17 Желтоқсан, 2011

Тойға тілек

640 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қазақ елі өз Тәуелсіздігінің жиырма жылдығын үлкен табыстармен атап өтіп отыр. Бұл мемлекет халқының ақжарылқап көңіл-күйлерінен де анық аң­ғары­лады. Мұндай шаттыққа толы күндер азаймай, құт-берекемен толыға түссе, еңсеміз бүгінгіден де биіктей беретіні күмәнсіз. Төменде жарияланып отырған ақ тілектер бүгінгі мерейтойымыздың бағасын байқатқандай. Бақытжан ЕРТАЕВ, «Халық Қаһарманы». Бүгін Тәуелсіз елімізге 20 жыл толып отыр. Қазақстанның жүрегі Астанада осы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аталып өтті. Бұл Тәуелсіздіктің тари­хы, дәмі, табиғаты өзгеше. Себебі, егемендік еліміз, біздің бабаларымыз аңсап жүрген арманымыз еді. Міне, әруақтар бір аунаған шығар. 20 жылдай бүкіл дүние жүзі қазақтың кім екенін біледі. Шекарамыз бар, Туымыз бар, Әнұранымыз бар. Президентіміз ядролық қарудан бас тарту бастамасын көтерді. Семейдегі ядролық полигон жабылды. Жаңа Астанамыздың негізі қаланды. Бұлардың барлығы үлкен тарихи оқиғалар. Бүкіл елімізге, Қазақстан тұрғындарына, Отан қорғау сапында тұрған сарбаздарға ауған соғысы ардагерлері атынан, Қарулы Күштер ардагерлері атынан, өзімнің атымнан құттықтай отыра, кең-байтақ жеріміз тұтас болсын, 130-дай этнос өкілінен тұратын халқымыз бір ағайындай тату өмір сүрсін, біз маңдай терімізбен осы ізгі бақытты, егемендігімізді сақтайық деген тілек айтқым келеді. Гүлжиян СҮЛЕЙМЕНОВА, Алматы облысы ішкі саясат басқармасының бастығы. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында Қазақстан өзінің абыройын асқақтата білді. Экономикалық жағынан да, әлеуметтік саясат жағынан да жаңа өзгерістер, реформалар болды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы сынды әлемдегі жетекші ұйымдарға төраға­лық етті. Мұның барлығы түптеп келгенде Елбасы­ның абыройы. Мен 30 жылдай мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрмін. Елбасы «Қазақстан-2030» Стратегиясын қабылдаған кезде біздің мемлекетіміз аяғынан нық тұрғанда, экономикасы мықты болғанда ең алдымен қарттар мен жастарға көмектесем деп айтқан еді. Президенттің сөзі мен ісінің арасында ешқандай алшақтық жоқ. Мәселен, жастар саясатын іске асыруда Елбасының ұшқыр саясаты, халықтар достығы мен этно-мәдени орталықтардың ашылуы да үлкен жұмыстардың жемісі. Біздің Алматы облысының өзінде үлкен Достық үйі, Тіл сарайы салынды. Осының барлығы біздің халқымыздың дамуына, тіліне, ұлттық тұрғыда рухтың дамуына, ел ішіндегі этнос өкілдерінің татулығына сеп болғаны анық. Бұлардың барлығы Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдық белесінде бағындырған биік шыңдар деп айта аламыз. Біздің облысымызда «Тәуелсіздіктің 20 жылдығының 20 шыңы» деген тақырыпта үлкен шаралар өткізілуде. Мәселен, жастар саясатына байланысты стадионда 30 мың жасты жинап, «Менің елім Қазақстан» деген үлкен шеру өт­кіздік. Мен осындай оқиғалардың ішінде жүргеніме, осындай оқиға­лар­дың куәгері болғаныма өте қуаныштымын. Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, Олимпиада чемпионы. Кеше ғана Елбасының қолынан I дәрежелі «Барыс» орденін алуым спорттың қаншалықты биік тұғырда тұратындығын айғақтап берсе керек. Маған сонау 1980-жылдары тұңғыш қазақ ретінде Олимпиада чемпионы атағы жайдан-жай келген жоқ, әрине. Оған елдің, мыңдаған жанкүйерлердің арқасында да қол жет­­кіздім деп ойлаймын. Ол кезде қаншама қиын­дықты бастан өткізіп, 15 республи­каны жеңіп барып, үлкен сынға шығатынбыз. Сондық­тан, мен жас­тарға мынаны айтар едім: Егемен ел, Тәуелсіз мемлекет болғанымыз үлкен бақыт. Егемен ел болғалы, өз Тәуелсіз мемлекетімізден тікелей Олим­пиа­даға, түрлі әлем чемпионаттарына жолдама алып жатыр­мыз. Осының өзі біле-білген адамға үлкен бақыт. Сондықтан, қазіргі жастар өте бақытты. Елбасының өзі де спортты өте жақсы көреді. Кеше ғана маған: «Лондон Олимпиадасында кездесейік» деп айтқан еді. Осы орайда, Лондон Олимпиадасынан чемпион­дарымыз көптеп шыға берсе екен деп тілеймін. Міне, еліміз Тәуелсіздіктің 20 жылдық белесін бағындырды. Құдай қаласа, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында, 40 жылдығында да кездесе берейік. Елімізде тыныштық болсын, ұрпақтарымыз аман болсын, солар бақытты болсын деп тілеймін. Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы.           Мен мәдениет саласында қызмет етіп жүрген­нен кейін осы 20 жылдың ішінде мәдениеттің қай саласында болсын үлкен жетістіктерге қол жеткіздік деп айта аламын. Неге десеңіз, бұрын, шетелге шыққанда Кеңес Одағы атынан ән айтып, би билеп жүретін едік. Қазіргі күні біздің ең мықты әнші­леріміз, ең мықты әртістеріміз, суретшілеріміз, кинематографистеріміз үлкен деңгейге шықты. Басқа дамыған елдермен терезесі тең болды. Солармен бірге, қандай сайыста, қандай байқауда, қандай фестивальде болсын бірге жүретіндей деңгейге жетті. Біз соған қуанамыз. Кезінде Мәдениет министрі болып қызмет етіп жүргенде өзім оқытқан балалардың үлкен дәрежеге жеткеніне қуанамын. Егемендік деген, Тәуелсіздік деген шығармашылыққа үлкен кеңістік береді. Сон­дықтан, осы жетістіктерімізді шетел жұртшылығына көрсет­кенде, жеткізгенде бойы­мызды қуаныш сезімі билейді.  Егер, өзімнің отбасыма келсем, осы 20 жылдың ішінде балаларым өсіп, ержетті. Үлкен немерем 18 жасқа толды. Яғни, Тәуелсіздікпен бірге ержеткен балаларым мен немерелерім бүгінде Қазақстанның нағыз азаматтары. Олар егемендікпен бірге есейіп келеді. Сондықтан, мен Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – жастарымыз аман болсын, елімізге аянбай еңбек етсін деп тілеймін. Дос КӨШІМ, саясаттанушы. Тәуелсіздік дегенде осы жолда өмірлерін сарп еткен арыстарды, 300 жыл бойғы халықтың ар­манын, сонау Кенесары атамыздан бастап бүгін­гі замандағы желтоқсандықтарға дейінгі азаттық­ты аңсаған азаматтарды есіме алғым келеді. Тәуелсіздік бізге Беловеж нуында қол қойылған құжатпен келе салған жоқ, осы жолда қаншама еңбек болды. Өкінішке орай, осыны кейде ұмытып кетеміз. Бүгінгі Тәуелсіздіктің 20 жылдығын ел болып атап өту шынында, өлшеусіз қуаныш.  Тәуелсіздік бізге алдымен мүмкіндіктер берді. Бұрын біздің билігіміз өзгеде болғанда барлығын солар шешетін. Ал енді осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, лайықты қоғам құру біздің бабалар алдындағы борышымыз. Өйткені, бабалар арманын жүзеге асыру мүмкіндігі тиіп тұрғанда, оны лайықты атқара алмау бүгінгі буынға артылған үлкен сын болмақ. Егер оны атқарып шықпасақ, ол тарих алдында кешірілмес айып болар еді. Сондықтан, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлап тұрып, алқалы жиынға келіп тұрып, мендегі ең асыл арман –бабаларымыз армандаған Қазақ елінің жарқын болашағы. Мұраттың үлкені осы. Бейсенғазы СӘДУҰЛЫ, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі. Бүгінгі күн мен үшін өте қуанышты күн. Жалпы, желтоқсан деген ұғыммен тәуелсіздік қатар аталатындай. Желтоқсан айында халық­тың бұлқынып тоталитарлық жүйеге қарсы шыққандығынан, осы айда азаттыққа қол жеткізілгендіктен бұл ай қазақ үшін ерекше деп білемін. Биыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы. Желтоқсанда алаңға шыққан жауқазын жастардың жалынды жүректеріндегі арманның жүзеге асқаны. 25 жыл бұрын қазақтың жеке елі болса, тілінің өрісі кеңейсе, өз ұланы елін басқарса деген, арманын ту еткен жастар бүгінде осы тәуелсіз еліне еңбек етіп, оның ырысын молайтуға атсалысуда. Бүгін солардың біразының кеудесіне мерекелік медальдар тағылды. Әрине, біз сонда алаңға шыққанда тәуелсіздікті армандағанымызбен бүгінгідей 20 жылдықтың куәсі боламыз, өзіміз дәл сол заманда өмір сүріп, азаттықтың дәмін татамыз деп ойлаған жоқпыз. Алдымен, осыған шүкіршілік деймін. Екіншіден, елімізді әлем танып, Қазақ­стан халықаралық беделді ұйымдардың төрағалығын табысты атқарып, шақырылмай кеткен Саммитті де абыроймен өткеріп шықты. Осының барлығы қазақ баласының ортақ қуанышы. Еліміз­дің тәуелсіздігі баянды болсын. Нағашыбай МҰҚАТОВ,  ақын. Тәуелсіздік туралы ойланғанда мен алдымен күрсініп аламын да, содан кейін барып қуанамын. Күрсінетінім – кешегі арыстар, бабалар осы күнді көрмеді-ау дегендіктен болса, қуанатыным – олар көрмегенімен, ұрпақтары сол заманға жетіп, азаттықтың дәмін татып жатыр. Тәуелсіздік қазақ үшін маңдайға біткен бақыт. Бүгін Тәуелсіздік сарайына еліміздің барлық аймағынан делегациялар келіп отыр. Біз мұнда Қостанайдан келдік. Шынын айтқанда, Қостанай алтын астықтың отаны. Кезінде Кеңес дәуірінің өзінде миллиондап астық өсіретін Қостанай жұрты енді егемен елінің қуатын еселеуде. Осы жолда аянбайды. Менің ақын жүрегім, осындай қуанышты сәттерде ерекше толқиды. Тәуелсіздік пәленбай жылдан бері тұтасып тұрған қалың бұлтты бұзып-жарып келген арайлы таң, шұғыласын жан-жағына мейірлене шашып жатқан жылы шуақ. Сол шуаққа бүгін жылынып отырмыз, тәуелсіздікті ұрпақ көріп жатыр, ардагерлер куә болып жатыр, балалар, немерелер көруде, осыны ойлағанда кеудені қуаныш кернейді екен. Ең бастысы, тәуелсіздігіміздің ертеңі жарқын болсын. Арғынбай БЕКБОСЫН, еңбек арадагері. Алланың мұнысына шүкір. Еліміздің тәуел­сіздік алғанына 20 жыл толып отыр. Осындайда еріксіз еске өткен тарих түседі. Ол бір жағынан қастерлі тарих, бір жағынан қасіретті тарих. Осы жолда шейіт кеткен ұлдарын бар қазақ болып еске алатын, құрмет тұтатын күн деп білемін. Халқы­мыздың көз жасын, төгілген қанын Жаратқан ие көрген болар, шеккен зәбір-жапаның өтеуіндей Тәуелсіздік таңы атты. Бұрын біреу біліп, біреу білмейтін Қазақ­станды бүгінде әлемнің шартарабында танып, оның бастама­ларына құрметпен қарап жатады. Адамзат қауымдастығынан ойып тұрып орнымызды алдық. Оған осы кейінгі жылдары Астанада өткен ірі халықаралық форумдар куә. Тіпті, кейде Қазақстан, оның жас Астанасы әлемнің рухани орта­лы­ғы­ның бірі деген пікірлер де естіліп жүр. Бұл сөзде де қисын бар. Өйт­кені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған еліміздің бейбітсүй­гіш, жұртшылықты қоғам­дасуға шақырған саясаты жұртшылыққа осылай дегізіп жүр. 20 жыл мемлекеттігіміздің қалыптасу, әлемге танылуы, көшін түзеген кезеңі болса, енді өрлеу, өркендеу, тіпті, самғау заманы келе жатыр. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.