Медицина • 18 Шілде, 2018

«Айбын» асқақтаған күн

844 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен Қарағанды облысы аумағындағы «Спасск» оқу орталығының полигонында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен төртінші «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу рәсімі өтті.

 

«Айбын» асқақтаған күн

Аталған іс-шараға, сондай-ақ Қарағанды облысының әкімі Ер­лан Қошанов, Парламент депутаттары, Қазақстан Қарулы Күш­терінің ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы республикалық шта­бының мүшелері, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, әскери-патриоттық клубтардың, республикалық «Жас Ұлан» мектебінің және облыстардағы әскери мектеп-интернаттардың 600-ден астам тәрбиеленушісі қатысты.

Мемлекеттік хатшы өзінің құттықтау лебізінде Елбасы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жо­ғарғы Бас Қолбасшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың: «Мемлекет әрдайым өз қауіпсіздігін және шекарасының беріктігін ойлауға тиіс» деген сөзіне назар аударды.

– Сондықтан әрбір қазақ­стан­дық әрдайым жауапты әрі мәртебелі миссияға – туған елін, Қазақстанымызды қорғауға дайын болуы керек деп санаймын. Бұл – кез келген азаматтың қастерлі борышы ғана емес, ең алдымен, Отан қорғау жолында мәңгілік даңққа, халық сүйіспеншілігіне бөленген бабаларға, әкелеріміз бен аталарымызға деген тағзым мен құрметтің белгісі, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Ал Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров еліміздің дамуы мен келешегі жастарға тікелей байланысты екендігін атап өтті.

– Жастарға тәрбие беру ісінде әскери-патриоттық жұмыстың мәні өте зор. Сондықтан жас­тар­дың үлкен жиынын өткізіп келе­міз. Биылғы жиынның ерекшелігі – Қарулы Күштердің, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің Шекара қызметіне қарасты әскери бөлімдері мен мекемелері жанынан құрылған әскери-патриоттық жиындардың тәрбиеленушілерінің қатысуы болып отыр, – деді Т.Мұхтаров.

Оның айтуынша, соңғы жылдары еліміздің аумағында кадет сыныптары көптеп ашыла бас­таған. Атап айтқанда, минис­тр­лік жуырда ғана Астана әкімді­гімен бірлесіп елорданың 20 жыл­дығына байланысты 30 кадет сы­ныбын ашты. Мұндай топқа қа­былданған жастар басқа пән­дермен бірге, әскери маман­дық­тың қыр-сырын, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін, робот тех­ни­ка­сының негіздерін үйренуде.

– Бізді жастар арасында өмірін әскери саламен байланыстырғысы келетін өрендердің көптігі қуан­тады. Олардың қазірдің өзінде отан қорғаушылармен бір сап­та тұруға құлшыныстары жоға­ры. Осы әрі күрделі, әрі мәрте­белі ма­мандықты таңдауға әскери-пат­­риоттық тәрбие беру орталық­тарының әсері мол, – деді генерал-лейтенант.

Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің деректеріне қарағанда, Астанада Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті, Қазақ­стан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы атындағы әс­ке­ри-патриоттық бағыттағы демалыс және мәдениет саябағын салу жоспарланған.

Іс-шараға қатысушыларға құттықтау сөзін арнаған Қара­ғанды облысының әкімі Ерлан Қошанов та «Айбын» жиынының патриоттар ұстаханасына ай­нал­ғандығын атап өтті. Сонымен қа­тар облыс әкімі барлық қаты­сушыларға осы айтулы шараның тиімді әрі пайдалы болуына ті­лек­­тес­тігін білдірді. 

«Айбын» жиынына еліміз­дің түпкір-түпкірінен жинал­ған жастардың барлығы дерлік ай­мақ­тардағы әскери-патриот­тық жиындардың жеңімпаз­дары болды. Оларға іс-шараның ашылу рәсімінде Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің бөлім­шелері тарапынан жас патриот­тарға әскери өнердің қимыл-әре­кеттері көрсетілді. Әсіресе, ық­тимал қарсыластарға әуеден және жерден жасалатын соқ­қы­лардың, әскери қас шеберлердің өнерлерін тамашалаған жеткін­шіктер ерекше әсерге бөленді. Со­лардың қатарындағы ақтөбелік Әлішер Қартбай әкесінің жолын қуып әскери салаға таңдау жаса­ғандығын, енді жиындағы көрі­ніс­терден кейін Кеңес одағы­ның екі мәрте батыры Талғат Бигел­динов атындағы Әуе қорға­ныс күштері әскери инсти­ту­тына оқуға түсіп, әскери ұш­қыш атануға түпкілікті шешім қабыл­да­ғанын жеткізді.

– Аймақтарда осы жиынға келудің өзі оңайға соққан жоқ. Алайда облыстық жиында биік кермеге 25 рет тартылып, ав­то­матты қаруды 13 секундта жар­тылай бөлшектеп-құрас­тырып жеңімпаздардың қатары­нан көріндім. Ал «Айбын» жиы­нындағы көріністер менің арма­ныма қанат бітірді, – дейді Ә.Қартбай. Ал осы Әлішердің бо­йындағы сезім ұшқыны барлық қатысушылардың жанарларынан байқалып тұрғандығын да айта кету керек.

Жалпы бес күнге созылатын «Айбын» республикалық әс­кери-патриоттық жастар жиы­нының жоспарына сәйкес Қарулы Күш­тер құрамына кіретін әскер түрлері өкілдерінің жиынға қаты­су­шылармен «Ұлы дала әскері – «Мәңгілік Ел» тірегі!» атты та­қы­рыптағы интерактивті кездесуі, сонымен қатар «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, робот техникасы бойынша «Менің роботым» конкурсы, алау түбінде «Айбын жалыны» атты қызықты кеш, спорттың әскери-қолданбалы түрлерінен және жауынгерлік дайындық пәндерінен көптеген сайыстар ұйымдастырылды.

Тәрбиеленушілер, сондай-ақ әскери-патриоттық жастар жиы­ны аясында әскери дайындық мектебінен өтіп, әскери техниканың және Қазақстан әскеріндегі қару-жарақтың заманауи үлгілерімен танысты.

Сонымен қатар жиын аясын­да «Айбын – жұлдыздық мекені» бел­гісі мен «Тілек білдіру ағашы­ның» салтанатты ашылуы да өтті.

Соңында Мемлекеттік хатшы жиынға қатысушыларға сайыс­тардың жақсы өтуіне, әрдайым рух сергектігі мен ерік-жігерлерін көрсетуіне, ешқашан жеңістен үміт үзбей, Қазақстанның нағыз пат­риоттары болуына ниет­тес­тігін білдіріп, толағай табыс тіледі.

Атап өтерлігі, еліміздің аума­ғында «Жас сарбаз» атты әске­ри-патриоттық қоғамдық қозға­лыс құрылып, әрбір облыста бөлім­шелері ашылып, бүгінде 73 мың­нан аса баланың басын біріктіріп табысты жұмыс істеуде.

Қоғамдық қозғалыс арқылы бү­гінге дейін әскери-патриоттық тәр­бие беру саласында бүкіл­ре­сейлік «Юнармия» әскери-пат­риоттық қозғалысымен, Қызыл­орда облысының әкімдігімен ын­ты­мақтастық туралы меморан­думға қол қойылған. Дәл осындай құжатқа төртінші жиын аясында Қарағанды облысының әкімдігімен арада қол қойылды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»