![Тарландардың тұяғы немесе менің «Үш жүзім»](/article_photo/1531193184_article_b.jpeg)
Алдыңғы екеуі жасарын жасап, асарын асап соңғы мүшелінің жілігін шағуға таяп өмірден өтті ғой, құдам да жетпістің жалына қол артып кетті деп, қамкөңілді амалсыз жұбатқан болып едім. Ал ұлтымыз бен ұрпағымызға ұжымы мен қоғамымызға әлі де берері көп, парасаты зор, шарапаты мол азамат Жұмабектің ойламаған жерден опат болуы жүректі қан жылатып, қатты күйзелтті. Таң атар-атпастан телефон құрғырдан күмілжи шыққан қайғылы хабар құлақты осқанда «қалай?» деп сылық отыра кетіп, көз жасымды тия алсамшы. Тым құрығанда пайғамбар жасына жетпей кетті-ау айналайын деп, бебеулеп отырғанда, «жылау жылау шақырады, бекін енді», – деп бәйбішем әрең басты. Бәлкім, ауыр отадан, әупіріммен аман қалып, өмір мен өлімнің арасынан қайтып, жүйке әбден жұқарып, көңіл өрмегі быт-шыт босағанының да әсері бар шығар. Не керек, сол күні хабарласқандармен көкірегіме жас кептеліп, жөндеп сөйлесіп, жағдайды да жетік сұрай алмадым.
Тарысы барларды төңіректеп шыр айналатын тауық шіркін талқаны таусылуға таяған шал-шауқандарға қатты шүйіле ме деймін. Тауық жылы кәдімгі қызыл қораз қоқиланып, маған да тым түйіле келді. Ынтымақшыл ұйымның ардагер ақсақалы ретінде бірде-бір беделді жиыннан қалдырмайтын Серіктестік басшыларының шақыруымен жыл тойына қатысып, әріптестеріме ақ батамды берген басым өзіміздің әдеттегі ұлттық мейрам – наурыз салтанатына бара алмай қалдым. Науқасым меңдеп, одан кейінгі мерекелерде де арнайы барып қаламдастарымды құттықтай алмадым. Белім бастырмай, екі аяқтан әл-дәрмен кетуге айналды, қарға адым жер мұң болып, таза ауаға шығудың өзі күшке түсті. Осылай митыңдап мамыр өтті, мамырлап маусым жетті, журналистер күні де жақын.
Бір күні «кіріп шығайық деп едік» – деп телефон соғып жанында Марат Тоқашбаев, Самат Ибрайымов бар Жұмабек көңіл сұрай келіпті. Жалма-жан жеңгелері дастарқан жайып, ашық-жарқын әңгімеге жол ашылды. Менің де жан сарайым саңғырлап қоя берді.
– Хәлімді біліп, көңіл сұрай келгендеріңе мың да бір рахмет! Үш атаның баласы Үш жүздің өкілі болып келген екенсіңдер, менің «Үш жүзім» сендерсіңдер деп бастап, жүректе шемен боп шер толқытқан біраз жайды ақтарып, ұзақ әңгімелестім. Cодан кейін оларды ауруханада көрдім.
Сол кезде маған ота жасалып, қауіп-қатер де артта қалып, өң мен түстің арасынан енді шығып, жаным қалғанына шүкіршілік етіп, өзіме-өзім енді келе бергенде жан сақтау бөліміне Жұмабек, Марат, Самат үшеуі келіп, жағдайды сұрады.
Кейін ауруханадан үйге шыққаныма апта толмай жатып ортамызды ойсыратып Жұмабек жүріп кетті деген суық хабар жүрегімді мұздатып, тұла бойымды түршіктіріп, күрделі отадан кейін есімді еркін жия алмай жүрген мені тіптен есеңгіретіп жіберді. Барып көңіл айтуға жарамаған соң жақын-жуықтары мен туған-туыстарына ортақ қайғымды телефонмен білдіруге оқталсам да, төгіліп кетіп, еңіреп қоя берермін деп, тұтқаны көтеруге де қорықтым. Қырқы жақындағанда Марат пен бәйбішем сүйемелдеп марқұмның отбасына әрең кіріп шықтым.
Түлегінен баулыған қыраннан, тайынан баптаған құланнан, бала күнінен тәрбиелеген ұланнан жаныңа жақын, жанарыңа ыстық не бар?! Бірде мен, бірде ол басшы болып, қырық жыл қанаттасып әй-шәй деспей, бірге қызмет атқарып, туған бауырымдай, тіпті тұңғыш баламдай болып кеткен Жұмабектің мен үшін орны мүлдем бөлек еді. Оны алғаш диплом алдындағы тәжірибеден өтуге келгенде, бұдан бір жыл бұрын келіп жұмыс істеп жүрген Жүнісбек Сұлтанмұратов әкеп таныстырған-ды. Неге екенін қайдам, бастап әңгімелескеннен-ақ оған жүрегім жылып сала берді. Жүнісбек екеуі де бір өңірдің, арасын Қызбел жоталары бөліп тұрған Торғай жағының жігіттері екен.
Екеуі де жас жағынан қатарлас. Екеуінің де шаштары ерте сиреп, маңдайлары жарқырап ашыла бастаған. Бұл жөнінен бір-біріне ұқсас. Бірақ екеуінің мінезі екі түрлі тәрізді. Жүнісбек еті тірі тым пысық, жалт-жұлт етіп жарқылдап, кісіні өзіне әп-сәтте тартып ала қояды. Ал Жұмабек байсалды, байыпты, маңғаз көрінді. Келісті қияқ мұртының бір шалғайын қолымен шиырып қойып, баппен сөйлейді. Таза киініп, галстук тағынып, мұнтаздай боп жүруі, баяғы алаш арыстарын еске түсіреді. Сол тарландардың тұяғы емес пе екен деп қаласың. Маған бір бастан ұнағаны осы ұқыптылығы болса керек.
Кейін кеңінен танысып, сұрастырып көрсем, түбі Торғай арғындарының Төлек тұқымынан екен. Аталары Абылай заманында аты әйгілі болған Жәуке батыр. Төлектер ұлы ғалым Шоқанмен аға сұлтандыққа таласып, жеңіп шыққан Ерден Сандықбаевтың нағашы жұрты. Олар жиендерінің «әй, арғын да ел болып па?» деген бірауыз әзілі үшін қарт жездесін ұрлап әкетіп, Ерден, Жүзенді екі апта іздетіп, әуре-сарсаңға салып, кешірім сұрап келген соң ғана қайтарған осы түлектер. Бұл тұқымнан бүгінгі қазақ сәулет өнерінің белді өкілі әрі қарымды қаламгер, даңғайыр дарын иесі Әбдісағит Тәтіғұлов шыққан. Жұмабек сол киелі топырақта жаралған.
Әкесі Омар мал дәрігері, шешесі Ұлмекен он төрт бала тауып, аман өсірген. Ардақты ана. Үлкендері – Жұмабек. Баланың үлкені әдетте іні-қарындастарының ата-анадан кейінгі тәрбиеші тәлімгері, қара ағаштай пана қамқоры болады. Ондай жігіттің ақылды болмауға хақысы жоқ. Студенттер ортасынан астаналық кеңестің депутаты боп сайланып, Лениндік стипендия иесі атанғанмен асып-таспай, кеуде кермей, бір қалыпта жүретін, кішілігі мен кісілігінің астарында да осы міндеткерлігі жатқан болуы мүмкін.
Әлқисса, өндірістік тәжірибесін ойдағыдай өткізіп, өте жақсы деген мінездемемен оқуына оралған Жұмабек университетті қызыл дипломмен бітіріп шықты. Алайда оны Алматыда қалдырмай, алыс облыстардың біріне жолдама беріпті. Аз уақытта ұжымымызға ұнап, аға әріптестерінің ілтипатына ие болған жас журналисті «СҚ»-ға алып қалудың амалын қарастыруға тура келді. Орталық партия комитетінің насихат бөліміндегі жігіттерге өтініш жасай жүріп, жолдамасын өзгерттіріп, өзімізге алдық. Алғыр да алымды, қаламы қарымды жас үмітімізді ақтады. Қай салаға салсақ та, қай бөлімге апарсақ та сауаттылығымен, шалымдылығымен көзге түсті. Жетім бұрышты жағалап баспана жалдап жүрген үйлі-баранды жігітке үлкен үйдің жолдамасымен келген жас маман деген желеумен бір жарым жылдың шенінде, қаланың қақ ортасынан жайлы пәтер алып бердік. Осылай арада үш-төрт жыл өткенін де аңғармай қалыппыз.
Көбіне басшылықтың тапсырманы тіл қайтармай лезде орындайтын елгезек, тындырымды қызметкерлерінен айырылғысы келмейтін әдеті болады. Кейде оның да аңсаған ертеңі барын, өскісі келетінін ескермей, шақырған жаққа жібермей қоятындар да табылады. Бұл жолы ол дағдыны аттап өтіп, бас редакторымыз Сапекеңмен, Сапар Байжановпен келісе отырып, алдында ғана өзімізден өсіп «Зерде» журналына басшы болып барған Ақселеу Сейдімбековке қолқа салып, Жұмабекті орынбасары етіп жібердік. Екеуі бірден тіл табысып, ғылым мен техника жаңалықтарын насихаттаумен келген журналдың бағытын келе-ақ өзгертті. Ел тарихына, ұлт мәселесіне, табиғат қорғауға, халық қазынасын қастерлеуге бет бұрып, жерін жауға бермеген батыр-бағландар, ел қамын жеген ақылман билер жайында жиі жазатын болды. Жұмабек те жұртты толғандырып жүрген көкейкесті мәселелер жөнінде сындарлы мақалалар, ойлы очерктер жазып көзге түсті. Қанжығалы қарт Бөгенбай, Торғай тарланы Төлек Жәуке батыр туралы тарихи эсселері дәл осы тұста туды.
Үлкен үйдің шеттен келген шүрегей қожасы Желтоқсан көтерілісінен кейін, ұлт мәселесіне қалам тербеген басылымдарды қырына алып, үндеместер басқан ізін аңдып, Ақселеудің соңына түскенде күрделі тақырыптарға барып, толғақты мәселелер қозғап, тәжірибесі толысып қалған Ж.Кенжалинді бас басылымға кері шақырып, кеңес құрылысы бөлімінің меңгерушісі етіп қойдық. Ал тоқсаныншы жылы Жоғарғы Кеңес республика парламентінің тұңғыш төл үнпарағы – «Халық кеңесі» газетін шығару жөнінде шешім қабылдап, бас редакторлығына мені бекіткенде еш ойланбастан орынбасарлыққа Жұмабекті қаладым. Және оны он жеті жыл орынбасар, бірінші орынбасар болып ұжымын уысымда ұстаған «СҚ»-ның басшылығынан еншібасым болсын деп аттай қалап сұрап алдым.
Сосын жасым елудің өрмек жүзінен ауғанда таяныш тірегім, мықты қолқанаттарым күшті әрі ұшқыр болсын деп, ұжымды кілең отыздың ар жақ-бер жағындағы жас қаламгерлерден жасақтадым. Жастардың жаңашыл келетіні, кашанда тың өрістерге тартатыны, жаттандылықтан қашатыны аян. Мұның өзі газеттің беташар санынан-ақ шаң беріп, оқырмандарды елең еткізді. Оның үстіне баламалы жолмен сайланған халық қалаулыларының ойлары, соны пікірлері ұдайы жарияланып, басылым шырайын аша түсті. Мұнда мықты журналистердің ұйысуына мұрындық болған Жұмабектің де еңбегі ересен еді. Қылаусыз сеніммен қанаттанған ол ұжымның күнделік тіршілігін шырқ үйіріп, талап биігінде ұстап, басшы ретінде менің болашақты бағдарлап, алда атқарар істерді ойластыруыма өріс ашты.
Рас, алғашқы жылдар оның өз отбасына оңай болған жоқ. Әуелі анасы, араға жыл салмай әкесі қайтыс болды. Алды кәмелетке енді ғана толған шиеттей іні-қарындастары панасыз қалған соң көшіріп әкелуіне тура келді. Олардың қам-қарекеті, күллі ауыртпалығы бір өзінің мойынына түсті. Әйтеуір екі сәби сыйлаған, адал сүт емген жары Әлима қабақ шытпай, қиын шақта медеу болып, ауыртпашылықты бірге көтерісті.
Алайда басқа түскен қиыншылық зіл батпан болғанымен, қызметіне кері әсер тигізе алған жоқ. Жарқылдап жүріп, жұмысын атқарды, жайраңдап жүріп, жігіттерді басқарды. Соның арқасында газетіміздің мазмұны байып, тың мәселелер көтеруде көптеген басылымдардың алдын орап кетіп жүрді. Осыған байланысты Парламентке жеке газеттің керегі жоқ деген мәселе жиі қойылатын болды. Осы ұсынысты қолдайтын бедел иелері де табылды. Әуелі мені «Ақиқат» («Қазақстан коммунисі») журналына бас редактор етіп жіберді. Ақыры Парламенттің өзін таратып, бір жарым жылдан соң оның газетін де жауып тынды.
Заңды түрде менің орнымды басқан Жұмабек Кенжалин газет тараған соң қызметкерлері түгел жұмысқа орналасқанша отырып, «Ақиқатқа» келді. Әрине, басшы болып келді. Ал жасым асып, зейнеткер аталған мен бөлім редакторы болып қалдым. Сол жұмыста әрі ақылшы, әрі айғайшы болып сексенге келгенше отырдым. Жұмабекті журналға да көп құтайтпай «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор етіп жіберді. Бұл қаржы тапшылығынан басылымдардың қаламақыны былай қойып, қызметкерлерінің жалақысын да тауып бере алмай, әбден титықтаған шағы еді. Әсіресе қазақ баспасөзінің халі мүшкіл болды. Көбіне жабылып қалу қаупі төнді. Өзі қоғамдық қана ұйым болып қалған Жазушылар одағының мүшелік жарна есебінен газет-журнал ұстауға шамасы келмейді.
Тілдің ұстыны да, ұйытқысы да баспасөз. Жөн-жосықсыз жекешелендірудің салдарынан оның өзі иесіз қалды. Демек, жабылғалы тұрған газет-журналдардың басын біріктіріп, бір орыннан басқаратын, бір жерден қаржыландыратын орталық керек. Осындай бас ие болатын орталық деп «Қазақ газеттері» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылды. Осы ұйымға бас директор етіп Жұмабек Кенжалинді тағайындады. Жауапкершілігі, қиындығы ат-көпір осынау аса күрделі жұмыста Жұмабектің ұйымдастырушылық қабілеті, әдебиет пен мәдениетке, тілге деген қамқорлығы алмастай алуан қырынан көрінді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, баспасөз жанашырларын іздеп, демеушілерін тауып, таралымнан түскен тиын-тебенді мемлекет беретін болмашы қаржыны елеп-екшеп, бірін-біріне селбестіріп, серіктестікке қарасты «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Ұйғыр әвази» газеттерімен «Ақиқат», «Жұлдыз», «Мысль», «Простор» журналдарын қилы кезең, қиын жылдарда мұртын қисайтпай аман сақтап қалды.
Араға жеті-сегіз жыл салып, Жазушылар одағы бір амалын тауып, өз басылымдарына өзі ие болып, өзі шығаратын жағдайға жетті. Алайда алмағайып кезеңде ауыр шақта төл басылымдарын жаптырмай, аман сақтап қалған Кенжалинге күллі жазушылар қауымы қарыздар десек, асыра сілтеп, артық айтқан болмаспыз.
Одақ басылымдары бөлініп шыққан соң да жаңадан ашылған «Үркер» журналы мен «Экономика» газетін қосып, алты басылымның басын біріктіріп, серіктестік жұмысын одан әрі де ойдағыдай жалғастырды. Бірақ қазақ баспасөзіне деген қатер әлі айыға қойған жоқ. Бұрнағы жылы жекешелендіру желеуімен «Қазақ газеттері» сатылымға қойылып, Жұмабек бармаған жері, ашпаған есігі қалмай, ұлттық намысы бар ағайындарды, ана тілінің шын жанашырларын сала жүріп, серіктестікті әрең аман алып қалды. Осының бәрі жүрекке салмақ, жүйкеге жүк емес пе?! Оның өмірден ерте кетуіне де осындай оқыс оқиғалар себепші шығар.
Иә, ерте кетті-ау өмірден. Орыстың аса дарынды сыншысы Н.Добролюбов қыршынынан қиылып, жасы жиырма беске жетпей опат болған қаралы жиында сөйлеп, ұлы демократ жазушы Николай Чернышевский «Мен де қоғамға әлі пайдасы тиетін адамның бірімін ғой, бірақ мынау өндірдей өрен кеткенше, менің барғаным жөн еді» деген екен. Сол айтқандай, жолы да, жөні де біздікі еді, бірақ жазмыштан озмыш бар ма бұл жалғанда?!
Сарбас АҚТАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері
АЛМАТЫ