерлік орталықтың ашылуы. Сондай-ақ индустриялық-инновациялық даму, «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан», «Біздің аула» бағдарламалары негізінде бірнеше кәсіпорын іске қосылса, балабақшалар, мектептер, ауруханалар мен емханалар пайдалануға беріліп, нәтижесінде көптеген адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар қаламыздағы саябақтардың көркейе түсуі, көшелер мен көпқабатты үйлердің аулаларының жөнделуі, басқа да көріктендіру, абаттандыру жұмыстарының жүргізілуі қала ажарын аша түсті, еңбексүйгіш, жаңашыл бастамаларға тез бейімделгіш шымкенттіктер еліміздің демографиялық өсу қарқынына да үлкен үлес қосты.
Қазіргі кезде қаламыздың үшінші қала мәртебесіне лайық болуына үлкен серпін беретін «Shymkent City» заманауи тұрғын және іскерлік орталығының құрылысы басталып кетті. Ал Шымкенттің республикалық мәртебе алуы қаламызға инвестиция тартуға да кең жол ашып отыр. Біздегі жобаларға қызығушылық танытқан инвесторлар өте көп.
Мақсатымыз айқын. Шымкент қаласын ақылды қала қатарына енгізу. Ол үшін бізде мүмкіншіліктер жетерлік.
Шымқаланың мәртебесінің өсуіне негіз болған Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан атауын иеленуі, киелі де қасиетті Түркістан қаласының облыс орталығы болуы санада сілкініс туғызып, отаншылдық сезімді тереңдететін тың бастама, рухани жаңғырудың айқын көрінісі, туризм саласының дамуына да үлкен серпіліс беретін жаңашылдық десем, қателеспейтінім анық.
Түркістанның тарихы тереңде. Қасиетті жердің әлеуметтік, экономикалық әлеуеті зор. Бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістанның бүкіл қазақстандық үшін маңызы ерекше.
Қасиетті Түркістан атауы облысымыздың және еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкенттің одан әрі қарқынды дамуына үлкен серпіліс беретініне сенімім кәміл.
Қаламыздағы халықтың еңбекке қабілетті санатын жұмыспен қамту, жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу, еңбекке баулу, батагөй қарияларымыздың құрметке ие болып отыруын қамтамасыз ету үшін бізде мүмкіндіктер бар. Ең негізгісі, нық сенімнен кенде емеспіз.
Елбасының шымкенттіктерге артып отырған сенімін ақтау үшін аянбай еңбек етіп, барлығымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз қажет.
Бүкіл Қазақстанның мақтанышы болған, жаңарған, жаңғырған Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген қос қуанышқа ие болған Оңтүстік өңірі бірлік пен ынтымақты көздің қарашығындай сақтап, Астанаға қарап бой түзейтініне кәміл сенемін.
Нұрлан БЕКНАЗАРОВ,
Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы
Түркістан облысы