Жергілікті қылқалам шебері, кескіндемешінің көрмесіне қойылған туындыларының әрқайсысының астарында өзіндік философиялық мағына бар. «Дала», «Алтын адам», «Абылай хан», «Қанжығалы Бөгенбай», «Қанай би», «Көкшетау», «Оқжетпес» картиналары ел тарихынан сыр шертіп тұр. «Жорық алдында...» атты туындысында Абылай хан мен Бұқар жырау, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, батыр Баян бейнеленіп, көрерменнің көз алдына сан ғасырлар сорабын әкеледі. Бұл туынды республикалық каталогқа енген.

Суретші Дулат Қоспановтың туындылары Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде, Қазақстан Республикасы Көркем көрмелер басқармасында, Қытай, Ресей, Америка, Жапония, Германия, Балтық елі Литвада, еліміздің басқа да қалаларындағы галереялар мен жеке адамдар қорында сақтаулы.

Суретшінің өзіндік қолтаңбасы бар. Оның тарихи туындылары адамды қиял қанатында сөз жеткізсіз ғажайып өнер әлеміне жетелей түскендей. Ғұмыр жолының қырық жылын өнер саласына арнаған айтулы суретшінің қылқаламынан туған туындылар келер ұрпаққа рухани азық болары анық.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
КӨКШЕТАУ