Партия хатшысы Оқушылар сарайының базасында ашылған IT сыныбының аясында қолға алынып жатқан жұмыс барысымен танысты. Мұнда Андрей Дупик жетекшілік ететін үйірме балаларды үйіріп алған дерсіз. Оқушылар сарайында «Нұр Отан» партиясы мен қалалық білім басқармасының қолдауымен ашылған IT сыныбында шәкірттер жазғы лагерь режімінде білікті мұғалімдерден қарапайым алгоритмдердің тізбесі мен түрлі бағдарлау, web-caйттар және компьютер ойындары, 3D-модельдеу, анимацияларды жасаудың қыр-сырын үйренеді. Балалар өз білімдерін «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсеноваға көрсетіп, жобаларымен таныстырды.
Қазақстанда барлығы 7 мыңға жуық мектеп бар. Осы мектептерде «Нұр Отан» партиясы 1000 IT сыныбын ашуды жоспарлап отыр. 2020 жылдың соңына қарай әр мектепте мұндай факультативтік кластар болуы тиіс. Бүгінде еліміз бойынша осындай 89 сынып ашылды.
«Барлық балалар инженер және бардарламашылар болуы керек деп міндеттеу емес. Ең бастысы, олар мектеп бітірген соң жаңа ақпараттық кеңістікте өздерін еркін бағдарлай білуі тиіс. Біз IT сыныптың көмегі арқасында жас ұрпақ өкілдерінің цифрлы сауаттылығын арттырып қана қоймай, кәсіби бағдарламашы-маман ретінде ақпараттық технологияның дамуына үлес қосады деп үміттенеміз», деді Т.Дүйсенова.
Сондай-ақ партия хатшысы Алматыдағы «SmArtPointAlmaty» коворкинг орталығының жұмысымен танысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған нысан креативті және заманауи тұлғаларды, сондай-ақ қоғам үшін іскерлік пен мәдени құндылықтарды туғызады. Мұнда жоғары технологиялар мен бизнес саласында жұмыс істейтін 40-қа жуық компания орналасқан. Бір артықшылығы, тәулік бойы қызмет көрсетеді.
Орталықта жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған қажетті техникалармен және жиһаздармен жабдықталған конференц-залдар да жұмыс істейді. «Коворкинг орталығы толыққанды кластер, онда бизнесті жүргізу үшін барлық қажетті қолайлы және шағын кеңселер, демалыс орындары мен спортпен айналысуға арналған бұрыш қамтылған. Менің ойымша, осында талапты жастар өзінің бағын сынап, өмірде өз орнын табады», деп атап өтті Т.Дүйсенова.
Статистикалық мәлімет бойынша, Алматы халқының жартысын, яғни 800 мың адамды жасы 14-тен 35 жасқа дейінгі жастар құрайды.
Сапар соңында партия хатшысы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының жаңартылған қызметімен танысты. Орталықта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізілген. Осылайша жастарға арналған интеллектуалдық орталыққа айналды. Кітапханада кітаптармен, электронды ақпаратпен жұмыс істеуге, ғылыми-танымдық фильмдерді көруге мүмкіндік беретін заманауи Open space бөлмесі мен тегін Wi-Fi бар.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ