17 Ақпан, 2010

ШЫҒЫСТЫҢ ШЫРАЙЫ КІРІП КЕЛЕДІ

1536 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін
«Шығыс Қазақстан – еліміздің інжу-маржаны. Тек қана табиғатымен емес. Мұнда өз өлкелерін мақтан тұтатын, оның гүлденуі үшін бар күш-жігерін жұмсайтын тамаша, еңбекқор және дарынды адамдар өмір сүреді», деген еді осыдан үш-төрт жыл бұрын кенді Алтайға келген сапарында Елбасы Н.Назарбаев. Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кеңейтілген сессиясында жұртшылық алдында есеп берген өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың баяндамасында атқарылған ауқымды істер жайлы кеңінен сөз болды. – Елбасының Қазақстан халқына биыл­ғы Жолдауы келер он жылға дейінгі атқарылуы тиіс міндеттерді айқын­дауы­мен және қоғамның барлық салаларын қамты­ғанымен ерекшеленеді, – деп бастады сөзін Бердібек Мәшбекұлы. – Кенді Ал­тай­­дың ірі өнеркәсібі, энер­ге­тика, көлік және мәдени салалары өткен мерзімде жақсы көрсет­кіштерге қол жеткізді. Мәсе­лен, жалпы өңірлік өнім былтыр 894 мил­лиард теңгені немесе еліміз бойынша жал­пы өнімнің 6 пайы­зын құрады. Соның ішінде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі – 0,3, ауыл шаруа­шылығының жалпы өнімі – 33,6, шағын кәсіпкерліктегі тауар өндіру 2 пайыз­ды құрады. Тау-кен металлургия кешені кәсіп­орындары өндіретін өнім­дерін­дегі қазақ­стандық қамтуды одан әрі арттыру үшін өңірде “Жоғары техноло­гия­лар ай­мағы”, “Алтай” ғылыми-техника­лық парк­тері негі­зінде “метал­лургия орта­лы­ғы”, “конструк­торлық бюро” құрылды. Атал­мыш аймақты құруға республикалық бюд­жеттен 1 миллиард теңге қаражат бөлінді. Агроөнеркәсіп кешенінде де жалпы өнім көлемі 147 миллиард теңгеге жетіп, табиғи көлем индексі 133 пайызды құра­ған. Өткен жылы облыс соңғы 37 жылда бірінші рет 1 миллион тоннадан астам дәнді дақылдар жинауға қол жеткізді. Ірі қара –2, қой мен ешкі – 5, жылқы 6 пайызға артты. Ет, сүт, жүн өндіру көлемі де өсе түсті. – Мен әр кездесуде қожалық иелері мен агроөнеркәсіп саласы қызметкер­леріне бесінші түлік – марал санын арттыру және Алтайдың адам ағзасына ерекше пайдалы омарта шаруашылығын дамыту жөнінде тапсырма беремін, – деді Б. Сапарбаев. – Соның нәтижесінде был­тыр облыста омарташылардың республи­ка­лық жәрмеңкесі өтті. Онда әр облыстан келгендер тәжірибе алмасып, оның құпия­сына қанықты. Маралдың 95 пайызы, ал омарта шаруашылығының 60 пайызы осы өңірде. Марал мен омарта шаруашылығын дамыту жөнінде кешенді шаралар әзірлен­ді, ол жемісін берер деген үміттеміз. Облыс­тың ауыл шаруа­шы­лығын дамытуға 13 миллиард теңге бөлінді. Салынған инвестициялар есебі­нен 405 бірлік ауыл шаруашылығы тех­ни­касы алынып, 12 мал бордақылау алаңы, екі тауарлы-сүт ферма­сы құрыл­ды. Асыл тұқымды мал шаруа­шылық­тарының саны жыл ішінде 24 бірлікке көбейіп, бүгіндері 112-ге жетті. Агроөнеркәсіп кешенін 2010 жылы дамыта отырып, еңбек өнімділігін арттыру арқылы оны 2014 жылға қарай кем де­генде екі есе ұлғайту қажет. Асыл тұқым­ды мал санын көбейту, егінді тамшы­латып суаруды жетілдіру, жаңа техника­мен қамтамасыз ету мәселелері басты назарда болмақ. Соңғы бір жылда өңірде кәсіпкер­лікті дамытуда да біршама істер атқарыл­ған. Өткен жылы шағын кәсіпкерлікпен шұ­ғыл­­данатындардың саны 71,8 мың бір­лікке жетіп, өнім өндіру 176 миллиард тең­гені құраған. Мына бір игі бастама нәтижесін беруде. Өткен жылы ірі кәсіп­орындар – “Казцинк”, “Өскемен титан-магний ком­бинаты” АҚ, “Қазақ­мыс” кор­порациясы және Үлбі метал­лургия зауыты шағын кәсіпкерлер өндіретін он­даған миллиард теңгенің өнімдерін сатып алған. Әлемдік қаржы дағдарысының өңір­дегі ірі кәсіпорындарға едәуір тосқауыл жасаға­ны белгілі. Оның үстіне металдар­дың баға­сы күрт төмендеп, сатып алу, алмасу тұйыққа тірелді. Алайда, шығыс­тың алып кәсіпорындары бұл қиындық­тан шығудың жолын таба білді. “Жаңа металлургия” бағ­дар­ламасы жемісін берері сөзсіз. Семей қаласында “Бела­русь” трак­торы құрас­тыры­лып жатыр. “Азия-авто” зауыты да қазақстандық көліктердің алты-жеті түрін шығаруда. Қатонқарағай ауда­нында туризм клас­терін дамыту қолға алын­ған, қазір мұнда тоғыз бірдей панты­мен емдейтін шипа­жай жұмыс істеп тұр. Зайсан, Зырян, Шемонайха, Боро­дулиха, Глубо­кое аудан­дарында да инвес­тиция тарту арқылы көп істер тындырылмақ. Энергетика саласында да табыс бар. Өткен жылы электр энергиясын өндіру 7 мил­лиард киловатт-сағатқа жеткен. Се­мей мен Өскемен қалаларындағы жылу қазан­дықтарын күрделі жөндеу үшін қо­мақты қаржы бөлініп отыр. Көлік және жол сала­сы да көштен қал­май келе­ді. Өткен жы­лы респуб­ликалық маңызы бар жол­дарды жөндеуге 3,2 миллиард теңге бөлінді. Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында “Жол картасы­ның” биыл да жалғасатыны, оған мол қаржы бөлінетіні айтылған. Былтыр өңір тұрғын­дары “Жол картасының” шапаға­тын көр­ді. Республикалық және облыс­тық бюд­жеттен бөлінген 18 миллиард теңгеге мың­даған жұмыс орындары ашылып, көптеген мектептер мен бала­бақшаларға, денсаулық сақтау мекеме­леріне, спорт кешендеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Білім беру мен денсаулық сақтау, бұқара­лық спортты дамытуда да алға басушылық айтарлықтай. – Өткен жыл облыс тұрғындары үшін ерекше есте қалады деген ойдамын, – деді облыс әкімі Бердібек Мәшбек­ұлы. – “Туған ел – алтын бесігім” акция­сы өңір­дің қалалары мен аудан­дары ара­сында шығармашылықты өзара алмасуға, жаңа дарындарды ашуға жол салды. Акция кезінде осы өңірден шық­қан әншілер мен жазушылар, ақындар келіп, жерлестерімен қауышты, олармен пікір алмасты. Ал “Туған елге тағзым” акциясы бойынша қалталы азаматтар кін­дік қаны тамған жерге келіп, қол ұшын берді. Абай мен Пушкин Өскеменнің төрі­нен орын алды, Тагор тұғырға қонды. Се­мейде Әміре Қашаубаевтың, Жарма ауданында Ер Жәнібектің ескерткіштері ашылды. Өскеменнің кіреберісінде қазақ­тың дарабоз батыры Қаракерей Қабан­бай­ға да алып кешен тұрғызылмақ. Мұның барлығы халықтың қаржысына бой көтереді. Қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақ­тау, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қам­тамасыз етуде де атқарылған істер баршылық. Құқықтық тәртіпке өткен жылы 5,2 миллиард теңге бөлініп, тұң­ғыш рет полиция қызметкерлеріне 60 пәтер­дің кілті табыс етілді. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында соғыс ардагер­лері мен мүгедектеріне ерекше құрмет көр­сетіл­мек. Бюджеттен 563 мил­лион теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде арда­гер­лерге тұрғын үй беру, емдеу, тегін дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз ету назарда болмақ. Тәуелсіздік алғалы жиырма жылға тая­ды. Алайда, бізде мемлекеттік тілдің жағ­дайы әлі де көңілдегіден көп төмен жатыр. Ендеше, тіл саясатына барлығы­мыз үлес қосуымыз керек, деді баян­дамашы. Облыс әкімінің есебі аяқталған соң есепке қатысушылар көптеген сауалдар қойды, ұсыныс-тілектерін айтты. Залға үш микрофон орнатылды. “Мұндай тәжірибе бізге де керек екен”, деді Могилев облыстық атқару ко­ми­тетінің төрағасы П.Рудник (Беларусь). Есептік кездесуде әкімге сауал қоя­мын деген азаматтардың бәрі сұрақ­тарын қоюға мүмкіндік алды. Есепті кездесуді түкпірдегі ауыл-ауылдардың көпшілігі он-лайн байланысы режімінде тікелей көріп, олардың тікелей сұрақ қоюына жағдай жасалды. Тағы бір атап көрсететін жәйт – әкімнің есепті баяндамасы басталар­дың алдында жиырма минут бойы бір жылғы ат­қарылған жұмыстар бейне­фильм арқылы көрсе­­тіліп, есеп материалдары кітапша түрінде жиылған қауымның бәріне ұсынылды. Бұл есепке Шығыс Қазақстан облы­сына тәжірибе алмасып, келісімдер жа­сау­ға келген Беларусь республикасы Мо­гилев облысының басшылары да қатысты. Қатонқарағай ауданынан келген шаруа қожалығының төрағасы, “Туған жерге тағзым” акциясын қызу қолдаған, мәде­ниет үйі мен балабақшаны көк тиын сұра­май-ақ қайтарып берген патриот А.Матасов­тың айтқаны көкейге қонымды болды. Қазір, деді ол, ауыл жастары дема­латын орындар аз. Сіз ауданымызда бол­ған­да біздің шаруа­шылықты аралап, жастардың бос уақыт­тарын мәнді де мазмұнды өткізулеріне мұрын­­дық болуға шақырдыңыз. Мен өзім екі бірдей үлкен мекемені қайтарып бердім. Қазір “Балдыр­ғанда” 25 орындық бала­бақша ашылды. Мәдениет үйі жастардың жиі жиналатын орнына айналды. Сіз бір жылда барлық аудан, қалаларда тіпті бес-алты реттен болдыңыз. Демек, осы тәжіри­бені басқа азаматтар қолдап әкетсе деген ой бар. Риддер қаласындағы ардагерлер кеңесі­­­нің төрайымы Г.Степанова маңызды мәселе қозғады. Денсаулық сақтау саласы­ның қызметкерлері реформаға әзір емес болып шықты. Біздің қала өнер­кәсіпті, сондық­тан экологиясы нашар. Дәрігерлер жетіс­пейді, оның үстіне таяу­да тері сыр­қат­­тарын емдейтін аурухана жабылған. Жүйке ауруларын емдейтін емхана да осы күйге түспек. Осы мәселе­лердің шешімін табуға көмектессеңіз екен, деді ол. Облыс әкімі бұл мәселені оң шешетінін мәлім етті. “Он-лайн” жүйесі бойынша Зырян қаласынан бір ана сөйлеп, қатал қыста тоңып отырғандарын жеткізді. Басқа да бір-екі ауданнан көгілдір экран арқылы сауалдар қойылып, әкім оларға тиянақты жауап қайтарды. Зайсан, Тарбағатай, Бесқарағай, Глу­бокое, Бородулиха, басқа да қала-аудан­дардан келген есеп беру жиынына қатысу­шылар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Қатал қысқа қарсы амал бар ма, көмір қоры жеткілікті ме, “Жол картасы” қанша адамға жұмыс береді, дәрігерлік қыз­мет сапасы жақсара ма, т.б. тұрғыдағы сауал­дарға облыс әкімі Б. Сапарбаев: “Семейге 50 мың тонна көмір бердік. Қатал қыс, әсіресе, Абай ауданының тұр­ғын­­дарына ауыр соғып тұр. Бір аптадан бері абайлық­тарға қала және аудан халқы нақты көмек көрсете бастады. Мәселен, Өскемен қаласы бір К-700 тракторын, 12 тонна арпа, 23 тонна дизель отынын жөнелтті. Боро­дулиха, Шемонайха, Глубо­кое аудандары да қол ұшын берді”,– деп жауап қайтарды. Облыс әкімі Б. Сапарбаевтың есебіне жиналғандар оның командасының бір жылғы жұмысына оң баға берді. Ел іші тыныш болып, берекеміз бен бірлігіміз жараса берсін, алынбайтын қиындықтар жоқ, деген ұйғарымға келді жиынға қатысушылар. Облыс әкімінің есепті жиынына Қазақ­стан Республикасы Президенті Әкімшілі­гінің мемлекеттік инспекторы Ж. Ахметов, Парламент және Сенат депутаттары Т. Абайділдин, С. Плотников, Н. Сабильянов, С. Ферхо, В. Доскалов қатысты. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы. ЖАМБЫЛ ӨҢІРІНЕ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ ЖАҢА РЕФОРМА ҚАЖЕТ Өткен жылдың қараша айының соңында өңір басшылығында кадрлық ауыс-түйіс болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынуымен облысқа “KEGOC” Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы” АҚ президенті, қырық жастағы білімді де білікті азамат Қанат Бозымбаев әкім болып тағайындалды. Әрине, өңірдегі еңбек өтіліне небәрі екі жарым ай ғана болған әкімге өзінен бұрынғы атқарылған жұмыстарға байланысты есеп беру күрделі болатыны белгілі. Бірақ, Елбасы мен ел сенім артқан басшыға өткен жылы орындалған жоба­лар­ды ой елегінен өткізіп, алдағы жыл­дары атқаратын істерін салмақтап, сара­лап алу үшін “қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай” әбден жеткілікті болғанға ұқсай­ды. Өткен жылы не істедік? Әлеу­меттік салада не атқардық? Экономика­лық көрсеткіштер туралы не айтуға болады? Жалпы, қандай мәселеге назар аудардық? Облыс әкімі Қа­нат Бозымбаев жұртшылық алдындағы есебін ойға жете­лейтін, игі істерге итер­ме­лей­тін осындай нақты сауалдармен бастады. – Өздеріңіз білесіздер, әлемдік эконо­ми­калық дағдарыстың салқыны өңірге де жетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 113 млрд. теңгеге жуықтағанымен, оны бұрна­ғы жылмен салыстырсақ, 30 пайызға төмен. Бірақ қол қусырып қарап отырған жоқпыз, – деген өңір жетекшісі эконо­ми­калық дағ­дарысты ауыздықтауға байланысты атқарылған жұмыстар мен қолға алынғалы жатқан жаңа жобаларға тоқталды. Өңірдің экономикалық келбеті өнер­кәсіп­ті дамытуға байланысты ашыла түсе­тіні белгілі. Сондықтан облыста ин­дустрия­лық-инновациялық даму бағдар­ламасы жасалып, құны 50 млн. АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жоба елдің индустриялық картасына ұсынылып­ты. Аймақтық картаға 12 инвестициялық жоба енгізілген. Облыста жалпы құны 807 млрд. теңге болатын 19 инвестициялық жоба бар. Аграрлық сектордағы адамдардың да жүзі жарқын. Мемлекеттік қолдаудың арқасында саладағы даму үрдісі жылдан-жылға қарқын алып келеді. Айталық, есеп беріп отырған кезеңдегі жалпы өнім көлемі 84,4 млрд. теңге болса, ол бұрнағы жылға қа­ра­ғанда, 17 пайызға артық. Өткен жылы республикалық бюджеттен 1 млрд. 700 млн. теңге трансферт беріліпті. Бүгін­де облыста 89 асыл тұқымды шаруашы­лық, 8 асыл тұқымды зауыт бар. Тауар өндірушілерге 305 млн. теңге несие беріл­ген. Алдағы уақытта жылыжай саны көбейе түспек. Екі жарым айда облыс орталығынан бас­тап оның аудандары мен ауыл­дарындағы кәсіпорындар мен шаруашы­лықтарды ара­лап, өңірдің экономикалық және әлеу­меттік жағдайынан әбден хабар­дар болған әкім ин­вестиция саясатын бас­ты назарда ұстай­ты­нын аңғартып өтті. Әкім: “Негізгі капиталға жалпы инвес­ти­ция көлемі 217 млрд. теңге болды. Бұл 67 пайызға жоғары. Облыс эко­номикасы­на ка­питал салым­дарының ішкі көз­дері 46 млрд. теңге. Бұл 2008 жылға қара­ғанда 25 пайызға төмен”, дей келіп, өкі­нішке қарай, бүгінгі күні облыста ин­вес­тиция­лық саясат жоқтың қасы екенін ашық айтты. – Өкілетті мемлекеттік органдардың инвестициялық стратегияны дамытуы қа­жетті деңгейде емес. Белгіленген міндет­тердің бәрі қағаз жүзінде қалған. Біздің облысқа шетелдік және отандық қаржы институттарын тарту ауадай қажет. Ол өңірді дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге, өнеркәсіптің жаңа инфрақұры­лымы мен негізгі салалар бойынша өн­дірістер құруға қажет, – деген әкімнің сөзі тұр­ғындар тарапы­­нан қызу қолдау тапты. Тұрғындар, әсіресе, облыс әкімінің ин­дустрия­­лық-инно­вациялық даму бағ­дар­ла­масы аясында облыс эконо­мика­сының тұрақты өсуі қамтама­сыз етіліп, 2014 жылы 2008 жылғы деңгейге қарағанда жалпы өңірлік өнім көлемінің 2 есеге ұлғаятыны мен негізгі капиталға ин­вести­циялардың жалпы көлемі 800 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайтыны туралы дерек пен дәйегі қатты қуантқан. Өткен жылы мемлекеттік бюджетке түсімдер 39 млрд. 726 млн. теңгені құрап­ты. Оның 16 млрд. 175 млн. теңгесі жер­гілікті бюджетке түскен. Дегенмен, өңір бас­шысы бүгінде облыстық бюджеттің даму бюджеті бола алмай отырғанын өкінішпен айтып өтті. Облыс әкімінің пікірінше, бюд­жетті ақыл­мен, біліктілікпен қаржылық іркі­лістерге жол бермей, толық көлемінде тиімді пайдалануға болады екен. Ол үшін үстіміздегі жылы әкімдік пен өкілеттілігі бар салық органдары облыс бюджетін толық­тыра түсу үшін қосым­ша табыс көздерінен салық жинау жұмысын күшейте түспек. Облыстағы барлық салық төлеушілерді есеп­ке алуды тәртіпке келтіру де қолға алынатын болады. Қанат Бозымбаев есеп үстінде жұрт­шылыққа өзінің өңір экономикасына жана­шыр басшы ретіндегі басты мақ­сатын да жария етті. – Жамбыл облысы, өкінішке қарай, дотацияға тәуелді өңір болып табылады. Облыс әкімдігінің алдында тұрған негізгі мін­дет – облысты өнеркәсібі дамыған, ша­ғын және орта бизнесі жоғары деңгейге кө­терілген табысты аймаққа айналдыру үшін қолынан келгеннің бәрін істеу, – деді әкім. Бүгінде өңірде “100 аурухана, 100 мектеп” бағдарламасы шеңберінде облыс­тық бюджет есебінен 482 млн. теңгеге 19 ауылда медициналық нысандар іске қо­сыл­ды. Өткен жылы 85 денсаулық сақ­тау орындарына күрделі жөндеу жүр­гізілді. Ауылдық ауруханаларда төсек саны кө­бей­ді. Облыстық ауруханада кардио­хи­рур­гия бөлімшесі ашылып, қалалық емханада хирургия орталығы іске қосылған. Дегенмен, облыс әкімі денсаулық сақтау саласына тоқталғанда мемлекет үшін адам денсаулығы өте қымбат байлық екеніне маңыз бере сөйледі. Өңір тұрғын­дарын туберкулез, жүрек-қан тамырлары, онкология аурулары алаңдатып отыр­ғанын да жасырмады. – Мәселе бар. Оны халықтан жасыр­май айту қажет. Өңірде ана мен бала өлімі­не жол бермеу керек. Облыста 2008 жылмен салыстырғанда ана өлімі 2 есеге көбейген. Облыста 18526 адам өкпе ауруымен ауыра­ды. Әрбір 57-ші адам ауру жұқтыру қаупі бар аймақта өмір сүріп жатыр деуге болады. Мысалы, Қордай ауылында елуін­ші жыл­дары салынған ескі өкпе ауруханасы тура мектептің іргесіне орналасқан (әкімнің есебі­нен кейін Байзақ ауданы тұрғындары­ның атынан сөз алған адам осындай жағдайдың Сарыкемер ауылында да орын алып отырғанын жеткізді – К.С.). Бұған жол беруге болмайды. Бұл – демография­лық мәселе. Туберкулезбен аурудың алдын алудың пәрменді шаралары қажет. Сондықтан, бұл салаға ерекше назар ау­дарып, дәрігерлердің жауапкершілігі қатаң түрде қаралады, – деген облыс басшысы денсаулық сақтау саласындағы кемшілік­терді жою үшін қолдан келген жағдайдың бәрін жасауға дайын екенін жеткізді. Елдің бәсекеге қабілеттілігі оның білімі мен ғылымының биік деңгейінен көрінеді. Сондықтан мемлекет білім беру саласына жыл сайын қыруар қаражат жұмсайды. Себебі түсінікті. Жақсы білім алу үшін жақсы қамқорлық керек. Өңірде өткен жылы 9 мектеп құрылысы, оның ішінде жергілікті бюджеттен 7 мектеп құрылысы жүргізілген. Республикалық бюджеттен Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында 330 оқушыға арналған мектеп ашылса, Шу ауданындағы Төле би ауылында 780 орын­дық мектептің құрылысы жақында аяқтала­ды. Өткен жылы 33 мектеп күрделі жөндеу­ден, 164 нысан ағымдағы жөндеуден өтті. “Жол картасы” бойынша 118 білім беру мекемесі жөнделді. 2 лицей және 2 мемле­кеттік емес колледж ашылды. Әйтесе де, облыс әкімін облыстағы білім беру сапасы толық қанағаттандырмайтын сияқты. – Елбасының тапсырмасы бойынша біздің міндетіміз – оқушыларға ХХІ ғасырға лайықты білім беру. Бірақ, біз ол талап деңгейінен әлі көріне алмай келеміз. Білім саласының көрсеткіші бойынша он алты облыстың ішінде он бесінші орында тұрмыз. Жақында бір аудандағы жаңа мектепті барып көрдім, бірақ спорт залы оқушылардың волейбол, футбол ойнауына жарамайды. Мемлекеттің қаржысын елдің болашағы – оқушылар үшін жұмсаған соң, ол жарқырап көрініп тұруы керек, – деді өңір басшысы. Бүгінгі күні облыста 134 балабақша және 59 шағын орталық жұмыс істеп тұр. Онда 21 мың 500 бала тәрбиеленуде. Өткен жылы 4 бала­бақша, 28 шағын орталық ашылды. Та­раз қаласында 320 орындық балабақша құры­лысы аяқталды. Дегенмен, әкім облыста 15 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаның кезегінде тұрғанын ашық айтты. Бұл мәсе­лені уақыт созбай шешу үшін кәсіпкерлерді осы іске жұмылдыру, ынталандыру іс-шаралары қарастырылаты­нынан да хабардар етті. Өңірде “Жол картасы” бойынша ат­қарылған жұмыстар да жақсы нәтиже бер­ді. Соның арқасында 276 инвестиция­лық жоба жүзеге асты. 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Ең бастысы, бұл жақсы үрдіс биыл да жалғасын тауып, “Жол кар­тасы” бойынша 207 нысан қайта жөндеу­ден өтпекші. Сөйтіп, биылғы жылы өңірде жаңадан 8 мың 500 жұмыс орны ашылмақ. Мәдениет, өнер, және спорт сала­ларын­да да жетістіктер бар. Облыста жаңа­дан 7 клуб, 1 кітапхана және Тараз қаласында “Лашын” футбол клубы ашылса, бюджет есебінен теннис корттары салынды. Мем­лекет басшысының мақсаты – спортқа бар­шаны тарту, оның бұқаралылығын арттыру. Осы орайда облыс әкімі өңірдегі туризм сала­сындағы орын алып отырған кемші­ліктерге нақты мысалдармен тоқталып өтті. Облыс әкімі өңірдің ауыл шаруа­шы­лығын дамыту мен қолдауға нақты шаралар жасауды көздеп отыр. Ол үшін шетелдік инвестиция мен аймақтың жеке капиталын тарту бойынша облыстық бағдарлама жасалуда. Қ.Бозымбаев, сондай-ақ Жамбыл өңіріне даму жөніндегі жаңа реформа ауадай қажет деп есептейді. Ол үшін негізгі тіректі тау-металл кешені, құрылыс, химия ин­дустрия­сы және ауыл шаруашылығы саласына салу керек. Шикізаттық секторды жоғары экспорттық әлеуетті өнімдермен дамыту қажет. Сондай-ақ, өңірде шикізаттың стратегиялық мол қоры бар. Ол өңірді ин­дустриялық-инновациялық тұрғыдан сер­пінді дамытуға негіз болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында алдағы онжылдықта жүзеге асыратын жобаларды көрсетіп берді. Демек, стра­тегиялық жоспар бар. Енді осы жоспарды жүзеге асыру керек. Есепті мұқият тыңдау барысында ел-жұрт облыс әкімінің алдына үлкен мақсаттар қойып отырғанын білді. Қойған сұрақтарына қанағаттанарлық жауаптар алды. Кейбірін әкім жеке қабылдайтын болып келісті. Жеке басына қатысты емес, ел мен жерге ортақ сұрақ қоюда, әсіресе, Жуалы ауданы тұрғын­дары белсенділік танытты. Талас ауданы тұрғынының “Ойық – С. Шәкіров – Тегіс­тік” авто­мобиль жолын жөндеудің созылып бара жатқанына және оның сапасының төмендігіне алаңдаушылығы да облыс бас­шысы тарапынан қолдау тапты. Облыс­тың басқа аудандарының тұрғындары да ауыл-аймақ үшін ең өзекті деген мәселелерді әкім­нің құлағына жеткізіп, олардың көп ұзамай шешімін табатындарына көздері жетті. Мақсатқа мүмкіндік сай жерде дамуға күмән келтіруге болмайды. Өңірдің даму жос­пары жасалуда. Инвестициялық жаңа жоба­лар бар. Үкімет Тараз қаласының бас жос­парын бекітті. Демек, алдағы бес-он жылда Жамбыл қала мен дала қатар жаңғыратын өңір болады деген үмітімізді үкілейік. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. НАҚТЫ ІСТЕРДІҢ ЖАҢА СЕРПІНІ Облыс әкімі Альберт Раудың биылғы есебі көрнекілік жағ­дайда әрі мерекелік тұрғыда басталды. “Көкшетау” мәде­ниет сарайында ән қалықтап, күй күмбірледі. Облыс өмірінен түсі­ріл­ген кинофильм жиналысқа қатысушылардың жыл ішіндегі тіршілігін қамтитындықтан, озаттар бір-бірін құттық­тап, мәз болды. Сарайдың екінші қабатындағы агрокешен саласы еңбек­керлерінің көрмесінде ине шаншар жер жоқ десе бол­ғандай. Мұндай жиналыстарға өзіміз де жылда қаты­са­тын­дықтан, бүгінгі көрменің ағыл-тегіл молдығына тәнті болдық. Осындай жақсы екпінмен бас­талған облыс әкімінің есебін өздері­нің кезекті ХХ сессиясын өткізіп отырған облыстық мәжіліс­тің депутаттары мен аудан және қалалардың әкімдері, облыс активі бірнеше рет қол шапалақтаумен қошеметтеп отырды. – Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зар­баевтың Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі жолдаулары елдің қоғамдық өміріндегі маңызды оқиға саналады,– деді Альберт Павлович. – Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа эконо­микалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында алдағы он жылдық дамуымыздың нақты бағдарламалары белгіленді. Бұлар Қазақстанның дағдарыстан кейінгі жаңа әлемде өзінің сенімді орнын алуына мүмкіндік туғызады. 2020 жылдың Президенттік бағдар­ламасы қоғам алдындағы жаңа міндеттермен қабысып отыраты­нын атап өту қажет. Өткен жыл баршамызды сынақ­қа салып, шыңдалу мектебінен өткізді. Әлемдік қауымдастыққа кіріп отырған Қазақстанды да экономи­калық қаржы дағдарысы айна­лып өтпеді. 2008 жылдың ая­ғын­­да дағ­дарысқа қарсы дер мез­гілінде бір­қатар шаралар кешенінің қол­данылуы, нақты сектор мен қаржы рыногын қолдау әлемнің жетекші сарапшыларының жоғары бағасын алуымен қатар, экономи­каның төмен­деуіне жол бермеді. Елбасы­ның “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Жол­дауында тұжырым­ды тапсырмалар қойылды. Ең алдымен, халықты жұмыс­пен қамтуға және жұмыссыздық­тың өсуіне жол бермеуге күш салын­ды. Әрбір әкімнің экономи­каны тұрақтандырудағы іс-қимылы жұмыс орындарының жеткілікті­лігімен бағаланды. Облыста 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылса, соның ішінде “Жол карта­сының” үлесі 7 мыңды құрап отыр. Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асырумен қатар, қазір біздің алдымызда Қазақстан-2020 бағдар­ламасын жүзеге асыру және оның жаңа кезеңіне дайындық жасау міндеті тұр. Біздің облысымызда оларды табысты орындауға алғы­шарттар жеткілікті. Бұл, ең алды­мен, Ақмола облысының бәсеке­лес­тікке қабілеттілігін дамытуда көрініс бермек. Атап айтқанда, оған: – облыстың экспорттық әлеуе­тін­дегі агроөнеркәсіп кешенінің қуатын арттыру; – индустриялық-инновациялық даму; – бәсекелестік қабілетін арт­тыруға ықпал ететін инфрақұры­лымды дамыту; – білім беру жүйесін дамыту; – халықтың денсаулығының жоғары деңгейін және медици­налық қызмет түрлерінің сапасын қамтамасыз ету мәселелері кіреді. Шығарып салған жылда облыс­тың ауыл еңбеккерлері жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе алды. Мұнда жалпы өнім көлемі 212 миллиард теңгеге жетіп, 2008 жыл­мен салыстырғанда 145 пайызды құрады. Облыс диқандары 5,8 мил­лион тонна астық жинап, гектар түсімділігі 12,6 центнерден айнал­ды. Астықтың жалпы түсімі бойын­ша өңір республика бойынша екінші орынға көтерілді. Агроөнеркәсіп кешеніне 27 миллиард теңге көлемінде инвес­тиция тарту, ал мемлекет тарапы­нан тікелей жасалған қаржылай қолдау­дың 5 миллиард теңгеге жетуі диқан­дар тынысын кеңітті. Осының арқа­сында 759 түрлі ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, барлық егіс алқабының 60 пайызында ылғал үнемдегіш технологияны қолдануға мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, астық сатып алудың көлемі 1,5 миллион тоннаға арттырылуы үлкен көмек ретінде атап өтілді. Облыстық бюджеттен сапалы тұқым сатып алу үшін 50 миллион теңге қаржының бөлінуі облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары­ның картоп егістігі алқабын 2,5 есеге арттыруына жағдай жасады. Осының нәтижесінде өткен күзде жиналған картоп өнімі 2 есеге кө­бейіп, мұның өзі облыс және Астана тұрғындарын картоппен то­лықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік жасады. Көкөніс алқабының көлемі де 20 пайызға артып отыр. Картоп және көкөніс өнімдерін сақтау мақсатында жылы қоймалар салу жобалары жүзеге асырылуда. Қазіргі күнге дейін жалпы сыйым­дылығы 20 мың тонна болатын осындай 4 жоба іске қосылды. Май­лы дақылдарды өңдеу бағы­тында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Атбасар ауданындағы “Сочинск” ЖШС-інде жылына 1200 тонна өнім шығаратын зауыт іске қосылды. Осындай цехтар Бурабай, Зеренді және Қорғалжын аудандарында да жұмыс істей бастады. 2009 жылы жаңадан іске қо­сылған кәсіпорындардың есебінен ет өнімдерін шығару көлемі 42 пайызға өсті, шұжық өнімдері 5,4 пайызға көбейді. Құс шаруашы­лығы жедел қарқынмен дамуда. Баяндамашы одан әрі ин­дустриялық-инновациялық ахуалға кеңінен тоқталды. Қаржы және экономикалық дағдарысқа қарамастан, индустриялық кешенде 127 миллиард теңге­нің өнімі өндірілді. Бұл – алдыңғы жылғы көрсеткіштің 91,9 пайызы. Бірақ, өткен жылдың екінші тоқсанынан бастап саладағы құлдырау тоқтаты­лып, өндіріс көлемінің өсімі байқалды. “Жол карта­сы” бағдарламасы бойынша ат­қарыл­ған шаралардың арқа­сында жергілікті кәсіпорын­дардағы кірпіш шығару, цемент өндіру, ағаш бұйым­дары мен құрылыс заттарын дайындау көлемі артты. “Васильков тау-кен ком­бинаты” АҚ жобалық қуаты жы­лына 13 тонна алтын айы­ратын байыту фабрика­сының құрылысын аяқтады. “Тыныс” АҚ полиэтилен құбыр­ларын шығара­тын жаңа желі іске қосылып, өндіріс көлемі 2,8 есе өсті. Жалпы, облыстық бағдарлама шеңберінде құны 18 миллиард теңгенің 12 жобасы іске асырылды. Жолдауда атап көрсетілгеніндей, алдағы кезде индустриялық-инновациялық қарымның қуаты экспорттық бағыт ұстанатын болады. Әкім әрбір инвестициялық жоба бойынша жұмыс кестесі бақылауда ұсталатынын айтты. Салаға қаржы құю 40 миллиард теңгеге жетпек. Мақсат – жаңадан 3000 жаңа жұмыс орнын құру. Тұрғын үй құрылысының жос­пар­ланған көрсеткіші 44 пайызға асыра орындалып, оның көлемі 157 мың шаршы метрден асып түсті. Көкшетау қаласында дәрігерлер үйі және ардагерлер үйі іске қосылды. Білім беру және денсаулық сақтау салалары қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер де көптеп салынуда. “Нұрлы көш” қанатқақты жобасы бойынша Краснояр кентінде 276 оралмандар отбасына арналып 138 үй салынып, оған 276 оралман отбасы қоныстанды. Облыс әкімі тұрғын үй-ком­мунал­дық шаруашылықтағы әлеует­ті, ондағы атқарылған елеулі табыстарды тілге тиек етумен қатар, Астанамен серіктес елді мекендердегі инфрақұрылымдарды дамытудағы проблемаларға назар аударды. Бұл жеке тұрғын үй құрылысына телім­дер бөлу кезінде электр қуатымен, сумен және жол­дармен қамтамасыз етуге қаржы­ның жеткілікті қарас­тырылмаған­дығынан туындап отыр. Аталған жерлерде салынған білім беру және медицина мекемелері халық санына сәйкес келмейді, аз. Әлеуметтік сала бойынша 40 нысан құрылы­сын тұрғызу қажет, бұған облыстың қаржы мүмкіндігі жетпей­ді. Осыған байланысты аралас ресурстарды пайдалану бағдарлама­сының жоба­сы талқыға ұсынылды. Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасымен Көк­ше­тау қаласында және Шортанды ауылында тұңғыш Президентіміздің дарынды балаларға арналған мектептері ашылды. Еңбек рыногы сұранысын ескере отырып, 2008 жылмен салыстырғанда мемлекет­тік білім беру тапсырыстары колледждерде 30 пайызға, кәсіптік лицейлерде 25 пайызға өскен. Ақмола облысындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру стратегия­сында тұрғындар денсаулығын сақ­тау мен нығайту басым бағыт ретінде белгіленген. 2009 жылы саланы дамытуға 17,4 миллиард теңге бөлінген, бұл 2008 жылмен салыстырғанда 3 есеге артық. Бұл – ана мен бала денсаулығын қор­ғау, туберкулез ауруын төмен­дету, жүрек-қан тамырлары ауру­лары­ның алдын алу, алғашқы медици­на­лық-санитарлық көмекті жетіл­діру, кадр саясаты сияқты мақсатты салаларды сауықтыруға мүмкіндік бергені айтылды. Ең бастысы, тұрғындардың денсаулығын жақсарту денсаулық сақтау саласының ғана емес, баршамыздың міндетіміз деп түсіну қажет. Осы ретте, саламатты өмір салты кеңінен насихатталып, бала­лардың ерте жастан дене тәрбиесі, спортп­ен шұғылдануына барынша жағдай жасалуы тиіс. А.Рау 2010 жылдың басым бағыттары мен міндеттері қата­рында жаңа технологияны енгізу есебі­нен индустриялық-иннова­ция­лық даму, еңбек өнімділігін арт­тыру, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, “Жол картасы” бойынша инфра­құрылымдық жобаларды жалғастыру, “Бизнестің жол карта­сы-2020” бағдарламасын жүзеге асыру, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын атап өту, ауылдық елді мекендерге әлеумет­тік сала қызметкерлерін көптеп тарту мәселелерін атап өтті. Баяндаманы талқылауға облыс­тық мәслихаттың депутаттары – Целиноград ауданындағы “Астық” АФ төрағасы Марат Қамзебаев, Атбасар қаласындағы “Аждар және К” кооперативінің басшысы Аждар Тайшытов, облыстық “Арқа ажары” газетінің бас редакторы Жабал Ерға­лиев, Көкшетау қала­лық аурухана­сының бөлім меңгеру­шісі Сергей Зибаров, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік универ­ситеттің студенті Индира Сүлей­менова қатысып, облыс әкімінің жылдық жұмысына қанағаттанар­лық баға берді. Есепті жиналысқа Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұха­мед­жанов қатысып, сөз сөйледі. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.