Түйткіл енді басталды
Көктемде Италия саяси дағдарысқа тап болып, ұзақ уақыт үкімет бекітілмей әуре-сарсаңға түскен-тұғын. Елдегі осы мәселе туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жылғы 7 маусымдағы санында жариялаған едік. Саяси дағдарыс аяқталып, жаңа премьер-министр сайланғанымен, Италия түйткілден біржола арылған жоқ. Кейінгі оқиғалар Апеннин түбегін жаңа сынақ күтіп тұрғанын анық байқатты.
Сайлауда жеңіске жеткен популистік коалиция экономист Паоло Савонаны қаржы министрі лауазымына тағайындауды ұсынған болатын. Алайда «Италия еуроаймақтан шығуы тиіс» деп санайтын оны ел президенті Серджо Маттарелла құп көрген жоқ. Италия басшысы еуродан бас тартпас бұрын басқа тараптармен ақылдасу қажеттігін алға тартты. Әрі ел үкіметі еуроаймақтан шықпайтынын мәлімдеп те үлгерді.
Негізінде 1996 жылы еуроаймаққа енген Италия ортақ валютаның микроэкономикалық тиімділігін аз көрген жоқ. Мәселен, соның арқасында көрші елдермен сауда байланысы кезіндегі транзакция құны арзандады, туризм дамып, көптеп инвестиция тартылды. Бірақ ортақ валютаның әсерінен еуроаймаққа кіретін бүкіл ел ортақ қаржы саясатын ұстануға мәжбүр. Ал мұндай қадам бір елдің оң жамбасына келсе де, екіншісіне қолайсыз болатыны белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда Италия ұтылғандар тарапында.
Көптеген сарапшылар П.Савонаның пікірі салмақты деп есептейді. Тіпті еуродан бүгін-ертең бас тартпаса да, еуроаймақтан шығу туралы жоспарды әзірлеп қою артық етпейді.
Экономикалық ахуал
Джордж Мейсон университетінің профессоры Дэвид Бекуорт Еуропалық орталық банк ұстанған саясат Еуропалық одақтың негізгі мүшелері үшін қолайлы, ал қалғандары үшін тиімсіз жасалғанын алға тартады. Оның пайымдауынша, қаржылық саясат 2008-2009 жылдардағы дағдарысқа дейін Италия, Португалия, Грекия секілді мемлекеттерге еркіндік берсе, одан кейін түрлі шектеулер қойылған. Нәтижесінде еуроаймақтың үшінші үлкен экономикасы саналатын Италия бірқатар шектеулерге тап болды.
Кейінгі уақытта Апеннин түбегіндегі экономикалық жағдай күрделеніп барады. Мәселен, 2016 жылы Италияның нақты ішкі жалпы өнімінің көрсеткіші 2001 жылғы деңгейге дейін құлдыраған. Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында Италияның сыртқы қарызы 2,3 триллион еуроға жеткен. Елде жұмыссыздар саны артып барады. Мысалға, 25 жасқа дейінгі әр үш италиялықтың біреуі істерге әрекет таппай сандалып жүр.
Жалпы, еуроаймақтағы ахуал да керемет емес. 2008 жылдан бастап ондағы нақты ІЖӨ көлемі 3 пайызға ғана көбейген. Салыстырып қарайтын болсақ, еуро айналымға енгеннен кейін бір жылдан соң АҚШ экономикасы еуроаймақтан 13 пайыз көп болса, бүгінде арадағы айырмашылық 26 пайызға жеткен.
Грекиядағы дағдарыс басталғанда Еуропалық одақта бірқатар мәселелер мен түйткілдер туындаған. Халықаралық қаржы қоры мен ЕО осыған байланысты эллиндерге бэйл-аут жасауға келіскен-ді. Тіпті түймедейді түйедей көретіндер де Грекияның дағдарысы басқаларға әсер етпейді деп есептеген-тұғын. Бірақ жағдай күткендей болған жоқ. Эллиндердің соңын ала басқа елдер де қиындыққа тап келді. Осының салдарынан Еуропалық орталық банк PIGS деп аталып кеткен мемлекеттер – Португалия (P), Италия (I), Грекия (G) және Испанияға (S) бэйл-аут жасауға тура келді.
Financial Times журналисі Мартин Вольф Италияны қаржылық дағдарыстан шығуға қабілетті деп есептейді. Өйткені, ел экономикасы әлемде ең әлеуеттілер қатарынан саналады. М.Вольфтың пікірінше, Италия экономикасының әлеуетті болуы оны күйреуден сақтайды. Алайда бұл оны қорғап қалуға да қиындық туғызады.
Ендігі қадам қандай болмақ?
Еуроаймақтағы қаржылық қиындықтың туындау себебіне үңілгенмен, енді оның пайдасы шамалы. Еуродан бас тарту қажет пе, жоқ па? Италия үшін ендігі міндет сол болмақ. Нобель сыйлығының лауреаты, экономист Джозеф Стиглицтің сөзіне қарағанда, еуроны сақтап қалу үшін Германия тарапы нақты шаралар қабылдауы қажет. Дж.Стиглицтің айтуынша, түйткілдің шешімін бәрі біледі. Қазіргі таңда әлсіз елдерден қаржы капиталы қуатты мемлекеттерге кетіп жатыр. Мұның шешімі ретінде бірқатар реформалар жасау қажет. Алайда ең басты мәселе – Германияның оны орындауға құлшынысына байланысты.
«Егер Германия валюта одағын дамытуға қатысты қажетті шаралар қабылдамаса, ең дұрысы еуроаймақтан шығуы тиіс. Джордж Сорос айтып кеткендей, Германия көш бастауы немесе көште қалуы керек. Егер Германия (және солтүстік Еуропадағы елдер) валюта одағынан шықса, еуроның құны арзандайды. Бірақ Италия және баса да оңтүстіктегі мемлекеттердің табысы артады», дейді Дж. Стиглиц.
Алайда Германия, Бельгия секілді ауқатты мемлекеттердің еуроаймақтан шығуы екіталай. Ендеше, Италия билігіне басқа шешім іздеуге тура келеді. Оның бірі – еуродан бас тарту. Қысқа мерзім ішінде оның орындала қоюына сенім аз. Таяуда жүргізілген сауалнама Италия халқы банктер мен қарыздан қорыққандықтан ортақ валютадан бас тартпайтынын көрсетті. Бірақ уақыт өте келе еуродан туындаған қиындық тұрғындардың пікірін өзгертуі әбден мүмкін.
Оның үстіне, Италияда өнеркәсіп саласы жолға қойылған. Еуроаймақтан шығу елге дербес экономикалық саясат ұстанып, экспорттан түсетін пайданың артуына жағдай жасайды. Әрі туризмнен түсетін табыс көлемі де артады. Осының нәтижесінде үкіметке түсетін қаржы артып, жұмыссыздық көлемі қысқарады. Мұндай қадам халықаралық аренада Италияға артықшылық береді. Еуропа елдерімен сауда-экономикалық байланысты нығайтып, көші-қон саясаты секілді салаларда ынтымақтастық жасауға итермелейді.
Алда-жалда Апеннин түбегі еуроаймақтан шығуға шешім қабылдаса, оның құны қымбатқа түсуі де мүмкін. Оны болдырмас үшін ел билігі саяси және экономикалық құнын азайта отырып еуродан бас тартудың тиімді жолын табуы қажет.
Джозеф Стиглиц «арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» жол ретінде еуроны сақтай отырып, жаңа валюта енгізу қажеттігін алға тартады. Яғни сыртқы қарызды еуродан лираға ауыстыруы қажет. Еуропалық одақтың заңдық кедергілері мен Италияның халықаралық міндетін ескере отырып, мұны орындау үшін банкрот жөніндегі кодекске арқа сүйеуге тура келеді деп есептейді экономист. Немесе Италия мемлекеттік құнды қағаз шығарып, еуролық қарызын сонымен өтеуіне болады. Мұндай құнды қағаздар жиі девальвацияға ұшырап отыруы ықтимал. Әйтсе де, осы уақыт аралығында Италия елдегі қаржы саясатын жақсартып алуға мүмкіндік алады.
Италиядағы ахуалдың шешімі «қарт құрлықтың» келешегіне де әсер ететіні анық. Алда-жалда Еуропа одағы дұрыс шешім қабылдамаса, еуроаймақтың күйреуін болжау қиын емес. Әзірге Италияның нақты қандай шара қабылдайтынын басып айту қиын. Бірақ бұған дейін айтқанымыздай, ел билігі еуродан бас тартпаса да, уақыты келгенде «Аттила» операсында айтылғандай «Жер жаһанға иелік етсең де, Италияны маған қалдыр» деуге әрдайым әзір тұруы тиіс.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»