Алайда орыс әлемі ұлысы бар, кішісі бар, өз тұлғаларының бет-бейнесі арқылы тұлғатану жолында тынымсыз әрі тартымды һәм нәтижелі жұмыс жүргізіп жатқанын аңдайсыз. Мұндай биографиялық фильмдер солтүстіктегі көршімізде соңғы 10-20 жылдықта көптеп түсірілді. Тіпті қазаққа қырғидай тиген қанқұйлы әскербасыларының бірі Кольчакты да «Адмираль» атауымен антына адал қаһарман ретінде көрсеткені есте. Солтүстіктегі елдің сол сияқты саяси тұлға, өнер өкілі болсын, барлық биографиялық фильмдерінде әдемі әдіптелген идеологиялық иірімдер де көрініс беріп қалады. Бірақ бәрібір көркемдік ізденістері мен психологиялық портреттері саясаттың салқынын ақтап тұрады. Міне, бұл мәдениет пен өнердің ұлт мүддесімен қабысуы дер едік.
Әрине Қазақстанда да өмірбаяндық өнімдер жарыққа шығып жатыр. Әлбетте, оның ішінде көрерменді баурап алып жатқаны сирек. Әйтеуір бір әбестік байқалып қалады. Әбестік ұлт тарихынан бейхабар біреулердің күлдібадам дүниесінен айғайлап көрініп тұрса, біледі-ау деген білімпаз, жұртқа жақын жанашыр азаматтар жанынан табылған туындылар де жауһар болып жан-дүниемізді жаулап жатқан жоқ. Экрандау саласында бір әлсіздік бар. Қаржы жеткеніне шығармашылық қауқар жетпейді, шығармашылық қабілеті түгелі қазанның қақпағынан қағыс қалатындай көрінеді. Ал қаншалықты жақсы ой, жаңашыл идея, тың бастама болғанымен пышыраңқы, күңгірт, діттеген ернеуіне жете алмаған шикі шығарманы ақтауға болмайды.
Әйтпесе әлгіндей әдемілігімен, әнімен, сәнімен болса да замананың қиялай соққан желі мен зар-запыранына тұншығып, әлеуетін әсте әспеттей бермеген қоғамда әуре-сарсаң күймен өмір кешкен әжелеріміздің қилы тағдыры жетерлік. Солардың бірі Күләш Байсейітова туралы сериал түсірілді. Бірақ кім түсірді? Әңгіме сонда. Қазақ сахнасының киесіне айналған тұлғаларды кейіптеуге өзгеше академиялық деңгей, ғаламат суреткерлік қабілет, әйел әлеміндегі қуаныш пен күйзелісті түйсінетін және түйсінте алатын терең түйсік қажет. Ал әр нәрсенің басын бір шалатын жолбикелердің қазақтың қайраткер перзенттерімен «ойнауға» моральдық құқы жоқ. Сондықтан режиссураны сахнадағы «гламурмен» шатыстыратын кемталант жандардың «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» сияқты 500 жылдан аса тарихы бар эпосты экрандауын ойлы көрерменнің сын садағына алуы әбден орынды. Өзіңіз салыстырып көріңізші, «Қыз Жібек» эпосын экрандауға кімдер қатысты?.. Режиссері Сұлтан Қожықов, сценарийшісі Ғабит Мүсірепов, музыкасын жазған Нұрғиса Тілендиев, ән мәтіндерін жазған Қадыр Мырзалиев. Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбеков, Әнуар Молдабеков, Кененбай Қожабеков, Меруерт Өтекешова сынды актерлік құрамының өзі қандай?! Әрине шығармашылық жол – ауыр жол. Бірақ қазақ халқы қайраткерлерін, әсіресе өнер майталмандарын қадірлей біледі, төбесіне көтереді. Әгәраки, жұрт жүрегіне жол тапқан шығарма жазылса автордың да бағының жанғаны. Бүгінде еліміз бұл кесек дүниелерді толғатып жатыр деп сенейік. Әрине ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас, соңғы 10 жылдықты шиырлайтын болсақ, кинотуындылардың арасында қазақы бояуы қанық, тілі кестелі «Біржан сал» көркем фильмі биографиялық фильмдердің ғана емес, ұлттық картиналардың да қатарына қосылған қазына іспетті әсер қалдырғаны рас. Сол себепті жан-жақты жіті бақылап отырған көрермен көңілінен орын табу да, оларды жетелі көрерменге жетелеу де бәсі биік өнерді қажет етеді.
Бүгінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өнер мен мәдениетке айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Кеше ғана Ұлыбританияда Кембридж университетінің баспасы қазіргі қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін ағылшын тіліне аударуға һәм таратуға келісімін берді. Сол сияқты қазақ актрисасы Самал Еслямоваға Канн фестивалінің талғампаз киносүйер қауымы тік тұрып ұзақ қошемет көрсетті. Иә, қазіргі қазақ өнерінде, мейлі экранда, сахнада, әдеби туындыда болсын, шынайы шығармашыл, таланты тас жаратын жандарды табу, оларды ортақ мүддеге шоғырландыру арқылы өшкен отты қаузауға болады. Қадыр Мырзалиев айтқандай, «Өткен өмір – өшкен от. От түгіл, өлімсіреген шоқтың өзі қымбат. Үрлеп-үрлеп қайта тұтатқың келеді...». Биографиялық фильмдердің бәсін биіктетер болсақ, біз өткенімізді де, өшкенімізді де, өзімізді де табатын боламыз.