Негізі, Тобыл өзені бойындағы көптеген көне ескерткіштер тың көтеру кезінде трактор табанының астында қалғаны, ұлттық құндылықтар керек болмай, ана тіліміз есіктен қарап қалған кезеңде ұмытылып жойылып кеткені белгілі. Дегенмен халқымыз атамекенді қорғаған батырлары мен елдің рухани тірегіне айналған тұлғаларын ұмытқан жоқ. Әсіресе, тәуелсіздік алған жылдары өшкені жанып, өлгені тірілген халқымыз қасиеттеген тұлғалардың қараусыз қалып келген бейіттеріне белгі қойды, олардың есімдерін санада жаңғыртты. Таран ауданындағы Әйет өзенінің жағасында жатқан Жабағы батырдың бейітіне де ұрпақтары 2002 жылы ескерткіш тас қойды.
Аты аңызға айналған Жабағы батыр ХVІІІ ғасырда өмір сүрген. Ол туралы ел арасында аңыз-әңгіме көп болған, оның ұшы бүгінге дейін жеткен. Ел аузындағы аңызға қарағанда, Қыпшақ даласына ат қойып келген қалмақтардың үлкен тобы Жабағы батыр ауылының дәл іргесінде жеңіліп, ажал құшады. Жасанып келген жауға қарсы қайрат қылып, қойдай қырса да, бұл кезде шау тартып қалған батырдың астындағы атына оқ тиіп мертігіп, ерден ауып түседі. Жаяу соғысып, қылыштасып жүргенде ту сыртынан атылған оқтан жаралы болады.
Бұл жарадан сау қалмасын білген қолбасшы сонда жұртты жинап: «Атаңа нәлет қалмақтардың өлігін сасытпай, үлкен шұңқыр қазып, бәрін бір жерге көміңдер, ал күні ертең мен о дүниелік болып кетсем, сол шұнқырдың үстіне оба үйіп, төбеге өзімді жерлеңдер, ата жауымыз тұрып кетіп жүрмесін, үстінен басып жатайын» десе керек. Батырдың өсиетін елі бұлжытпай орындаған. Жазықтағы бүгінде шөгіп кеткен жалғыз төбенің қолдан үйілгеніне күмән келтіру қиын. Батыр зираты, шынында да, қарауыл төбеге ұқсайды. Жабағы батыр елдің шетінде, желдің өтінде жастыққа жантайып жатқандай.
Батырдың бейіті жатқан жер уақыт өте келе Таран ауданының орталығынан бірнеше шақырым жердегі Әйет өзенінің жағасындағы Журавлев ауылының қорымына айналған. Кейін Жабағы батырдың жанына оның жақын серіктесі Жамаңқара батыр жерленген. Бейітке жақын жердегі жырадан бұлақ ағып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, кәусар су қасиетті және оны ішкен адам сауығып, өзін сергек сезінеді екен.
Ақын Ақылбек Шаяхметтің жазғанындай, сөз зергері Бейімбет Майлин Жабағы батырмен аталас. Ел аузында осы күнге дейін Жабағының бабасы Түгел туралы аңыз да сақталған. Би-ағаң ауылының шежіре қарттары бұрнағырақта былай деп жеткізіпті. «Ақжігіттің келіншегі босанып, ұл тапқанын естіген жұрт сол кезде Хан ордасына жақын болған Ақжігіттің баласына ат тауып қоя алмайды.
Сонда ханның өзі: «Ақжігіттің баласы маған да бала болады, ендеше баланың атын өзім қояйын, есімі Түгел болсын! Төрт құбыламызды түгендеп жүрсін!» деп батасын беріпті. Түгел ержетіп, жорықтарға қатысып, ерлігімен таныла бастайды. Жас жігіттің қысылтаяңда жау қашырған осындай бір ерлігіне ырза болған Абылай хан оған: «Не қалайсың? Қаласаң, бағымды да, тағымды да берейін», десе керек. Сонда Түгел: «Тағыңызды не қылайын, тақсыр, маған бағыңыз да жетеді. Бірақ Алла тағаланың берген бағы басыңыздан аумасын!» деп жауап беріпті», дейді. Түгел батыр Бейімбет өлеңдерінде де сипатталады.
Жабағы батыр мен оның батыр бабасы Түгелдің тулары осы күнге дейін оның ұрпақтарының қолында сақтаулы тұр. Жабағы батырдың бейітіне Таран ауданына жолы түскендер, ұрпақтары барып тәу етіп, құран бағыштап отырады. Батырлар бейіті де – ұлы даланың бір киесі.
Элмира АЛШЫМОВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің
бөлім меңгерушісі,
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ