Аймақтар • 17 Шілде, 2018

Инновацияға толы киіз үй

511 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шіліңгір шілдеде облыс орта­лығында Шалқар ауданының күн­дері өткізілді. Осы бір шырайлы шаралар кезінде Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Пре­зиденті атындағы орталық демалыс саябағында жаңаша үлгіде тігілген киіз үйге назарымыз ауа берді. 

Инновацияға толы киіз үй

Шалқар аудандық білім бө­лімінің бас маманы Дидара Ақ­малайдың айтуынша, бұл әдет­тегі ағаш үйлердің бірі емес, «жа­сыл экономика» мен «жасыл әлем» стандарттарына сәйкес құрас­тырылған инновациялық киіз үй болып шықты. Оның бұған дейін­гі көз үйренген киіз үйлерден артық­шылығы мен өзгешелігі қандай? 

– Заманауи үлгіде жабдықталған әрі түрлі түстермен көмкерілген ІТ ағаш үйдің ішіне физика пәні мұғалімдері мен оқушылардың бірлесіп жасаған туындылары қо­йылды. Мұндағы жергілікті жаңа­шылдардың қолынан шыққан күн мен желдің қуатын пайдалану арқылы жұмыс істейтін қон­дырғылар мен аспаптар ешкімді енжар қалдыра алмайды. Сонымен бірге ащы суды тұшыту құралдары да көпшіліктің қызығушылығын туғызып отыр, – дейді Шалқар қаласындағы №7 орта мектептің директоры Гүлсайран Ыбыраева. 

Расында да қара дүрсін емес, тиісті ғылыми-зерттеулер мен жұ­мыс­тардың нәтижесінде туын­даған өміршең техникалық құралдарды сериялық өндіріске қойса өзін-өзі толығымен ақтар еді-ау деген ой көлденеңдей береді. Дәл осы тұста өзіміз тікелей куә болған жаңа­шылдықтың бір көрінісі туралы айта кетсек, велосипед тебу арқылы ұялы телефонның қуатын толтыруға болады екен. Мұндай мысалдар жеткілікті. Осындайда еріксіз жарайсыңдар шал­қарлық жас өрендер, дегім келеді.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы