Қазақстан • 17 Шілде, 2018

Астана арбатындағы фестиваль

533 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арқа төсін дүбірлеткен Астана тойы әлі де тарқай қой­ма­ғандай. Қоғамдық даму министрлігінің Жастар сая­саты департаменті респуб­ликалық жастар ұйымдарымен бірлесіп елорда арбатында «Жан жүрегім – Астана!» атты жастар шығармашылық фес­тивалін өткізуі соның дәле­лі болса керек.

Астана арбатындағы фестиваль

Фестиваль аясында Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне арналған бұқаралық-мәдени іс-шаралар ашық аспан астында ерекше көтеріңкі көңіл күйде өтті. Ав­тошеру флешмобы, шахмат бойынша блиц-турнир, күй-шеру, жастар арасында гитарада танымал ән­дерді орындау, қолөнершілер бұ­йым­дарының көрмесі сынды түр­лі жанрдағы қызықты шаралар жас­­тар­дың көтеріңкі көңіл күйімен ме­­реке сәнін онан сайын арттыра түсті. 

Аталған іс-шараға Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев және Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысып жастардың жарқын бастамасына қолдау көрсетті. Игі істен еліміздің эстрада әншілері де сырт қалмаған. Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина бастап, Қанат Үмбетов, ағайынды Жүгінісовтер қостаған басқа да әншілер ән салып фестиваль көрігін қыздырды.

«Фестиваль өткізудегі мақсат – жас­тардың азаматтық және шы­ғармашылық белсенділігін арттыру болып табылады. 20 жыл ішінде елорда жастардың қаласына айналды. Бүгінгі елордада жастардың қатысуымен аса көп қаржылық шығынсыз ауқымды және жаппай іс-шараларды өткізу үшін барлық жағдайлар мен мүмкіндіктер жа­салаған. Бүгінгі «Жан жүрегім – Астана!» жастар шығармашылық фестивалі осының дәлелі», дейді Қоғамдық даму министрлігінің Жастар саясаты департаментінің басшысы Асхат Оралов.

Аталмыш шара республикалық жастар ұйымдарының бастамасы бойынша ұйымдастырылған. Атап айтқанда, «Қазақстан жастар конг­ресі», «Жасыл ел», «Жас ұлан», ұйым­дары, «Қазақстан КВН одағы», РМК «Ұлттық Дельфий комитеті» ҚҚ, «Қазақстан студенттерінің альянсы» ҚҚ, сондай-ақ Қазақстан Рес­­пуб­ликасы Президентінің «Бо­ла­­шақ» халықаралық стипен­диясы сти­пендианттарының қауым­дасты­ғы қолдау көрсеткен.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»