Әлем • 17 Шілде, 2018

Басқа басылымдардан. Пучдемон бүлікшіл емес

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Германия соты Каталонияның бұрын­ғы көшбасшысы Карлес Пучдемонды Испанияға экстрадициялау жөнінде ше­шім шығарды. Алайда оны дербес мем­лекет болуға талпынысы үшін емес, ре­фе­рендум өткізіп, бюджет ақшасын негізсіз жұмсағаны үшін айыптап отыр. 

Басқа басылымдардан. Пучдемон бүлікшіл емес

Испания билігі Пучдемонды бүлік бастады деген айыппен 30 жылға қа­мау­ға үміттенген болатын. Әйтсе де, Гер­мания сотының шешімі оған кедергі кел­тіреді. Пиреней түбегінде мемлекет қаржысын жымқырып, жемқорлық жа­са­ғандар 2-3 жыл аралығында түрмеге қа­малады. Ал алғаш рет қаржылық қыл­мыс жасағандарға кешірім жасалуы да мүмкін. 

Естеріңізде болса, Каталония былтыр тәуелсіздік алу жөнінде референдум өткізген болатын. Автономиялық ай­­мақ халқы егемендікті қолдаса да, Испа­ния билігі референдумды заңсыз деп таныды. 

Ақыры Каталония президенті К.Пучдемон бастаған бірқатар шенеу­нік­­тер қудалаудан қашып, 2017 жыл­ғы қа­занда Бельгияны паналаған еді. Өз кезегінде Испания соты оған ха­лық­ара­лық іздеу жариялады. Биыл Фин­лян­диядан Бельгияға көлікпен кетіп бара жатқан кезде Германия полициясы оны тұтқынға алды. 

Әзірге К.Пучдемонды Испанияға нақ­ты қай күні экстрадициялайтыны бел­­гісіз. Бұған дейін Испания жоғарғы соты­ның өкілі, Каталониядағы референдумға қа­тыс­ты істі жүргізіп жатқан судья Паб­ло Льярена Германия тарапы К.Пуч­де­монды бүлікке қарсы айып­та­ма­­са, Еу­ро­па жоғарғы сотына шағ­ым­да­на­тынын жет­кізген болатын Әзірге судья жа­ңа шешімге қатысты пікір білдірген жоқ. 

Дереа аймағы билік қолына өтті

Сирия мемлекетінің қарулы күштері көте­рілісшілер басқаратын Дереа қала­сын қайтарып алды. Ел президенті Ба­шар Асадқа қарсы бүлік осы қаладан бас­­талған. 

Үш апта бойы Ресей ұшақтары мен әс­ке­ри полициясының қолдауымен Сирия билігі сарбаздары бірнеше маңыз­ды операция жасады. Нәтижесінде әуе ша­­буылы мен зымыранмен атқылау бүлік­шілерге қиын тиді. 

БҰҰ қазіргі таңда аталған аймақтың екі жүз мыңнан астам тұрғыны со­ғыс сал­дарынан босып кеткенін кел­ті­ре­ді. Олардың 70 пайызға жуығы көр­ші Ку­нейтра провинциясында бас сау­ға­ла­ған. BBC арнасының хабарлауынша, Дереадағы бүлікшілер қаруын өз еркімен тас­­тауға келісім бергелі Иордания шека­ра­­сын паналаған он мыңдаған адам үйіне қайтып келген екен. 

Дереаны Б.Асад әскерінің қайтарып алуының маңызы зор. Өйткені шаһардың стра­тегиялық мәні ерекше. Оның үстіне, Дереадағы көтері­ліс­шілердің қаруды өз еркімен тастауының та­ғы бір себебі – елде деэскалация ай­мақ­­тарының құрылуы. Сирия мәсе­ле­сі­не қатысты Астана процесінің кезек­ті раун­ды кезінде осындай шешім қа­был­дан­­ғаны белгілі. Сол шешімге сәйкес, Иран, Түркия және Ресей кепілгер мем­ле­­кет ретінде Сирияда деэскалация ай­мақ­тарын құруға келіскен болатын. Бұл да Астана келіссөздерінің маңызын көр­се­теді. 

Трамп НАТО-ны сынға алды

Брюссельде НАТО-ның кезекті сам­миті өтті. Жиында ұйымға мүше мем­лекеттер басшылары ең маңызды мәсе­ле­лерді талқылады. Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ұйымның бас хатшысы Иенс Столтенберг бұдан әрі де Еуропа мен Солтүстік Америка бірлесе жұмыс жасай беретінін мәлімдеген. 

Сонымен қатар жиында Ирактағы жаттығу миссиялары жалғаса беретіні, Иордания мен Туниске қолдау көрсе­ті­ле­­тіні айтылды. Й.Столтенберг НАТО мү­шелері қорғаныс саласына бөлінетін қаржының ұлғаятынын да жеткізді. Биыл ұйымға мүше 8 мемлекет ішкі жалпы өнімнің 2 пайызын ортақ қорғанысқа бөлсе, НАТО-ның қалған мүшелері 2024 жылға қарай осы деңгейді бағындыруды жос­парлап отыр. 

АҚШ президенті Дональд Трамп сам­митте сөйлеген сөзінде ұйымға мүше мем­лекеттер қорғанысқа бөлетін қар­жы­ны ІЖӨ-нің 4 пайызына дейін ұл­ғай­туы қажет деп санайтынын мәлімдеді. Ал­да-жалда бұған келіспесе, Вашингтон ұйымнан шығатынын да жеткізді. Ақ үй басшысының мұндай шешімі баршаны таңғалдырды. 

Әзірге Д.Трамптың сөзі қаншалықты шынайы екенін тап басып айту қиын. АҚШ тарапы НАТО-дан шығуы үшін әуелі Сенаттың келісімін алуы тиіс. Яғни бұл ел президентінің ғана құзырындағы шаруа емес. Алда-жалда Ақ үй НАТО-мен қарым-қатынасын үзсе, альянстың әлсірейтіні анық. Ендеше, Д.Трамптың кезек­ті мәлімдемесі Еуропаның тағы да бас ауруына айналып отыр. 

Шолуды дайындаған 

Абай ОТАР