17 Желтоқсан, 2011

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың МӘЛІМДЕМЕСІ

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше, 2011 жылдың 16 желтоқсаны күні сағат 11.30-да Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы мерекелік іс-шара кезінде бір топтың қылмыстық әрекеті салдарынан жаппай тәртіпсіздік орын алды. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойын мерекелеу үшін орталық алаңға жиналған бейбіт азаматтар бұзақылардан құралған топтың шабуылына ұшырады. Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған бұзақылар поли­ция қызметкерлеріне шабуыл жасап, жаңажылдық шыршаны құлат­ты, мерекеге байланысты қойылған отау мен сахнаны қиратты және полицияның автобусын өртеп жіберді. Бұзақылар бейбіт тұр­ғындарды ұрып-соғып, алаңға таяу тұрған автокөліктерге зақым келтіре бастады. Басбұзар топ заңсыз әрекетті тоқтатуға шақырған құқық қорғау орган­дарының ескертулерін тыңдамай, тәртіп сақшыларына қаруларын тартып алу мақсатында шабуыл жасады. Бұзақылар оқпен ататын және суық қарулар қолданды. Жаппай тәртіп бұзушылық кезінде қалалық әкімдік ғимараты, қонақ үйлер және «Өзенмұнайгаз» компаниясының әкімшілік ғимараты өртенді. Сонымен қатар, жеке және заңды тұл­ғалардың мүліктері қирады, автокөліктер жалынға оранып, банкоматтар тоналды. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, жаппай тәртіп бұзушылық салдарынан 10 адам қайтыс болды, жараланғандар арасында полиция қызметкерлері бар. Жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республи­касының Ішкі істер министрі Қ.Қасымов бастаған жедел тергеу тобы қылмыстық әрекеттердің алдын алу, жаппай тәртіпсіздікті ұйым­дастырушыларды табу және жазаға тарту, қаладағы қоғамдық қауіп­сіздікті қалпына келтіру мақсатында Жаңаөзен қаласына ұшып шықты. Бас прокуратура тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларға олардың заң алдындағы жауапкершіліктерін ескертіп, заң бұзушылық әрекеттерді тоқтатуға шақырады. Құқық қорғау органдары азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныш­тығын бұзатын барлық әрекеттерге тосқауыл қояды.